Тоқсан жылға жуық тарихы бар Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі жанынан «Көшбасшы мектебі» қыздар клубы құрылды. Бұл клубтың құрылғанына бір ай уақыт болса да қазіргі таңда белсенді жұмыстар атқарып келеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Жақсыгүл Тоғанова аталған клубтың жұмысына тоқталды.
«Көшбасшы мектебі» клубын құру облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі мен М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің бірлескен әлеуметтік жобасы болып табылады. Сондай-ақ, «Көшбасы мектебі» ұйымына білім ордасындағы 30 студентіміз мүше. Оқу орнымыздың қазақтың батыр қызы – Мәншүк есімінде болуы да біз үшін мақтаныш, әрі үлкен жауапкершілік. Осы бағытта бізде бірнеше жылдан бері «Инабат» клубының жұмыс жасап келе жатқанын да айта кеткім келеді. Рахима Қаржаубайқызы бастаған облыстық Аналар кеңесі осы жұмысымызды бір жүйеге келтіріп, ауқымын кеңейтіп оны насихаттауға үлкен қолдау жасады. Кеңес төрайымы Рахима Қаржаубайқызы – өз жұмыс бағытын үнемі жаңа, тың идеялармен жаңартып отырады. Соның бірі – «Көшбасшы қыздар мектебі», – деді Жақсыгүл Қоханқызы.
«Көшбасшы мектебі» клубының мүшелері де клубтың ашылғанына ризашылықтарын білдіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Бұл клубтың ашылғанына аз уақыт болса да мүше болуға ниетті жастар көп. Біз осыған қуанамыз. Оқу ордамыздың абыройын биіктетіп, үлгі болар жұмыстар атқарамыз деп ойлаймыз. Ендігі міндетіміз – осы қыздардың көшбасшылық қабілеттерін жетілдіру болып табылады. Осыған орай алда біраз жоспарларымыз бар», – деді «Көшбасшы мектебі» қыздар клубының жетекшісі Гүлжан Әкімжанқызы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<