Каспий саммиті: Тарихи құжатқа қол қойылды

320

0

Каспий саммиті:  Тарихи құжатқа қол қойылды 12 тамыз күні Ақтауда Бесінші Каспий саммиті өтті. Ақ орданың баспасөз қызметі хабарлағандай, оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты. 

Ашхабадта (2002), Тегеранда (2007), Бакуде (2010) және Астраханьда (2014) өткен Каспий саммиттерінің шешімдерін дамыту үшін Каспий теңізі өңіріндегі бесжақты ынтымақтастықтың неғұрлым маңызды мәселелерін талқылау, халықаралық өзекті тақырыптар бойынша пікір алмасу дәстүрлі достық, сенім және тату көршілік жағдайында өтті.

Бес мемлекет көшбасшыларының бәту­а­ластық және барлық тараптардың мүд­делерін өзара есепке алу негізінде тұжы­рымдалған базалық халықаралық шартқа – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюы жоғары деңгейдегі кездесудің басты оқиғасы болды.  Осы негіз қалаушы құжат заманауи талаптарға сай келетін және жағалау маңындағы елдердің жан-жақты өзара іс-қимылын одан әрі қарқындатуға бағытталған Каспий теңізінің жаңа құқықтық режимін құрады.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны тиімді орындау және Каспийдегі ынтымақтастықтың әртүрлі аспек­тілеріне шолу жасау мақсатында президенттер сыртқы істер министрліктерінің қамқорлығымен сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары/Каспий маңы мемлекеттерінің өкілетті өкілдері деңгейінде тұрақты бесжақты консультациялар тетігін құру және Конвенцияға қол қойылған күннен бастап алты айдан кешіктірмей алғашқы консультациялар өткізу туралы шешім қабылдады. Бірінші кезектегі тәртіппен тікелей бастапқы желілерді белгілеу әдістемесіне қатысты келісім жобасын әзірлеуге және келісуге кірісу тапсырылды.

Бесінші Каспий саммитінде жағалау маңын­дағы мемлекеттердің өнеркәсіптік, сау­да, энергетикалық, көліктік-логистикалық, ин­но­вациялық, туристік, ақпараттық және мүдделілік танытатын басқа да салалардағы өзара іс-қимылын одан әрі нығайтуға және дамытуға ықпал ететін Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы сау­да-экономикалық ынтымақтастық туралы келі­сімге және Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою терең қанағаттанушылық сезіммен қабылданды. Осы келісімдерді іске асыру үшін Каспий маңы мем­лекеттерінің құзыретті ведомстволарының кездесулері тұрақты негізде өткізілетін болады. Бес елдің кәсіпкерлері мен бизнес-құрылымдары арасындағы байланыстарды дамыту мақсатында 2019 жылы Түрікменстанда бірінші Каспий экономикалық форумын өткізу ұсынылды.

Каспий теңізінде теңіз көлігі саласында тиімді және өзара пайдалы ынтымақтық жасау мақсатында жағалау маңы мемлекеттері теңіз әкімшіліктерінің бесжақты тұрақты өзара іс-қимылын ұйымдастыру маңыздылығы баса көрсетілді. Каспийдегі теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы бесжақты келісімді дайындау қажеттілігі атап өтілді.

Саммит барысында Каспий теңізіндегі оқыс оқиғалардың алдын алу туралы үкіметаралық келісімге қол қою мемлекеттердің өзара іс-қимы­лының базалық қағидаттарын – еге­мен­дікті, аумақтық тұтастықты құрмет­теуді, бір-бірінің қауіпсіздігіне нұқсан кел­тірмеуді, әскери қызмет саласындағы келі­сілген сенім шараларын сақтауды өңір­лік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жөніндегі ортақ күш-жігерге сәйкес болжам­дылық және транс­паренттілік рухында іске асыруға бағытталған.

Жағалау маңы мемлекеттерінің қауіпсіздік саласындағы мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында президенттер Каспийде теңіздегі әскери қызмет саласындағы келісілген сенім шараларын әзірлеу және қабылдау қажеттігін растады.

Президенттер 2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзекті сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жасауға, сондай-ақ құқыққа қарсы қыз­меттің жолын кесуге бағытталған терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы, шекара ведомстволарының өзара іс-қимылы туралы хаттамаларға қол қоюды құптады.

Көшбасшылар Каспийдегі қоршаған ор­та­ның жай-күйі мәселелеріне ерекше назар аударды. 2018 жылғы 20 шілдеде Мәскеуде 2003 жылғы 4 қарашадағы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттамаға қол қою Каспий маңы мемлекеттерінің осы бағыттағы күш-жігерінің аса маңызды қорытындысы болғаны атап өтілді. Оған қабылданған хаттамалардың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді, сондай-ақ Конвенция Хатшылығын Каспий маңы мемлекеттерінің аумағына ротациялық негізде орналастыру процесін аяқтау тапсырылды.

Мемлекет басшылары 2014 жылғы 29 қыркүйектегі Астрахань саммитінде қол қойылған су биологиялық ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану туралы, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы, сондай-ақ гидрометеорология саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдердің күшіне енуін құптады. Осы құжаттарды практикалық іске асыру Каспий теңізінің табиғи және техногендік сипаттағы қауіп-қатерлерден қорғалуын арттыруға, оның бірегей теңіз ортасы мен биологиялық әртүрлілігі үшін тәуекелдерді азайтуға ықпал етеді.

Президенттер Каспий теңізінің бірлескен су биологиялық ресурстарын орнықты дамыту жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыруды қамтамасыз етуге арналған Су биологиялық ресурстарын сақтау, ұтымды пайдалану және олардың бірлескен қорларын басқару жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмысының бас­талғанын қанағаттанғанушылық сезіммен атап өтті.

Президенттер 2010 жылғы 18 қарашадағы Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру мақсатында Каспийдің балық қорларының сақталуына жәрдемдесуге және браконьерлікке қарсы іс-қимыл жасауға арналған биологиялық ресурстардың заңсыз кәсіпшілігіне қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы хаттаманы, сондай-ақ теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы хаттаманы келісуді аяқтау қажеттігін атап өтті. Есірткі құралдарының психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес туралы хаттаманы пысықтау тапсырылды.

Мемлекет басшылары теңіз бен оның жағалау маңы аймағының елеулі мәдени және рекреациялық әлеуетін ескере отырып, Каспий өңірінде экономиканың туристік сегментін дамыту маңыздылығын атап өтті. Тиісті органдарға Каспийдегі туризм тақырыбы бойынша бесжақты консультациялар өткізу тапсырылды.

Президенттер өңірлік деңгейдегі байланыстарды, мәдени алмасуларды, медиа-форумдарды, жастар слеттерін, спорттық жарыс­тарды және басқаларын қоса алғанда, Каспий маңы мемлекеттерінің әртүрлі форматтардағы ынтымақтастығын жандандыруға қолдау білдірді.

Президенттер Каспий теңізінің бейбітшілік, келісім, тату көршілік және тиімді халық­аралық ынтымақтастық теңізі болып табы­латындығын ерекше атап өтіп, барлық Каспий маңы мемлекеттерінің арасындағы дәстүрлі достық байланыстардың одан әрі нығаятынына және дамитынына сенім білдірді.

Бесінші Каспий саммитін жоғары дең­гейде ұйымдастырғаны және көрсеткен қонақжайлылығы үшін Қазақстан Республикасына ризашылық білдірілді.

Келесі Каспий саммиті келісілген мерзімде Түрікменстанда өтеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<