Мамандығымыздың талабымен көрме-конкурстардың талайына куә болып жүрміз. Бірақ, жақында жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы аясында өткен «Өзіңе сене баста!» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің көрме-байқауы ерекше есте қалды.
Кәсіпкерлер үйінің фойесіне жайылған көрмедегі әр бұйымға көз тоқтатып, көңіл бөлу аздық етеді. Оны жасаушы шебермен әңгімелессең, бұл жай ғана кәдесый немесе құрақ көрпеше емес, адамның ерік-жігерінің жеңісі екеніне көз жеткізесіз. Сол күні көрмеге қатысушылардың барлығының болашаққа деген үміті еселене түскенін байқадық.
Конкурстың екінші орын жүлдегері Ерлібек Жармаханов жеңіл аяқ киімдер мен мәсіні «Даму» қорының қолдауымен ашқан өз шеберханасында тігеді. Жұмысын алдымен өз балаларының аяқ киімін жөндеуден бастаған шеберге бірте-бірте бүкіл ауыл-аймақ келетін болды. Бір маусымға жарамайтын сапасыз аяқ киімдерді жамап-жасқап беретін ептілігіне ел риза. Таза тауардан тіккен тәпішке мен мәсісіне де сұраныс арта түсті.
Е.Жармаханов 18 жылдан бері мүгедек арбасына таңылған. 1999 жылғы Төретам мен Жосалы аралығында болған жол апаты оның тағдырына осындай таңба салды. Бірақ 4 баланы өсіріп-жеткізудің жауапкершілік жүгін өзінен басқа ешкім көтермейтінін ойлағанда, алға қарай ұмтылды. Өздігінен қозғала алмайтынына қарамастан, қатардан қалмады. Аяқ-қолы бүтіндермен қатар жұмыс істеді. Жағдайын айтып, ешкімнің алдына бармады.
Ол өз кәсібін өркендетем деген адамның алдынан қолдаушылар шығатын уақыт туғалы жан-жаққа іздене бастады. Жоғарыда айтқандай, «Даму» қорынан алған қаржыға шеберхана ашып, етік тігетін машина мен басқа да құрал-жабдықтарын түгендеді. Қолынан шыққан өнімдерін көрме-конкурсқа әкелгені де осы – тынымсыздығының, бастаған ісін бітірмей тынбайтын табандылығының арқасы.
– Облыс әкімінің қолынан 700 мың теңгенің сертификатын алдым. «Енді аяқ киім тігетін станокқа қолым жетсе» деген арманыма бір табан жақындадым деп ойлаймын. Ұйымдастырушылар бізге сенім артып, қолдау білдіру арқылы қаншама отбасына қуаныш сыйлады,– деді ол.
Адамның өзіне деген сенімі – оны алға жетелейтін зор күш. Кейде тепсе, темір үзетін азаматтардың бойынан осы қасиет табылмай, кездескен қиындыққа морт сынып кететіндері бар. Мұндайда Ерлібек Жармаханов сияқты ерік-жігері мықты жанды басқаларға үлгі етеміз. Екі аяғын тең басқан жігіттерге де…
М.МЕРЕЙ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<