КӨКТЕМДЕ – “БЕЛАРУСЬ”, КҮЗДЕ – “CLAАS”

373

0

КӨКТЕМДЕ – “БЕЛАРУСЬ”,  КҮЗДЕ – “CLAАS” Көктем шықса болды, шаруа адамдарына тыным жоқ. Күрек-кетпенін сайлайды, трактор-комбайнын майлайды. Құрғап қалған шөпті өртеу, жер жырту, тұқым жаңарту, тағысы тағылар толып жатыр. Олар бүгінде берекеге бастайтын бейнетті тірлікке бел шеше кірісіп кетті.
«Сыр маржаны» серіктестігінің механизаторы Бүркіт Жұбанышбайды біз Қазалыға әдейілеп барған кезімізде егістік басында жолықтырдық. Ақтан батыр ауылында тұратын диқан отбасын осы кәсібімен асырап отыр. Ала жаздай атыз жағалап, ырзық-несібесін жерден теріп үйренген ағамыз еңбекпен келген нанның тәтті екенін өте жақсы түсінеді.
ЕГІСТІК ДАЛАСЫНДА ЖҰМЫС ІСТЕП КЕЛЕ ЖАТҚАНЫМА ЖИЫРМА ЖЫЛҒА ЖУЫҚ УАҚЫТ БОЛДЫ. СОДАН БЕРІ БІРНЕШЕ ТЕХНИКАНЫҢ ТІЗГІНІН ҰСТАДЫМ. БІРАҚ СОҢҒЫЛАРЫ БҰРЫНҒЫЛАРҒА ҚАРАҒАНДА ӘЛДЕҚАЙДА ЫҢҒАЙЛЫ ӘРІ ЖИНАҚЫ. КӨКТЕМ, ЖАЗ МЕЗГІЛДЕРІНДЕ «БЕЛАРУСЬ» ТРАКТОРЫН ЖҮРГІЗЕМІН. АЛ КҮЗДЕ ОНЫ НЕМІСТІҢ «CLAAS» КОМБАЙНЫНА АУЫСТЫРАМЫН. БҰЛАР ЖҰМЫСТЫ БІРШАМА ЖЕҢІЛДЕТТІ, ҚОЛ КҮШІН ДЕ СОНШАЛЫҚТЫ КӨП КЕРЕК ЕТПЕЙДІ, – ДЕЙДІ МЕХАНИЗАТОР.КӨКТЕМДЕ – “БЕЛАРУСЬ”,  КҮЗДЕ – “CLAАS”
Заман талабына сай техникалардың көмегімен ол күніне орта есеппен 700-800 центнер күріш бастырады екен. Ал былтыр жалпы көлемі 21 мың центнер астықты қамбаға құйып, көрсеткішті арттыруға септігін тигізді. Кейіпкеріміз «Сыр маржаны» ЖШС құрылғалы бері шаруашылықтың ыстық-суығын бірге көріп келеді. Ең әуелі 350 гектар жерге күріш егіп жұмыс бастағанда серіктестік құрамында небәрі 35 жұмысшы ғана бар болатын.  
Бүгінде серіктестіктің қызмет аясы, жұмыс ауқымы кеңейді. Зауыттағы оңтүстіккореялық қондырғыларда саға­тына – 5, тәулігіне 18 тоннаға дейін Сыр салысы ақталып, Қазақстаннан бөлек, ТМД және Орта Азия мемлекеттеріне экспортталады. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-мен ынты­мақтастық нәтижесінде алын­ған техникалар күріш, жаңа жоңышқа егуде, ескі жоңышқаны күтіп-баптауда, егін жинауда басты көмекшіге айналды.
Ең бастысы, Ақтан батыр ауылының тұрғындары негізінен нәпақасын осы шаруашылықтан тауып отыр. Серік­тестіктің бас агрономы Мұратбай Жетесәлінің айтуынша, 70-80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған болса, маусымдық жұмыстың қызатын шағында 180-190 адамға дейін дән даласында тер төгеді.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
Қазалы ауданынан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<