«Достық үйінде» ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі төрағаларының отырысы өтті. Алқалы жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов пен республиканың түкпір-түкпірінен келген делегаттар қатысты. Басқосуда тараптар медиация институты мен Қоғамдық келісім кеңестерінің ауқымды шараларын тізбектеді.
Бүгінде Қоғамдық келісім кеңестерінің атқаратын рөлі жоғары. Ұлттық бірлікті нығайтуды мақсат ететін кеңес ұйымшылдықтың көрінісіндей. Ол билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналды. Мәліметтерге көз жүгіртсек, қазір еліміз бойынша 2991 Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді екен. Негізгі міндеті – түйткілді мәселе туындағанда тоқсанды күтпей, кезектен тыс жиын арқылы тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түру.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Қоғамдық келісім кеңестері консультативтік-кеңестік орган ретінде барлық аймақта құрылған. Алайда, бірқатар өңірлерде олардың белсенділігі төмен. Сондықтан Ассамблея келісім кеңестерінің жұмысын одан әрі жандандыруды қолға алуда, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі.
Леонид Андреевич Елбасы ұсынған «Бес әлеуметтік бастама» төңірегінде де әңгіме өрбітті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» туралы ұсынысы бірқатар мәселенің оң шешілуіне ықпал етпек. Білім гранттарының көбеюі оқуға ынталы жастардың көңілін демейді. «Шағын несие беруді көбейту» бастамасы да ел ішінен қолдау тауып, нәтиже берері анық.
Жиын соңында қатысушылар кеңес қызметін қарқындату жөніндегі орамды ойы мен ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Бір мақсат, бір мүдде жолында бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.
М.СНАДИНҚЫЗЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<