Шілде аптап ыстық боларын ә дегеннен байқатты. Дала қарғаның миы қайнайтындай қапырық. Температура +47°С. Бірақ, бұл – уақытша ғана. Дабылды ескерту берілді. Бүгіннен бастап күн күрт құбылады.
Кеше ауа температурасы тым жоғарылап, жауын-шашынсыз ауа райы байқалды. Алдын ала хабарланғандай, облыстың кей аумағында солтүстік-шығыстан, шығыстан күші 15-20 м/с жел соқты. Иран аймағынан жылжыған жылы ауа массасының әсерінен ауа температурасы +47°С-қа бір-ақ жетті. Айтпақшы, бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде «60°С ыстықта қызылордалықтар бауырсақты отсыз пісіргендігі» туралы бейнеролик тараған еді. Бірақ, мамандарға арнайы хабарласқанымызда бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат екенін алға тартты.
«Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының хабарлауынша, алдағы күндері атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты тұрақсыз ауа райы байқалмақ. Сынап бағанасы +47°С-тан +30+35°С-қа және солтүстік аудандарда 25°С-қа дейін төмендеп, қатты жел тұрып, найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Тіпті бұршақ жаууы ықтимал. Ал апта соңында жауын-шашынсыз ауа райы байқалып, ауа температурасы 35-40 градусқа ыстыққа дейін көтерілмек. Алдын ала болжам былай дейді: шілде айында орташа айлық ауа температурасы 27-29°С болса, солтүстіктегі Қазалы, Аралдан өзге аудандарында температура мөлшерден 1°С-қа жоғары болмақ. Ал жауын-шашын әдеттегідей аз жауады.
Күн райы ауыл шаруашылығы саласына қаншалықты әсер етеді? Сала мамандарының айтуынша, күннің қатты ысуы дақылдардың пісіп-жетілуіне жақсы. Маусымның 20-нан бастап күздік бидай жиналғаны белгілі, ал шілденің 5-6-нан бастап жаздық бидайға орақ түседі. Ал күріш дәл осы мезгілде түптеніп, түтікке шыққан. Енді қауызына дән байлайды. Ауа температурасының жоғарылауы осы бидай, сұлы, арпа, күріш сынды дақылдардың өсіп-жетілуіне айтарлықтай оң әсерін тигізбек. Ал шіліңгір шілдедегі жауынның жөні басқа. «Жауын жауса, қауын-қарбыз сынды бақша дақылдары күнге күйіп, қурап қалуы мүмкін» дейді мамандар.
Дәл қазір ел арасында «Отан оттан да ыстық, Қызылорда одан да ыстық» деген мәні өзгерген «мақал» пайда болды. Рас, бұл тұрғындардың Қызылордада күн күйіп тұрғанда «тауып» айтқан сөзі. Ал, адамдар бұл аптапта қалай қорғану керек? №3 қалалық емханадағы жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі Жұлдызай Әбдірейімова күн сәулесі бактерияларды жойып, тері ауруларының жазылуына сеп болғанымен, жүрек-қан тамыры ауруымен ауыратын науқастар абай болуы керек дейді. Гелиотерапия (күн ваннасы) пайдалы, алайда көк тамыр склерозы, гипертониялық аурулармен ауыратындарға және орталық жүйке жүйесінің негізгі ауруларына шалдыққан адамдарға күн астында қыздырынуға болмайды екен. Сондай-ақ, бір ескерері – күн ыстықтағы тамақтану мәселесі. Әдетте, ернің кезеріп, бас айналып, шөліркеп кеткенде мұздай суды бір-ақ қылғытатынымыз бар. Бірақ мамандар суық су асқазанның кілегей қабатын тітіркендіріп, астың қорытылуын бұзып, дертке шалдықтырады дейді. Айтқандай, асқа тойып алған соң, суға түсуге де тыйым салынады. Мұндайда жүйке талшықтары тітіркеніп, асқорыту жүйесі бұзылып, түрлі аурудың пайда болу қаупі бар.
Айдана ЖҰМАДИНОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<