Ерлан Саиров: Салықтық жүктемені төмендету – әлемдік тәжірибеде болмаған шешім

319

0

Ерлан Саиров: Салықтық жүктемені төмендету – әлемдік тәжірибеде болмаған шешім Әлемде әлеуметтік теңсіздіктің өсу қарқыны байқалады. Адамзаттың басым бөлігі қарапайым материалдық игіліктерге қол жеткізе алмай жүр. Сондықтан бүгінгі басты міндет – әлеуметтік мәселелерді мемлекеттік тұрғыдан реттеу болмақ. Ең бастысы, әр азамат өзін бүкіл қоғамға берілген материалдық игіліктен құр қалмағанын сезінуі тиіс. Бұл – дұрыс бағыт, әділ ұстаным. Еліміз осы бағытқа бет бұрды. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы баяндамасы баршамызды қуантты. Баяндамада бес әлеуметтік бастама туралы айтылды. Әрқайсысы жеке-жеке қарастыруға лайықты.

Ең алдымен, қазақстандықтар үшін қолжетімді баспана – басты мәселе. Көптеген жас отбасы жекеменшік үйінің болмауынан қиналады, тіпті кейбір отбасылардың шаңырағының шайқалуына да осы мәселе әсер етеді. Бұл ретте мемлекет тарапынан азаматтардың басым бөлігіне дерлік баспананы қолжетімді қылу бастамасы көтеріліп отыр. «7-20-25» бағдарламасы аталған проблеманы жақын арада шешуге мүмкіндік береді. Осы бағдарламаны орындау экономиканы дамытуда ғана емес, демографияны көтеруге де қарқын береді. Өйткені демографияға инвестиция құю өте өзекті. Салықтық жүктемені төмендету мақсатында жалақыны аз алатын адамдарға салық 1 пайызға дейін төмендейді. Бұл әлемдік тәжірибеде болмаған шешім. Бастысы, үнемделген қаржы осы санаттағы адамдардың еңбекақысын көтеруге жұмсалады. Бұл – 2 миллионнан астам азаматтың табысын арттыруға жасалған қадам. Техникалық мамандықтарға гранттарды көбейту де дер кезінде қабылданған маңызды шешім дер едім. Мемлекет ІТ-технология, нанотехнология, робот техникасы сияқты жаңа мамандықтарға қосымша 20 мың грант бөлмек. Еңбек нарығының өзгеруін есепке алсақ, бұл төртінші өнеркәсіптік революция жолындағы маңызды қадам. Өзін өзі жұмыспен қамтушылар мәселесін шешуде елдің әлеуметтік жаңғыруына базалық жағдай жасалып отыр. Бұл мәселелерді шешу үшін 14 мың азаматқа 62 миллиард теңге көлемінде шағын несие беріледі. Бұл ауыл тұрғындарын шағын кәсіпкерлікпен қамтуға мүмкіндік береді. Өзін өзі жұмыспен қамтушылардың мәселесін кешенді түрде шешу оларды еліміздің экономикалық айналымына қосуға, салық базасының кеңеюіне жол ашады. Бұл ел экономикасын дамытудың маңызды қырларының бірі. Әлеуметтік дамудың негізгі белгілері ауыл инфрақұрылымы, елді-мекендердің басым бөлігін газбен қамтамасыз ету. Елбасы баяндамасында ел ішінде көгілдір отынды жеткізуде жаңа бағыттар құру, газ құбырлары құрылысын жүргізу туралы айтылды. Бұл мәселе бұрыннан сарапшылар деңгейінде талқыланып келе жатқан болатын. Сондықтан мемлекеттің азаматтық қоғам өкілдерінің ой-пікірімен үндесе жұмыс істеуі қуантады. Сол себепті елімізде мемлекеттің азаматтардың келешегіне қамқорлығы мен әлеуметтік жауапкершілігі іс жүзінде орындалады деп сеніммен айтуға болады. Бұл қоғамдағы әлеуметтік сенімнің артуына алып келеді. Яғни Қазақстанда әлеуметтік дамудың өзіндік моделі құрылуда.

 Ерлан САИРОВ, әлеуметтанушы, Қазақстан кәсіподақтары федерациясы төрағасының орынбасары

Дереккөз: egemen.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<