Деректерге жүгінсек, әлемде 500 миллионнан астам мүгедек адам бар. Ал, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар жалпы халықтың 4-5%-ін құрайды екен. Олардың 300 мыңға жуығы еңбекке қабілетті. Өңірде де осындай жандар үшін түрлі бастамалар қолға алынып, ерекше қолдаулар көрсетілуде. Әсіресе, кәсіп ашып, ісін дөңгелентемін дегендерге барынша мүмкіндіктер қарастырылған. Қармақшылық Еркін Жалғасбаев та осындай игі бастаманың игілігін көргендердің қатарында.
Оның алғашқы қадамы Алдашбай ахун ауылдық әкімдігі және аудандық кәсіпкерлер бөлімінің нұсқауымен кәсіпкерлер палатасының өткізетін оқу жобасына қатысудан басталады. Онда «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша білімін жетілдіріп, кәсіпкерліктің әліппесін, жеке өз ісін қалай бастау керектігін, бизнес жоспарды құру жолын, шаруаның қыр-сырын үйренді. Бұл білімі өз кезегінде оның кәсібін бастауға үлкен септігін тигізген. Мәселен, облыс әкімдігі инновациялық жобаларға арналған қайтарымсыз грантқа байқау жариялағанда Еркін үйрек шаруашылығын дамытуға арналған жобасын ұсынып, бағын сынайды. Оның жобасы сәтті шығып, нәтижесінде 950 мың теңге көлеміндегі грантты иеленеді. Қазіргі күні ол қаражатқа 1500 бас үйрек сатып алып, шағын кәсіпкерлігін дөңгелентіп отыр. Жас кәсіпкер алдағы уақытта 500 бас жұмыртқа бағытындағы тауық алуды жоспарлауда. Еркін жуырда «Өзіңе сене баста!» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің өнімдері бойынша өткен облыстық көрме-байқауға да қатысты.
– Кәсіп ашпас бұрын көп ойландым. Кез келген нәрсенің сұрауы бар. Менде «Жасаған ісімді алып кете аламын ба?» деген сұрақ тұрды. Десе де, бар күш-жігерімді жиып, білгенімді қағаз бетіне түсіріп, жобамды ұсындым. Шүкір, бастамам өз нәтижесін беруде. Қазіргі сәтте ет бағытындағы үйректерді асыраймыз. Қазан айында сата бастаймын. Осы кәсіпке келгелі түрлі жобаларды қолға алуға деген ынта-жігерім оянды. Аймақ басшысының бұлай қолдау білдіруі менің жүрегіме үлкен үміт пен сенім ұялатты, – дейді кәсіпкер.
Еркіннің болашаққа жоспары бір төбе. Әзірге ауыл тұрғындарын үйрек етімен қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ, алдағы күндері туған ауылына тал егіп, жеміс-жидек өсіру де ойында бар. Осы мақсатта жер алу мәселесін ауыл әкімі Фархат Шаймерденовпен бірлесіп пысықтауда.
Еркін Әбдірәкімұлы қазіргі тіршілігіне тоқмейілсімейді. Керісінше, қуат алып, күннен күнге жігерленуде.
– Аймақта жұмыс жасаймын деген ынтасы бар адамдарға барлық жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын беру – көңілге демеу. Мемлекет қолдауының арқасында нақты іспен шұғылданамыз. Сондықтан заман талабына сай қол қусырып отырмай, өзгелермен тең дәрежеде дамып, жетілуге талпыну қажет. Өзім табысты кәсіпкерлерге қарап бой түзеп, солардан тәлім алуға тырысамын. Қолымнан іс келетінін әуелі өзіме дәлелдегім келеді, – дейді ол.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<