ИРАНДЫҚ СОРТ ИГІЛІГІМІЗГЕ ЖАРАЙДЫ

504

0

ИРАНДЫҚ СОРТ ИГІЛІГІМІЗГЕ ЖАРАЙДЫ Ұлы жолдың бойымен жүйткіген көлігіміздің бағыты – Қармақшы ауданындағы Ақтөбе ауылы. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласындағы үлкен істерді үйлестіріп жүрген шаруашылықтың басшысы Нұрлан Іздібаевпен сұхбаттассақ деген ойымыз бар. Әңгіме айтып, арқаны кеңге салып отыруды шаруа адамының уақыты көтермейді. Бірақ, аймақтағы аграрлық саланың айтулы жобасы – «Ақтөбе и К» ЖШС құс фабрикасының құрылысы қай сатыда тұрғаны,  осы жерге егілген  жаңа сорт – «Торем Хошемидің» шығымы мен өтімділігі туралы сауалдар көптен бері ойда пісіп- жетілген еді.  
– Алғаш 2016 жылы Иранға барғанымда осы сортты көріп, ол жақтың нарығында үлкен сұра­нысқа ие екенін байқадым. Бағасы біздің күріштен 6-7 еседей қымбат. Жаңа тұқымды әкелу оңай болмады. Сонда да 2 гектар жерге егіп көрдік, – дейді Н.Іздібаев.
Сыр жеріне осыдан бірнеше жыл бұрын Краснодардан әкелінген күріш сорттары жерсіндірілгенін білеміз. Кейін «Лидер», «Янтарь» сияқты сорттарды өзіміздің «Ақмаржанмен» бірге тамаққа пайдалана бастадық. Алайда «Торем Хошемидің» жөні басқа. Олай дейтініміз, бұл – экспортқа негізделген өнім.
– Былтыр жаңа сортты 70 гектарға егіп, жақсы өнім алдық. Иранға соңғы барғанымда бұл күрішке деген сұраныстың төмен­демейтініне көзім жете түсті. Алматы қаласындағы зертханаға алғаш әкелінген тұқым мен бір жылдан кейін еккен тұқымды салыстыруға тапсырыс бердім. Бізде егілген тұқымның сапасы да, құрамындағы кейбір элементтері де байи түскенін анықтадық. Қазір қолда тұқым жеткілікті. Биыл 500 гектар жерге «Торем Хошеми» егеміз, – деді серіктестік басшысы.  
Ал құс фабрикасын салу туралы идея шаруашылыққа инкубатор алу ниетінен басталыпты. Осы оймен «Байқоңыр» ӘКК-ға барған төрағаға корпорация басшылығы аймақтағы құс шаруашылығының өркендемей отырғанын, егер жобаны қолға алуға тәуекел жасаса, жан-жақты көмек, қолдау көрсетілетінін айтады.
– Қазір қаражат мәселесі шеші­ліп, қажетті сома есеп­шотымызға түсті. Бірнеше күннен бері темір конструкция, жабынды сияқты материалдарды алумен айналасып жатырмыз. Іргетасы құйылған. Жылына 1500 тонна құс етін өндіретін өндірістің болашағынан зор үміт күтудеміз. Жылдың соңына дейін құс фабрикасын іске қосамыз деген жоспарымыз бар, – деді Н.Іздібаев.
Фабрика пайдалануға беріл­геннен кейін жеммен қамтамасыз ету мәселесі өздігінен туындайды. Сондықтан серіктестік құрама жем зауытын салуды қолға алғалы отыр. Бұл жоба  жем дайындауға қажетті дақылдарды егуге де жол ашады. Серіктестік басшысының одан да басқа ауылды абаттандыруға арналған жобалары жеткілікті. Ат шаптырымдай аумақты алып жатқан күріш ақтау цехы, қоймалар мен серіктестік  кеңсесі сияқты ғимараттар қолы ұсынақты, ісі тиянақты адамның қолтаңбасынан хабар береді. «Бір шеге қақсам да, туған ауылыма пайдам тисе» дейтін елжанды азаматтың бұған дейін де көп іс тындырғаны байқалады.
Қазір егіс даласындағы қызу тірлік диқандарды ешнәрсеге мойын бұрғызбайды. Жауапты науқанды ауызбірлікпен, дер кезінде атқаруға серіктестіктің 150 жұмысшысы кірісіп кеткен. Өйткені олар көктемдегі бейнет кешкен әр күннің ырыздық-несібесі жыл бойы азық болатынын біледі.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
Қармақшы ауданынан.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<