Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлерін қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Мемлекеттің тыныштығы, халықтың амандығы бәрінен қымбат. Ел іргесінің сөгілмей, бүтіндігіміздің бұзылмай отырғаны сіздердің еңбектеріңізбен тікелей байланысты.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында қоғамның дамуы тәртіптен басталатынын атап айтқан еді. Соңғы жылдары қылмыс көрсеткіштерінің азайып, дамудағы ілгерілеушіліктеріміз осы қағиданың өміршеңдігі.
Ішкі істер министрлігі, облыс басшылығы тарапынан сіздерге әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Елбасымыз да осыны тапсырып отыр. Өйткені сіздер мемлекетімізге қауіпсіздік төндіретін лаңкестік пен қылмысты тез арада тойтарып, ел қауіпсіздігін сақтап келесіздер.
Халықтың ішкі істер қызметкерлері атқарып келе жатқан жұмысқа көңілі толады, қоғамдық пікір жақсы. Кәсіби мереке қарсаңында облыс әкімінің поштасына полиция қызметкерлерінің атына айтылған алғыс тілектер де көптеп түсті, – деді облыс әкімі.
Мұнан соң аймақ басшысы бір топ ішкі істер қызметкерлерін марапаттады. Оларға анттарыңызға адал болыңыздар деген тілегін білдірді.
Сондай-ақ, облыс әкімі ОІІД басшысына марапатталған қызметкерлердің шенін көтеріп, оларды қолдау мәселесіне мән беру керектігін тапсырды. Сонымен бірге кәсіби мереке тұсында бірқатар шаралар атқарылатынын, соның бірі Жалағашта аудандық ішкі істер бөлімі жаңа ғимаратының ашылуы болатынын айтты.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<