Қос ғасыр тойының қызық та тамаша сәті «Сыр тұлпары» атанған ат бәйгесі болғаны анық.
Бәйге десе делебесі қозатын халықпыз, қалалық ипподромға жиналған жұртшылық қарасы қалың. Құйрық-жалы түйілген жүйріктер ауыздықпен алысып, бала жәкейлер белін буынып алған.
Бәйгенің салтанатты ашылуында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық спортқа қатысты аймағымыздағы атқарылып жатқан бірқатар шараларға тоқталды.
– Биыл ерке Есіл бойындағы елордамыз Астананың 20 жылдығы болса, сұлу Сырдың бойындағы Қызылорданың 200 жылдық мерейтойы. Осы екі айтулы датаның арасында үлкен рухани үндестік бар. Бірі «қазақ» деген атауымызды қайтарған алғашқы астана болса, бірі қазақты әлемге танытқан тәуелсіз еліміздің төл бесігі!
Тарихи тағылымы мен маңызы зор мерейтойлық датаны жоғары деңгейде атап өту мақсатында жыл басынан бері ауқымды жұмыстар жасалып келеді. Бүгін міне, сол шараларды ат бәйгесі жалғастырып отыр.
Кез келген елдің ұлылығын мәдениеті мен салт-дәстүрі танытса, соның ішінде ұлттық спорт ойындарының орны бөлек. Әсіресе, айбарланып атқа қонып, ел қорғаған бабаларымыз үшін жылқы ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнердің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен.
Қазақ даласының әр түкпірінде тұяғының дүбірі ерек сәйгүліктер көп болған. Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, Ақтамбердінің Керкиігі, берідегі Исатайдың Ақтабаны мен Аманкелдінің Шалқасқасы, Ақансерінің Құлагері – ұлт тарихымен бітеқайнасып кеткен тұлпарлар.
Кезінде облыстық, республикалық бәйгелерге Сыр өңірінен қатысқан асыл тұқымды «Император», «Қарақыз», «Ызғар», «Гауһартас» секілді тұлпарлар аймақтың атын аспандатты, елдің рухын көтерді.
Соңғы жылдары ұлттық спорттың облысымызда бұқаралық сипат алып келе жатқандығы қуантады. Облыста 16 мыңнан аса спортшы ұлттық спорт түрімен шұғылданады. Жыл сайын облысымызда өтетін «Алтын белбеу» турнирі қазіргі таңда ең танымал әрі беделді бәсекенің біріне айналды.
Ұлттық спортты дамыту мақсатында биыл Қызылорда қаласында «Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубы» ашылды.
Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» өңірлік орталығының қолдауымен №7 Жаңақорған ауданы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қажетті штат бірліктері, 8 жылқы ат әбзелдерімен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мұның барлығы өңірде ұлттық спорттың өркендеуіне зор мүмкіндік береді.
Бүгінгі сайысқа үкілеп жүйрік қосқан азаматтардың мерейі үстем болсын, шашасына шаң жұқтырмас сәйгүліктеріміз бәйгеде оза шапсын! – деді облыс басшысы.
Мұнан соң мерейтойға қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз алып, қала жұртшылығын Қызылорданың қос ғасырлық мерекесімен құттықтады.
Жұртшылық алдымен шабандоздардың – қыз қуу, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ секілді көріністерін тамашалады.
Жалпы, ат бәйгесіне еліміздің әр аймағынан 100 бәйге аты қатыстырылған екен. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, бәйге жолында алматылықтар мен тараздықтардың тұлпарлары бір бас озық болды. Мысалы тай бәйгенің 800, 600, 400 мың теңге болып белгіленген алғашқы үш жүлдесін де алматылық шабандоздар тақымға басты. Құнан бәйгенің де 4 миллион теңгелік 1-ші, 800 мың теңгелік 3-ші жүлдесін Алматыдан келген жүйріктер алды. Осы жарыста екінші болып келген Қызылорданың «Елік» аталатын тұлпары жерлестеріміздің мерейін бір көтеріп тастады. Оның егесі Р.Игенбаев 1,6 миллион теңгеге ие болды.
21 шақырымдық топ бәйгенің де үш жүлдесін алматылықтар алды. Бұл жарыста «Көкдауыл» атты тұлпардың егесі Ұлан Омаров – 4 миллион, «Джеп» деген жүйрік үкілеген Әлинұр Назарбаев – 1,6 миллион, «Алужаз» аталатын ат қосқан Қайрат Маханов 1,2 миллион теңге олжа қылды. Ал, шиелілік Әбдіғани Шорабаевтың «Шамшырақ» деген жүйрігі төртінші болып келді. Оның жүлдесі – 562 мың теңге.
31 шақырымға көсілген аламан бәйгенің басы мен аяғы жарты айналымның арасына созылып келді. Баяғы азанда жіберіп, кешке күтіп алатын хас тұлпарлардың бүгінгі тұяқтарының дүбірі мен жанкүйерлердің қиқуы – бәйгенің ең қызықты сәті осы.
Алматының шеп құрған тұлпарлар тобын аламанда «Аспархан» атты Жамбылдың Ұзынағашынан келген сәйгүлік сетінетті. Аламаннан алқынбай озған жүйріктің егесі де – Қайрат Маханов. 8 миллион теңге олжалаған ол бүгінгі бәйгеден 2 ат оздырса, алматылық атбегі Бақтияр Құралбаев баптаған 5 ат бірдей бәйгелі болды. Сол бесеудің бірі Қарағанды атынан қатысқан Нұрлыбек Мұхамедияровтың «Қаражал» атты тұлпары аламаннан 2-ші келіп, егесіне 4 миллион теңге жүлде алып берді.
Құспен жарысқан тұлпарлардың арасынан тағы бір жерлесіміздің жүйрігі көзге шалынды. Ол – аламаннан 3-ші жүлдесі 2,4 миллион теңгені алған қызылордалық Қорғанбек Нағидың «Фаус» атты тұлпары. 4-ші орын жүлдесі 800 мың теңгені Алматыдан ат әкелген Ғабит Үмбетов алса, мәрені 5-ші болып тағы бір жамбылдық Ардығали Мирасовтың аты қиып өтіп, 562 мың теңгеге ие болды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<