КҮРІШ КҮТІМІНЕ КІРІСТІ

553

0

КҮРІШ  КҮТІМІНЕ КІРІСТІ Биыл Сырда көктем кеш шықты. Соған қарамастан ауыл еңбеккерлері қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, маусымды нәтижелі аяқтауда. Биылғы егіс көлемі 177,1 мың гектар алқапқа межеленген болатын. Өткен күзде шаруашылық құрылымдары 3236 гектар күздік бидай егуді, 55,8 гектарға сүдігер айдауды қамтамасыз етті. Бүгінгі күні облыста дақылдарды егу жұмыстары толығымен аяқталып, барлық дақыл түрлері бойынша межеленген егіс көлемі артығымен орындалды. Көкөніс-бақша да толығымен орналастырылуда. Күріш көлемі 87267 гектарға жеткізіліп, меже 107,7 процентке орындалды. Қазір егіс алқаптары толығымен суға бастырылды.  

Өнім сапасы тұқымына бай­ла­нысты екені бесенеден белгілі. Бұл орайда қажетті 22695 тонна кү­ріш тұқымы дайындалған еді. Дайындалған өнімнің 1917 тоннасы – «Маржан», 5039 тоннасы – «Янтарь», 14586 тоннасы – «Лидер» және қал­ғандары басқа сұрыптарды құрады. Танапқа түскен тұқымның тең жар­тысына жуығы элиталық және бірін­ші репродукциялы өнім болып табы­лады. Шаруашылықтарда күріш тұқы­мы толығымен себу дәрежесіне жеткізілген болатын.  

Ендігі жұмыс егінді күтіп-бап­тау. Бұл орайда егіске қажетті ми­нералды тыңайтқыштың көлемі 54,2 мың тоннаны құрап, оның ­90%-ке жуығы алынды. Сонымен бірге шаруашылықтарға 60 мың литрден астам гербицид дайындалды.

Науқанда сала техникамен қам­­та­масыз етіліп, көктемгі дала жұмыс­тарына бөлінген 14 мың тон­на арзандатылған дизель оты­ны мезгілінде жеткізіліп бе­ріл­ді. Сонымен бірге облыс шаруашылықтарының техникалық паркі «Қазагроқаржы» АҚ арқылы 61 жаңа техникамен толық­қалы отыр.

Биыл су мөлшерінің жылдағыдан аз болатыны ескеріліп, сала еңбек­керлерін тиянақты жұмыс істеуге жұмылдырды. Соның нәтижесінде су тапшылығын еңсеруге қол жетті. Ауыл шаруашылығы дақылдарының тұрақты суару көлемі 4,2 млрд текше метр болып бекітілген еді. Соңғы деректер бойынша «Шардара» су қоймасына жоғарыдан секундына 440 текше метр су түсуде. Ал қоймадағы су көлемі 3,7 млрд текше метрді құрап, төменге секундына 300 текше метр су тасталуда. Сондай-ақ, «Көксарайдан» дарияға секундына 300 текше метр су түсіп тұр. Бүгінгі күні «Шардара» мен «Көксарайда» барлығы 4,6 млрд текше метр су жиналып, ол өткен жыл кезеңімен салыстырғанда 1233 млн текше метрге кем болып отыр. Қазір облыс территориясына жоғарыдан бар­лығы 595 текше метр су түсіп, оның 451,7 текше метрі шаруашылықтардың егістік каналдарына жіберіліп жатыр.

Осылай диқандарды мазалаған су мәселесі аймақта өз шешімін тауып, егістік алқап толық қам­тамасыз етілді. Мұның өзі дала еңбеккерлерінің алдағы мол өнім жолындағы жұмыс­тарына негіз қаламақ.

Ж.ӘБІШОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<