Кен байыту – кемелдену жолы

593

0

Кен байыту – кемелдену жолы Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» кен орнында салынып жатқан кен байыту комбинаты жылына 4 миллион тонна руда өңдейді деп жоспарланған. Оның  құрылысы 2021 жылы пайдалануға беріліп, толық күшінде жұмысқа кірісуге тиіс. Ең бастысы – аталған комбинатта 3 мың адамға дейін жұмысшы-қызметкер еңбек етеді. Оның басымы, әрине, Сыр өңірінің азаматтары болуы тиіс.
Өткен ғасырдың сексенінші жыл­дарының ортасында қорғасын мен мырыш өндіре бастаған «Шалқия» ке­ніші әлемдегі ірі кен орнының біріне айналды. Кешегі тоқырау жыл­дары базары тарқап, мамандары жан-жаққа тараған кеніштің жұ­мысын қайта өрлету үшін соңғы жылдары мақсатты шаралар қолға алынды. Елбасы тапсырмасына орай, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев байырғы «Шалқияны» жаңа өнеркәсіптік негізде қайта жаңғырту жолында ізденісті жұмыс ұйымдастырғандығы белгілі. Оның нәтижесі де көзге көріне бастаған сыңайлы. Жерасты қазбаларын игере отырып, оны әлемдік рынок сұранысына сай байыту мақсатында  облыс территориясындағы «Шалқия» кеніші  «Қазақстан Республикасы Тау-Кен өндірісін игерудің  2014-2018 жылдарға арналған кешенді жол картасына енгізілген. Осы орайда кеніш іргесінде салынып жатқан кен байыту комбинатының құрылысына инвестициялық қаржы тарту мақсатында Еуразиялық Банк өкілдігі және «Тау-Кен» Самұрық» АҚ басшылығы арасында 350 миллион АҚШ долларына келісімге қол қойылған болатын. Осы шарт негізінде күрделі құрылыстың кезеңді жұмыстары қарқын алып келеді. Онда жұмыс алаңдарына газ құбырларын тарту, кен сақталатын қоймаларды жаңа талапқа сай жаңғырту және басқа да қосымша жұмыстар қатар жүргізілді.  Кеніштің қат-қабат шаруаларымен қатар қазіргі уақытта су жолдарын реттеу және ішкі электр қуаты желісін қайта қалпына келтіруі де қолға алынған.
Кен байыту комбинаты толық қуатында іске кіріскенде жанар-жа­ғармай тапшылығы болмауы үшін осы кезден ұйымдастыру жұ­мыстары басталған. «Шалқия» кені­шіндегі жанар-жағармай сақтау қой­масының құрылысы жобасы» бойынша  жұмыстарды   «Транс Азия Конс­тракшн компаниясы жүргізуде. Оған білікті маман Сүлеймен Атаниязов басшылық жасайды. Жобаның құны 1 млрд теңге көлемінде.
Нақты уақытта бұл жерде темір жол желісі де тартылып, 8 бекет салынады. Оның 2-і май ауыстыру орындары болмақ. Құрылыс жұмыстарымен жетпістен астам адам шұғылдануда.
– Қорғасын мен мырыштың мол қоры бар «Шалқия» кенішінің де келешегі кемел болатындығына сенім нық. Мына жасалынып жатқан шаруалардың барлығы сол үшін, – дейді участок бастығы Мақсат Жаметов.
Аймақ экономикасына үдемелі индус­триялық-инновациялық   даму бағдарламасы тың серпін береді. Оның тиімділігі, әрине, жерасты бай­лығын ел игілігіне пайдаланумен қатар шеткі аймақ тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету арқылы олардың әлеуметтік жағ­дайларын көтеруіне байланысты болмақ.
Шалқияда кен байыту комбинаты іске қосылғанда бір жарым мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Тұрсынбек Мұсаев, Бағдат Мамалиев және Жұмаділда Балтаев өндіру учаскесіндегі жерасты машиналарының машинисттері. Жер­­гілікті азаматтар осы салада біраз жылдан бері еңбек етеді. Ал шахтаішілік көлік жұмысшысы Жасұлан Өсеров жақсы маман болып үлгерді.      
– Біз кеніштің қайта жұмыс істей бастағанына қуанып отырмыз. Басқа қалаларға жұмыс іздеп кетіп қалған көптеген жас шалқиялылықтар қа­зір қайта оралып, кенішке жұ­мысқа орналасуда. Бұл байырғы кәсіп­орын­ның қайта өркендейтініне, тұр­мысымыздың жақсара түсетініне се­нім береді – дейді Жасұлан.
Аймақтағы металлургияның не­гізі болып саналатын «Шалқия» кені­шінің өркендеп, дәуірлейтін шағы да алыс емес. Бұл мақсатта қолға алынған ірі жоба кен байыту комбинаты оны елдегі алдыңғы қатарлы тау-кен кәсіпорындарының біріне айналдырады.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы,
Шалқия кеніші.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<