ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНДАҒЫ ЕЛЕУЛІ ЖОБА

337

0

ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНДАҒЫ ЕЛЕУЛІ ЖОБА Кеше Жаңақорған ауданында қорғасын-мырыш тау-кен байыту комбинатының іргетасы қаланды. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев, «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясының басқарма төрағасы Қанат Құдайберген және бас мердігер – «Engineering Dobersek GmbH» компаниясының бас директоры Альбин Доберсек қатысты.

Аймақ басшысы көпшілікті комбинат құрылысының басталуымен құттықтады.

– Бүгін – «Шалқия» кен орнында көптен күткен қуанышты сәт. Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынып отырған ауқымды жобаны «Engineering Dobersek GmbH» компания­сы жүзеге асырса, құрылыс жұмысына жергілікті азаматтар қатысады. Өндіріс объектісі іске қосылған кезде комбинатта 1500 жұмыс орны ашылады, – деді облыс әкімі.

«Шалқия» – мырыш өндіру жөнінен дүние жүзіндегі алдыңғы қатарлы бес кеніштің қатарында. Кен орнының баланстық қоры – 112,9 млн, мырыш қоры – 4,83 млн, қорғасын қоры – 1,49 млн тонна. Ал мердігер ретінде таңдалған неміс компаниясының тау-кен, металлургия, энергетика, химия салаларында объектілерді жобалау және салу бойынша көп жылдық тәжірибесі бар.

Комбинат іске қосылған соң жоғары сапалы мырыш және қорғасын концентраттарын шығарып, ел әлеуетін еселей түспек. Жоба құны – 235 млрд теңге. Күні бүгінге дейін 35 млрд теңге игерілді. Кен орнының дәлелденген қорын 2051 жылға дейін өндіру жоспарланып отыр.

Сыр жұртшылығының қуанышына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А.Айдарбаев ортақтасып, лебізін жеткізді.

– Бұл – Қызылорда облысы ғана емес, еліміз үшін де елеулі әрі маңызды жоба. Кен орнының құрылысына байланысты барлық қаржылық мәселе шешілген. Жобаның жүзеге асуы мемлекет экономикасының артуына орасан үлес қосуы тиіс, – деді ол.

«ШалқияЦинк ЛТД» АҚ бас директоры Асқар Жәукеновтің айтуынша, өнімділігі 2 млн тонна болатын кешеннің І кезеңі – 2020 жылғы қазанда, қуаты 4 млн тоннаны құрайтын кешеннің ІІ кезеңі 2021 жылғы қарашада аяқталады.

Бірегей техникалық және технологиялық шешімдер жоғары өнімділік пен энергиялық шығынның азаюын қамтамасыз етеді. Мысалы, кен ұсатудың І кезеңі жер астында жүзеге асырылады. Шикізатты шахтадан жер бетіне көтеру үшін тиімділігі жоғары, биіктігі 200 метр болатын тік конвейер қолданылады.

«ШалқияЦинк ЛТД» АҚ жобаларды басқару жөніндегі басқарушы директоры Анатолий Лигайдың сөзіне қарағанда, автоматтандыру мен диспетчерлеудің жоғары деңгейі адами фактор әсерін төмендетіп, комбинаттың тұрақты жұмыс істеуіне септігін тигізеді. Кен байытудың технологиялық сызбасын әзірлеуге және оңтайландыруға «Механобр», «Outotec», «Engineering Dobersek GmbH», «ТОМС» секілді тәжірибелі шетелдік компаниялар қатысты.

– Біздің компания әлем нарығында 35 жылдан бері ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді. Алдағы уақытта Қазақстан үшін маңызды өндіріс орнының құрылысын жүргізетінімізге қуаныштымыз және бұл бізге зор жауапкершілік жүктейді, – деді мердігер компанияның бас директоры Альбин Доберсек.

Салтанатты рәсімде мәртебелі меймандар кен байыту фабрикасы салынатын орынға комбинаттың 2068 жылғы қызметкерлеріне арналған «уақыт капсуласын» салып, белгі қойды. Сонымен қатар, «ШалқияЦинк ЛТД» компаниясының бір топ үздік қызметкеріне «Еңбек үздігі» медалі және алғыс хаттарын табыс етті. Облыс әкімдігі, «Шалқия Цинк» ЛТД» АҚ мен «Engineering Dobersek GmbH» компаниясы үшжақты меморандум қабылдап, комбинат құрылысына байланысты өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуге уағдаласты.

Қонақтар одан кейін Қызылорда қаласындағы «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-ның ахуалдық орталығында болды. Онда делегация «Ақылды кен орны» цифрлық технологиясын қолданысқа енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.

– Жаңа технология мұнай өндірісі көлемін 1-2%-ке дейін, жөндеу аралығын 700 күнге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, операциялық шығындарды 10%-ке дейін төмендетіп, басқарушылық шешімдердің тиімділігін 20%-ке арттырады, – дейді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының барлау, өндіру және мұнай сервисі жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиев.

Назерке САНИЯЗОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<