Өткен аптаның сенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Жаңақорған, Шиелі аудандарына барды. Сапар барысында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.
Қос тойы қабат келген Түгіскен
Аймақ басшысының сапары Жаңақорған ауданының Түгіскен ауылынан басталды. Сыр өзенінің арғы бетінде орналасқан бұл ауыл тіректі елді мекендердің қатарында. Жол-жөнекей жайылған үйір-үйір жылқы мен табын-табын сиырды көріп, мал басының өсіп келе жатқанын аңғардық. Жері отты, табиғаты әсем аймақ көрген көздің жауын алатындай ерекше екен.
Бұл күні Түгіскеннен екі бірдей нысан ашылды. Соның бірі – №19 «Раушан» бөбекжайы. Ашылу салтанатында облыс әкімі сөз сөйлеп, жылы лебіз білдірді.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің аймақ әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші деңгейі бойынша республикада соңғы орында тұрды. Қазіргі таңда негізгі көрсеткіштер бойынша көшбасшылар қатарындамыз. Соңғы 5 жыл ішінде облыста 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынды. Бүгін бұл ауылдан екі бірдей халыққа керекті, елге пайдалы нысан ашқалы отырмыз. Оның бірі – осы балабақша болса, екіншісі – денешынықтыру-сауықтыру кешені. Бір айдан соң жаңа мектеп ашып, көптің қуанышын еселей түссек деген ниетіміз бар. Қуаныштарыңыз құтты болсын, – деді аймақ басшысы.
Балабақшаның ашылуында ауыл тұрғыны, көпбалалы ана, зейнеткер- ұстаз Тұрғанкүл Оймақова тілектестік білдіріп, осындай игілікке бастамашы болған азаматтарға елдің ризашылығын жеткізді.
Сонан соң балабақшаның лентасы қиылып, жұртшылық сәби жүрекке қуаныш сыйлар бақыт мекенімен танысты. Еңсесі биік екі қабатты балабақша 140 орынға арналған. Бұрын «Түгіскен» тұқым шаруашылығы теңгеріміндегі ескі ғимаратта орналасса, енді, міне, жаңа мекенге қоныс аударды. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған жаңа ғимаратта жұмыс жасайтындықтарына балабақша қызметкерлері де дән риза.
– Бұрын бөбекжайымызда үш топ болатын. Жыл санап ауылдағы халық саны артып келеді. Бізге беріліп отырған мына ғимаратта барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта тағы да төрт топ ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, денешынықтыру мен ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдерін жұмысқа алсақ деген ойымыз бар. Бұған дейін балаларға қазақ, орыс тілдерінде сабақ берсек, енді ағылшын тілін де үйрететін боламыз, – деді балабақша меңгерушісі Лаура Үсенбаева.
Осыдан соң денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылып, түгіскендіктердің қуанышы еселене түсті. Құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі осы нысаннан елдің абыройын асқақтататын спортшылардың көптеп шығуына тілек қосты. Спорт ардагері Нұрбек Палымбетов бұл ауылдан облыс, республика, тіпті, әлем чемпиондары шыққанын жеткізіп, елге қажетті ғимараттардың бой көтеруіне себепкер болған аймақ басшысына ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтты.
Бір күнде балабақша мен денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылған Түгіскен ауылында алға ілгерілеушілік бар екенін көрдік. Тіпті, елді мекен тұрғындарынан «қос тойымыз қабат келді» деп, қуанып жүргендерін аңғардық. Бір сөзбен айтқанда, Түгіскен түлеп тұр.
Қожамбердіде жаңа мектеп ашылды
Осы күні Қожамберді ауылында 200 орындық жаңа мектеп ашылды. Салтанатты жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сөз сөйлеп, жұртшылықты қуаныштарымен құттықтады.
– Мемлекет басшысының ұрпақ болашағы үшін білім саласының алдына қойған негізгі үш тапсырмасы бар. Ол – 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 процент қамту, үш ауысымдық білім беруді болдырмау, апатты мектептер орнына жаңа мектептер салу. Бұл тапсырма Қызылорда облысында толықтай орындалды. Бүгін, міне, Қожамбердіден тағы бір мектепті ел игілігіне бергелі отырмыз, – деді аймақ басшысы. Білім саласының ардагері Аронрашид Жапенов облыс әкіміне тұрғындардың ыстық ықыласын жеткізді.
