Егіс егіп, бақша баптаған

467

0

Егіс егіп, бақша баптаған Көктемнің әр күні – жылға азық. Мұны әрбір дала перзенті терең түйсінеді. Қысы қытымыр келетін Қазалы ауданында ауа райы әлі де толық жылына  қойған жоқ. Десе де, күн қабағын бағып үйренген диқан қауым ұтырлы сәтті тиімді пайдалануға ұмтылуда.

Ағымдағы жылы Қазалы ауданында 17790 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілмекші. Оның ішінде күріш 6950 гектарға жеткізіледі деп межеленген. Барлық шаруашылықтарда күріш тұқымын тазалап, себу деңгейіне келтіру ісі жүргізілуде. Өткен жылы 2 гектар жерге күріштің Ираннан жеткізілген жаңа тұқымы өсіріліп, сынақ жасалған болатын. Биыл «Торем Хошеми» сортын «Сыр Маржаны» ЖШС 150 гектарға егуді жоспарлап отыр. Елу тонна тұқым алу үшін Иран Ислам Республикасымен келісімшарт жасалды.  

Егіске минералды тыңайтқыш пен күріш арамшөптеріне қарсы қолданатын  гербицид қорын мерзімінде жасау мақсатында Ресей мен Өзбекстандағы өндіріс орындарымен, Тараз қаласындағы фосфор зауытымен екіжақты шарт бекітілген. Қазалыда көктемгі дала жұмыстарына керекті техника мен жанар-жағармай да дайын.  Ауыл шаруашылығы дақылдарын вегетациялық кезеңде тұрақты сумен қамтамасыз етуге, экологиялық қажеттілікке суармалы су лимитіне келісім алынып, ішкі шаруашылық каналдарындағы су жолдары қамыстан тазартылып, су реттегіш пен су сору қондырғылары жөндеуден өткізілуі де ыждағаттылықтың нышаны.

Өткен жылдан бастап Қазалы ауданында бау-бақша өнімдерін егу жанданғаны белгілі. Тұрғындардың  бақша егуге деген құлшынысы құптауға лайықты. Қала, кент, ауылдық округтерде бау-бақша, көкөніс өнімдерімен айналысатын кооперативтер құрылып, оларға жерді қоршау, өңдеу, аяқсу жеткізуде жасалған қолдаудың нәтижесінде 1050 гектар жерге бақша дақылдары егіліп, 14538 тонна өнім алынған болатын. Қуаныштысы, өткен жылы Ресейге  қауын-қарбыз экспортталды. Сонымен қатар, Ақтөбе, Астана, Байқоңыр  қаласына қоса Арал, Қармақшы  аудандарына да қазалылық өнімдер жеткізілгенін кезінде жазған едік. Бұл игі іс биыл да жалғасын табатын болады.

Ү.Түктібаев ауылында 60 гектарға бау-бақша егу жоспарланып отыр. Ауылда 2 кооператив құрылған. «Айтбай» кооперативінің төрағасы Кенжетай Нағызалиев 35 отбасын біріктіріп, жұмыс жасаса, «Жаңа тал» кооперативінің төрағасы Сабырбай Мұханов 15 отбасыға жетекшілік етуде. Абай ауылында 20 отбасы 30 гектар жерді игеру жұмыстарын бастаса, Майдакөлде 80 гектар жерге  бау-бақша өнімдері егілмек.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы».

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<