Футзалдан Еуропа чемпионатында Біржан Оразов үздік сұрмерген атанды

672

0

Футзалдан 2022 жылғы Еуропа чемпионатында қазақстандық Біржан Оразов үздік сұрмерген атанды.

Қазақстандық футзалшы құрлықтық додада барлығы 7 гол соқты. Ол өзі қатысқан барлық кездесуде «қанжығасын майлады».

Алдымен топтық кезеңде Словениямен кездесуінде бір мәрте қақпаны дәл көздесе, одан кейін Финляндия, Италия қақпашыларын екі мәрте қапы қалдырды. Ширек финалда Украинамен ойында да екі мәрте дәлдігімен көзге түсті.

Екінші орын ресейлік Антон Соколов алды. Оның еншісінде алты гол бар. Сұрмергендер сапында ресейліктер – Артём Антошкин мен Иван Чишкала бес-бестен гол соқса, тағы бір қазақстандық Дуглас Жуниор төрт голдың авторы атанды.

Еске салсақ, биылғы құрлықтық додада Қазақстан құрамасы да бәсекеге түсті. В тобында бақ сынаған отандастарымыз алғашқы ойында Словениямен (4:4) тең түсіп, одан кейін Финляндияны (6:2) және Италияны 4:1 есебімен тізе бүктірді. Нәтижесінде 7 ұпаймен бірінші орын алды. Ал ширек финалда Украинаға 3:5 есебімен жол берді.

Айта кетсек, биылғы Еуропа чемпионы атағын Португалия жеңіп алды. Екінші орын Ресейге бұйырса, үздік үштікті Испания түйіндеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<