Облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның онлайн отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі, комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова жетекшілік жасады.
Мемлекеттік рәміздер – елдің өзіндік өмір салтын, болмыс-бітім ерекшелігін, өзгелермен байланыс орнату мұратын білдіретін айрықша белгі. Осы орайда тәуелсіздік тұмарындай болған қасиетті рәміздерді қадірлеп, қастерлеу – әрбір қазақстандықтың парызы.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер», – деген болатын. Сондықтан әрбір азамат оларды құрметтеуді азаматтық парызы санауы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Комиссия отырысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова облыстық инспекциялық топтың тексеру қорытындысын жария етті.
– Тексеру мамыр, маусым айларында жүргізілді. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар мен оларға қарасты мекемелерде Мемлекеттік Елтаңбаның латын графикасындағы «QAZAQSTAN» жазуымен толық ауыстырылғаны анықталды. Алайда, жергілікті мемлекеттік мекемелерде конституциялық заң талаптары әлі ақсап тұр, – деді ол.
Бақылау шаралары 167 мекемені қамтып, соның 21-де кемшілік анықталды. Көпшілігі аумақтық департаменттердің аудандық бөлімшелеріне, аудан әкімдіктері мен облыстық басқармаларға қарасты мемлекеттік мекемелерге тән. Кейбір ғимараттарда мемлекеттік рәміздер стенді орналастырылмаған. Кейбірінде Мемлекеттік Ту жыртылған немесе ластанған. Енді бірінде ол жоқ. Түсі стандартқа сәйкес келмейтін жағдайлар да ұшырасты.
– Облыстық полиция департаментінің қалалық, аудандық басқармалары мен жергілікті ішкі саясат бөлімдері осы жылдың ақпан айында Instagram және TikTok әлеуметтік желілеріндегі Мемлекеттік Гимнді рэп жанрында орындаған жасөспірімдердің бейнеролигіне байланысты бірлесе жұмыс жүргізді. Нәтижесінде 2 дерек анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 1-не – 10, екіншісіне 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, – деді Мира Қазбекова.
Басқарма басшысы үнемі хаттамалық тапсырма берілгеніне қарамастан, кемшіліктер қайталанатынын жеткізді. Сондықтан мемлекеттік міндетті орындауда жауапкершілік таныту маңызды. Ал инспекциялық топтың тексеру қорытындысына сәйкес олқылық анықталған жағдайда сол мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігі қаралады.
Елдігіміз бен егемендігіміздің басты нышандары талапқа сай қолданылмаған салалардың басшылары мен бірқатар аудан әкімдері кемшіліктер дер кезінде түзетілгенін айта келе, мемлекеттік рәміздерді насихаттау шараларына тоқталды.
– Мемлекеттік Ту екі түрлі жағдайда көтерілетіні белгілі. Соның бірі – спортшылар халықаралық жарыстарда жеңіске жеткенде. Көк байрағымыз көкте желбіреп, Мемлекеттік Гимн шырқалғанда қай-қайсымыздың да кеудемізді қуаныш кернейді. Жыл сайын Азия, Әлем чемпионаттарында сырбойылық спортшылар жеңімпаз атанып, еліміздің даңқын асқақтатып келеді. Осы орайда ұлттық құрама командасындағы жерлестеріміз байрақты бәсекелерде топ жарып жүр. Оларға Мемлекеттік Ту көтерілгенде Гимнді зор мақтанышпен айту мемлекет біртұтастығының кепілі екені ескертілген, – деді облыстық шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов.
Жиын соңында Гүлшара Әбдіқалықова түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп, кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
– Мемлекеттік рәміздердің күнделікті жай-күйіне бақылауды күшейтіп, стандартқа сай болуын қадағалау және оларды ауыстыру үшін мемлекеттік тапсырыс аясында қаражаттың уақытылы бөлінуін қамтамасыз ету қажет. Тиісті заңнама нормаларын қатаң сақтап, шаралар қабылдау, түсіндіру жұмыстарының аясын кеңейту керек, – деді облыс әкімі.
Назерке саниязова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<