Кезекті брифингте 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар және алға қойған міндеттер жөнінде облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов айтып берді. Брифингке ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ветеринария, жер қатынастары, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармаларының басшылары қатысты.
Серік Салауатұлы алдағы бес жылда ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін екі есеге және өңделген өнім экспортының көлемін 2,5 есеге арттыру туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін жеткізді. Соған байланысты негізгі экспорттық дақыл күріштен бөлек экспортқа бағытталған, сонымен қатар суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық берілетін болады. Қазірдің өзінде ғалымдармен бірге Қаратау етегінде суармалы емес алқаптарда су аз қажет ететін мал азығындық және басқа да дақылдарды өсіру бағытындағы жұмыстар басталып жатыр. Ал мал шаруашылығы бойынша облыстағы үш ірі мал бордақылау алаңы төңірегінде шаруашылықтарды көбейтуге мән берілуде. Экспортқа малды тірілей шығарудан бөлек өңделген ет өнімдерін өңдеуге де ден қойылатын болады. Балықты тереңдетіп өңдеу көп табыс әкелетіндіктен бұл бағытта да жұмыстар қолға алынуда. Облыс әкімінің орынбасары құс еті мен жұмыртқа негізінен басқа аймақтардан келіп жатқанына назар аударды. Енді ішкі нарықты аталған өнімдермен өзіміз қамтамасыз ете бастау міндеті тұр.
Биылғы су тапшылығы бұрыннан көтеріліп жүрген су қоймаларын салу туралы мәселені тездетіп шешу қажеттігін айқын көрсетіп отыр. С.Қожаниязов «Күміскеткен» және «Қараөзек» су қоймалары құрылысының жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу және құрылысын жүргізу үшін қаржы бөлу мәселелері Үкімет басшысының орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен басқосуда қаралып, тиісті тапсырмалар берілгенін мәлімдеді.
Брифингте саладағы макроэкономикалық көрсеткіштер туралы мәліметтер берілді. Облыстың аграрлық секторын мемлекеттік қолдауға 2018 жылы 10,7 млрд теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 15,1%-ке артты. Ауыл шаруашылығының өндірілген өнім көлемі 16,9 млрд теңге болып, өткен жылдың сәйкесті кезеңіне қарағанда 2,8%-ке ұлғайды. Биыл облыста барлығы 184,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналасты. Негізгі дақыл күрiштің көлемі 87,3 мың гектар. Облыс бойынша егілген 3636 гектар күздік бидайдың бүгінгі күнге 2929 гектары жиналып, 5726 тонна өнім алынды. Сондай-ақ, егіншілер 2296 гектар жаздық бидайдың 994 гектардан 1312 тонна өнім алды.
Облыс бойынша 325,4 мың бас мүйізді ірі қара, 713,3 мың бас қой мен ешкі, 130,9 мың бас жылқы, 47,3 мың бас түйе, 129,5 мың бас құс өсірілуде. Ет өндіру (тірі салмақта) 15751,4 тонна, сүт 38559,1 тонна, жұмыртқа 3363,9 мың дананы құрап, өсім тиісінше ет 3,6%, сүт 2,1% және жұмыртқа өндіру 45,8%-ті көрсетті. 2018 жылдың 1 сәуіріне 9,5 млн долларды құрайтын 26,2 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, өткен жылмен салыстырғанда 66% немесе 3,8 млн долларға артып отыр.
2018 жылдың І жартыжылдығына облыс бойынша барлығы 2685 жеке қосалқы шаруашылықтың бірігуімен 105 кооператив құрылды. 2017 жылы жеңілдетілген несиелендіру бойынша 42 кооперативке 3,4 млрд теңге қаржы берілді. Нәтижесінде 1230 адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды. 2018 жылы экспортқа бағытталған инвестициялық құны 7,1 млрд теңгенің 10 іргелі жобасын іске асыру жоспарлануда.
Облыс әкімінің орынбасары ветеринария саласында болатын өзгерістерге де тоқталып өтті. Елбасы Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында «фермадан үстелге дейін» Қағидатына сәйкес ветеринариялық қызмет вертикалі құрылуда. Қазіргі күні, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан заң жобасы әзірленуде. Осы заңға сәйкес аудан (қала) әкімдігінің күшімен ветеринариялық станциялар барлық ветеринариялық іс-шараларды атқарумен, облыстық ветеринария басқармасы ветеринария саласындағы мемлекеттік қызметтермен және қажетті препараттарды сатып алумен, жеткізіп берумен айналысатын жүйе құрылатын болады. Бұл жүйе 2019 жылдың наурыз айынан бастап іске асырылмақ.
Журналистер сонымен қатар брифинг барысында 2015-2018 жылдары игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы көлемі 192767,7 гектарды құрайтын 456 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы ақпарат алды. Сол секілді, көптен бері айтылып жүрген тұрмыстық қалдықтарды өңдеу кәсіпорны бойынша жұмыс басталғанын білді. Мемлекеттік – жекешелік әріптестік механизмі бойынша ТҚҚ полигонының қалдықтарды сұрыптау кешені құрылысының жұмыстары басталған. Жаңа полигон Белкөл кентінен 4 шақырым қашықтықта орналасады. Аумағы – 20 гектар. Жылына 60 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыпталады. Облыстық бюджеттен 300 млн теңге бөлініп, мамандандырылған техника мен жабдықтарға тапсырыс берілген.
С.Қожаниязов сондай-ақ ғарыш кешенін және Байқоңыр қаласын дамыту туралы Елбасы тапсырмасын орындау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айтып өтті.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<