Биыл – Кеңес Одағының Батыры, еңбек және соғыс ардагері Жәлел Қизатовтың туғанына 100 жыл. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында аймақта ер есімін ұлықтау шаралары өтуде. Соның бірі кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Қызылорда қаласында орналасқан қаһарман атындағы №23 мектеп-лицейде ұйымдастырылды.
Ж.Қизатов 1920 жылы 9 қазанда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысынан аман-есен оралып, 1944 жылы Кеңес Одағының Батыры атанды. Жоғары партия мектебін бітіріп, ел басқару ісіне араласты. Солтүстік Қазақстан облысындағы Ленин, Булаев аудандары атқару комитеттерінің төрағасы, Таман дивизиясы атындағы кеңшардың, Қарақоға элеваторының директоры қызметтерін атқарды.
Қазақстан аумағының ядролық сынақ алаңына айналуына қарсылығын ашық білдірген алғашқылардың бірі. 1968 жылы Қызылордаға қоныс аударып, облыстық астық өнімдері басқармасының бастығы, табиғатты қорғау қоғамы төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы болды.
Аймақ экономикасын, оның ішінде ауыл шаруашылығы және өңдеуші өнеркәсіп саласын дамытуға атсалысты. Оның жетекшілігімен Қызылорда астық өнімдері комбинаты, Жалағаш және Шиелі элеваторлары салынды.
Ж.Қизатов Арал экологиялық апат аймағының түйткілдерін одақ көлемінде көтере білді. Одан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау мәселесі жөніндегі заңды жетілдірушілердің бірі. Ауған соғысы және Чернобыль апатына қатысушылардың мүддесін қорғау жолында аянып қалған жоқ.
Тау тұлғалы азаматтың тағы бір қыры – қаламгерлік қабілеті. Бірнеше өлең, әңгіме, поэма және повестьтер жинағын жарыққа шығарды. Тәуелсіз мемлекет құру бағытындағы алғашқы жиындарға түгел қатысып, мемлекеттік рәміздерді бекітуде, тұңғыш Конституцияны қабылдауда қолтаңбасын қалдырды. Құдай қосқан қосағы Шәмшібанумен бірге жеті баланы өсіріп, аяқтандырды.
Ж.Қизатов – екі мәрте «Ленин», үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орденінің, көптеген медаль мен «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағының иегері.
– Қоғам қайраткерінің есімі туған жерінде ғана емес, Сыр елінде де құрмет төрінде аталады. Қызылжар мен Есіл ауданының орталығы Явленка ауылындағы көшелерге, өзі білім алған ауыл шаруашылығы техникумына батыр есімі берілген. Туған ауылы Қарағайда бюсті орнатылып, мұражай бұрыштары жасалған. Туған жеріміздің дамуына айрықша еңбек сіңірген тұлғаға шынайы құрметіміз ретінде Қызылорда қаласының көшесі және №23 мектеп-лицейге есімі беріліп, ескерткіш бюсті орнатылған. «Жақсының аты өшпейді» дегендей, тау тұлғалы азаматтарымыздың атын ардақтап, келер ұрпаққа үлгі ету мақсатынан жаңылмақ емеспіз. Елін шын сүйген елінің асыл перзенті, ерліктің эталоны Жәлел Қизатовтың есімі мәңгі есте сақталады, – деді облыс әкімі.
Жиында мемлекет және қоғам қайраткері, академик Бақберген Досманбетов, Қазақ Білім академиясының академигі Бүркітбай Аяған, майдангердің туыстары ардақ тұтар абырой иесінің ел үшін атқарған еңбегін ерекше атап өтті. Өз кезегінде ұлы Көмекбай Қизатов тұлғаны құрметтеп, игі шараның өтуіне ұйытқы болған Сыр жұртшылығына алғысын жеткізді.
Одан кейін қонақтар батырдың ескерткіш бюстіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<