Батырхан Шүкеновтің әндері бұдан былай театр сахнасында шырқалады! Маэстро туындыларының желісімен елімізде алғаш рет мюзикл қойылмақ. Ол үшін Ғалымжан Молданазар басқарған қазылар алқасы арнайы кастинг те ұйымдастырған еді.
Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасында айтылды.
Батырхан Шүкеновтің талай жүректі тебіренткен туындыларының желісімен қойылатын мюзиклға, қатысуға ниет білдіргендердің қарасы көп. Таңсәріден оянып, кастингке келген үміттілер арасынан әнші Ксения Сухомазованы байқап қалдық.
“Қатты қобалжып тұрмын. Кастингтен өтсем де, өтпесем де мюзиклдің жақсы шығатынына сенемін. Себебі, қойылым Батырдың әндеріне арналады емес пе”, – дейді әнші Ксения Сухомазова.
Ал, қатысушылардың өнеріне баға беріп, вокалдық қабілетін жіті тексеру Ғалымжан Молданазарға сеніп тапсырылған. Театр ұжымы, музыкантты әділқазылар мүшелігіне арнайы алдырыпты.
“Біріншіден, бұл мюзикл болғаннан кейін, ең бірінші әртістердің вокалдық деңгейін байқадық, тексердік. Және көптеген өте талантты жастар, қатысушылар болды. Арасынан 11 адамды таңдап алдық”, – дейді Ғалымжан Молданазар.
Дәл осылай, Алматылық Артишоктың бастамасымен қолға алынған туынды, еліміздегі Шүкеновке арналған тұңғыш қойылым болмақ. Мақсатымыз Батырханның әуезді әндерін театр сахнасына шығару дейді, ұйымдастырушылар.
“Бұл қойылым ертеден жоспарда бар еді. Туындыда Батырханның биографиясы көрсетілмейді.. Драматургияға қазіргі замандағы түрлі өмірлік оқиғалар негіз болады”, – дейді «ARTиШОК» театрының директоры Анастасия Тарасова.
Ал, Батырхан Шүкеновке арналған мюзикл осы жылдың күз маусымында көрерменге жол тартпақ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<