Карантин кезінде ШОБ субъектілерінің 74%-і жұмысын тоқтатты

904

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірлік екінші деңгейдегі банктер мен қаржы ұйымдарының басшыларымен кездесті.
Кездесуде қазіргі экономикалық ахуал жағдайында жаңа өндіріс көздерін ашу, жұмыс орындарын құру мақсатында бизнесті несиелендіру мәселелері талқыланды.

«Пандемия кезінде Үкімет тарапынан бизнесті қолдау шараларының аясы кеңейтіліп, қаражаттар көлемі ұлғайтылды. Бұл ретте банктер мен қаржы ұйымдары әкімшілік кедергілерді барынша қысқартып, мемлекеттің қаржылай қолдау шараларын микро және шағын бизнеске бағыттау қажет», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Облыста шағын және орта бизнес саласында 52 мыңнан аса субъекті тіркелген болса, соның төтенше жағдай кезеңінде 74 пайызының қызметі тоқтатылды. Экономиканың түрлі салаларында 10 мыңнан аса кәсіпкерлер зардап шекті.

Осы орайда, өңірдегі 51 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектісіне салықтық жеңілдіктер қарастырылып, 9 мыңға жуық кәсіпкерлер әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіндегі төлемдерден босатылды.

Сондай-ақ, облыс бойынша 8822 сауда алаңдары жалпы құны 695,8 млн. теңге көлемінде жалдамалық төлемдерден босатылды.
Төтенше жағдай кезеңінде 8 мың шағын және орта бизнес субъектісінің жалпы 10 млрд. теңгеден астатын несиелері бойынша төлемдері кейінге шегерілді.

Ағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаралған қаражат шамамен екі есеге, яғни 1,7 млрд. теңгеден 3 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды.

Бұдан өзге, «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасы аясында қаралған қаражат көлемі 1,5 есеге дейін артты.
Сонымен бірге, банктердің назарынан тыс қалған жобаларды қолдау мақсатында жеңілдетілген несиелер беруге бағытталған «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына әртүрлі көздерден 1,2 млрд. теңге қаражат тартылды.

2023 жылға дейінгі Қызылорда облысын экономикалық дамыту жоспары аясында биылғы жылдың өзінде шамамен 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылуы көзделген жалпы құны 26 млрд. теңгені құрайтын 108 жобаны іске асыру жұмыстары басталды.
Мемлекеттік қолдау шараларын тиімді іске асыру және әкімшілік кедергілерді қысқарту мақсатында облыста «Бизнеске арналған Үкімет» платформасының қызметі пайдаланылатын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<