КӨП ІС ТЫНДЫРҒЫҢ КЕЛСЕ, КІШКЕНТАЙДАН БАСТА

457

0

КӨП ІС ТЫНДЫРҒЫҢ КЕЛСЕ, КІШКЕНТАЙДАН БАСТА     Міне, көктемнің алғашқы күндері де басталды. «Түске дейін мүйіздей, түстен кейін киіздей» дейтіннің нақ өзі. Қысы үзақ, қытымыр дегенмен, Қазалы өңірінің де ауа райынан көктем нышаны сезіледі. Көңіліңе тіршілік біткен жандана түскендей әсер қалдырады. Көшеде ерсілі-қарсылы сапырылысқан жүргінші, әрі-бері ағылған көлік қарасы да ұлғая түскен. Мұндай көріністі «Ер-Бибі-Болат» аталатын техникалық қызмет көрсету кешенінен де байқадық. Бұл жерде автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, көлікті жуумен қатар монша қызметі де тұтынушылар көңілінен табылуда.

Кешен иесі – Назым Аққоянова есімді азаматша. Көлік  жөндеу ісімен ұлдары айналыссса, Назымның өзі жалпы басшылық жасайды екен. Еңбек жолын өзі туып-өскен Майдакөл ауылында, аудандық ауруханада есепшіліктен бастапты. Ал есепке жүйріктік  кәсіпкер ретінде шаруасын алға жылжытуына оң септігін тигізері тағы белгілі. Содан бері де арада қаншама жылдар сырғып өте шығыпты. Жалпақ жұрттың есінде көрген жаман түстей сақталған тоқырау кезеңі де Назымның отбасын айналып өтпеді. Алайда тумысынан жігерлі келіншек қол қусырып үйде отыруды жөн санамады. Өмірлік жары Болатпен ақылдасып, кәсіп жасауды ұйғарды. Алғашқыда базарда балалардың киім-кешегін сатудан бастаған Назым тез арада шаруасын дөңгелетіп әкетті. Өкінішке орай, көп ұзамай өмірлік жары Болат ауыр науқастан көз жұмды. Ауыр қайғы жанына батқанымен жасымады. Қалайда бастаған кәсібін жалғастыруды жөн санады. Бұл тұрғыда кәсіпкер ретінде мемлекет қолдауын да сезінді.

– Жеке кәсіпкер Назым Көптілеуқызы облыс көлемінде ауылдық жерлерге берілетін қолжетімді және жеңілдетілген несиені тиімді пайдаланған іскер жан. Ол «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС арқылы «Микробизнес Қызылорда» жобасымен несие алып, көліктерге техникалық қызмет көрсету орталығын ашқан болатын. Нақты кезеңде төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ Назым аудан халқының әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсартуда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында тұрмысы төмен отбасыларға, мүгедектер мен қарастығы жоқ жандарға әрдайым қайырымдылық көмек көрсетуде, мәдени-көпшілік шараларға демеушілік жасауда белсенділік танытады, – дейді сала мамандары.

Кімге де табыс оңайлықпен келмейді. Ал тапқан ырзық-несібеден өзгеге қарасу мейрімділікті қажет етері белгілі. Бұл тұрғыда жеке кәсіпкер Назым Аққоянованың ісі көпке үлгі болғандай.  «Көп іс тындырғың келсе, кішкентайдан баста» демекші, базардағы сауданы берекелі кәсіпке айналдырған әйелдің табандылығы талайға ой саларлық дүние.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<