Елордада Astana Finance Days форумы өтiп жатыр

314

0

Елордада Astana Finance Days форумы өтiп жатыр Бүгiн елордада Astana Finance Days форумы өз жұмысын жалғастырды. ҚР Премьер-министрi Бақытжан Сағынтаев форумның пленарлық сессиясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылатынын еске салып, осы орайда инвесторлар үшін ашылатын мүмкіндіктер жайлы айтып бердi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Жақын арада болашақ қаржы нарықтарына серпін беруге бағытталған, тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі ұлттық мегажоба — Астана халықаралық қаржы орталығының ресми тұсаукесері өтеді. Бүгінгі диалог және сіздермен кездесу аса маңызды, себебі АХҚО алғашқы қадамын енді басып жатыр. Біздің әңгімеміз, сіздердің кеңестеріңіз бен ұсыныстарыңыз бізге Қаржы орталығының жұмысын дұрыс үйлестіріп, оның мүмкіндіктері мен артықшылықтарын паш етуге септігін тигізетініне сенімдімін. АХҚО жаңа буынның қаржы орталығы ретінде құрылуда», – дедi Сағынтаев.

Премьер-министрдiң айтуынша, ол әлемдік қаржы орталықтарының классикалық функцияларын — өтімді және теңдестірілген капитал нарығын дамыту, жеке тұлғалардың активтерін және әл-ауқатын басқаруды орындап қана қоймай, дүниежүзілік қаржы әлемінің ең перспективалы даму бағыттарындағы қызметтерді көрсететін болады.

«Біз АХҚО-ны қаржы технологиялары саласындағы шешімдерді құру мен дамытуға арналған финтэк-плацдарм ретінде қарастырамыз. Мұндай жұмыстар Masterсard және Visa, Microsoft және Tai Cloud Corp компанияларымен әріптестік негізінде басталып та кетті. АХҚО 60-тан астам ірі қаржы институттарын, сондай-ақ Жаһандық финтэк-хабтар федерациясын қамтитын R3 халықаралық консорциумінің қатысушысы болды» – дедi Б.Сағынтаев.

Үкiмет басшысының мәлiметiнше, Астана халықаралық қаржы орталығы «жасыл» қаржыландыру құралдарын, механизмдерін және стандарттарын енгізу үшін тиімді алаңға айнала алады. Бұл орайда, клинтек саласында Жасыл қаржылар құзыреті орталығы, сонымен қатар БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы құрылып, жұмыс істеп жатыр.

«АХҚО қаржылық қызметтерінің тағы бір ерекшелігі — исламдық қаржыландыру нарығының дамуына ықпал ету. Қазірдің өзінде АХҚО базасында Азия Даму Банкі және Ислам Даму Банкімен бірлесіп қажетті құқықтық және реттеушілік орта құрылды. Биылғы жылдың соңына дейін мемлекеттік исламдық құнды қағаздар — сукуктар эмиссиясы жүргізіледі. АХҚО-ны біз болашақта исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретінде көреміз. Осылайша, Астана халықаралық қаржы орталығы жеткілікті дәрежедегі ауқымды қаржы қызметтерін ұсынатын болады. Әрине, оның бұдан басқа да артықшылықтары бар», – дедi Бақытжан Сағынтаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<