Стандартқа сай салынған білім ұясында бүгінде 176 оқушы бар. Онда 37 педагог жұмыс жасайды. Мектептің бұрынғы ғимараты асар әдісімен салынған.
Соңғы 5 жылда облыста 45 мектеп игілікке берілді. Оның 37-сі апаттық нысандардың орнына салынды. Тағы бір айта кетерлігі, 2014 жылдан бастап 452 түлек Ресей Федерациясы Үкіметінің гранттарын жеңіп алып, Санкт-Петербург пен Мәскеу қалаларындағы оқу орындарында білім алуда. Келер жылдан бастап жыл сайын 20 қызылордалық студент Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасында оқитын болады. 2013 жылдан бастап 700-ге жуық түлек облыс әкімінің грантын алды. Биыл тағы да 159 грант қарастырылмақ, оның 70 проценті IT-мамандықтарына бөлінеді. Тағы бір үлкен жетістік ретінде өткен жылғы түлектердің 97 проценті жоғары және орта арнаулы оқу орнына түскенін атап өтуге болады.
Атақты Алпамыс батырдың сүйіктісі Гүлбаршын сұлудың мәңгілік байыз тапқан аймақтан ерекше әсер алып, Шиелі ауданының Еңбекші ауылына қарай бағыт түзедік.
Қаратау қойнауындағы ауыл қуанышы
Ел басына күн туған талай нәубетте «Елім-айлаған» қазаққа пана болған қарт Қаратаудың соңғы сілемдері мен қатпар қыраттары Шиелі жеріне келіп тіреледі. Арқа мен Сыр тел емген Телікөлден бастау алатын, тарихи қала Бестам арқылы Еңбекші жеріне жол тартады. Облыс әкімі жұмыс сапары барысында аталған ауылға барып, спорттық сауықтыру кешені мен мәдениет үйін ашты.
– Соңғы 5 жыл көлемінде бұл ауылға 2 млрд теңгеге жуық қаржы салынып, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Бүгін спорттық-сауықтыру кешені мен мәдениет үйін ашқалы отырмыз. Алдағы уақытта балабақшаны пайдалануға береміз. Мына спорт кешені ауыл балаларының салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануына үлкен мүмкіндік береді. Шетелде екі жағдайда ғана мемлекетіміздің туы көтеріліп, әнұраны шырқалады. Біріншісі, Елбасы басқа мемлекетке барғанда, екіншісі, спортшылар жеңіске жеткенде. Мына спорт кешенінде жаттыққан балалар да елдің абыройын асқақтатар азамат болсын, – деді аймақ басшысы.
Жас спортшы, ауыр атлетикадан республика чемпионы Бексұлтан Төлегенов ауыл спортшыларының атынан алғысын білдіріп, алдыңғы буынның жеңісті жолын жалғастыру үшін аянбай еңбектенетіндіктерін айтты.
Жаңа спорт кешенімен танысқан көпшілік, мәдениет үйінің ашылуына куә болды. Облыс басшысының құттықтауынан соң ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Берікқара Әбжаппарұлы сөз сөйледі. Сонымен қатар, ауыл тумасы, тарих ғылымдарының докторы, археолог Мадияр Елеуов еңбекшіліктердің қуанышына ортақтасып, Қазақ хандығының алғашқы көші жүрген Майшыға белгі орнату туралы ұсыныс білдірді. Ал, белгілі қаламгер, республикалық «Айқын» газетінің директор-бас редакторы Нұртөре Жүсіп жерлестеріне жүрекжарды тілегін жеткізді.
Биыл Шиелі ауданы 90 жылдық мерейтойын атап өтпек. Атаулы күнге орай ауданда мәдениет үйі мен спорттық-сауықтыру кешені ашылды.
2013 жылдан бастап ауданда 6 ауылдық клуб, Ы.Жақаевтың туған ауылында музей, Шиелі кентінде тарихи-өлкетану музейі салынды. Тағы да 11 мәдени нысан күрделі жөндеуден өтті, ал жыл соңына дейін Тартоғай ауылдық округінде 150 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілетін болады.
Әзиз БАТЫРБЕКОВ,
«Сыр бойы».
Б.ЕСЖАНОВ (сурет).
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<