Кеңестік кезеңде автоклубтар малшыларды, дала қостарын аралап, мәдени қызметтер көрсететін үрдіс болатын-ды. Сондай бір сапар барысында тау ішіндегі малшы үйіне тоқтаған автоклуб қызметкерлері ән салып, күй тартып, терме айтып өз өнерлерін көрсетіп, концертін тәмамдауға айналады.
Ең соңында автоклуб меңгерушісі Әлмырза Ноғайбаев өзін елге кеңінен танытқан «Ақсақ киік» әнін орындап, «Ендігі кезекте Қуат пен Төкен фокус көрсетеді, картамен», деп әзіл-шыны аралас хабарлайды.
Ортаға шыққан киномеханик Төкен:
– Бұ жолы картамен емес, басқаша өнер жасаймын. Кәне, кімде сағат бар, соны құс қылып ұшырып жіберемін, – дейді жұртшылықтың назарын өзіне аударып.
Отырғандардың біреуі қол сағатын ұсына қояды. Төкен сағатты қолына алады да, қойнына апарып, «суф» деп қайта жұлып алғанында мына қызықты қарасаңызшы.., бір пәтте кептер ұшып шыға келеді. Жұрттың бәрі аң-таң, айран асыр. «Сиқыршы! Мынауың сұмдық ғой!», деп ауыздарын ашып қалады. Әріптесінің мына өнеріне таңқалған Әлмырзаның өзі де «енді қайтер екен?» дегендей, өз қолындағы алтын сағатын «фокусникке» шешіп ұсынып, «Ал енді мынаны да құсқа айналдыра қойшы», дейді сынағандай. Төкен әлігіндей әрекетпен қолын қойнына апара береді де, тағы да «суф» деп бір пәтте кептерді ұшырып кеп жібереді.
Осы кезде сырттан бір зат алып үйге ене берген қойшының әйелі қанатын сабалап үй ішінде ұшып жүрген кептерден қорқып шалқасынан құласа керек.
Кейіннен мына өнерінің сырын сұрап қоймаған сапарластарына Төкен өз құпиясын былай ашатын көрінеді: «Автоклубтың ішіне екі пәтте кептер кіріп кетіп, шыға алмай жүр екен, екеуінде ұстап алып, қойныма сала салғанмын. Үйге кіргенім сол, Әлекең фокус көрсет деген соң, соларды ұшырып, жасап жатқан өнерім ғой», дейтін көрінеді.
Алтын сағаты құс болып ұшып кетіп, уайымдап отырған Әлмырза сыйқыршының сырын естісімен:
– Фокусник, онда өз сағатымды өзіме қайтар! – депті қуанғанынан.
Нұрмахан Елтай
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<