Қазір өркениетке ұмтылған халық өзіне қолайлы барлық жағдайды жасауда. Оның ішінде, зәулім үйлерді соғып, ыстықта салқын, суықта жылы болатын құрылғыларды пайдаланып, бүкіл шаруаны үйден шықпай атқарудың қамын жасауда. Бұл тірлік бүгінде ауылдық жерлерде де жақсы дамыған.
Тауқыметті кезеңді кейін қалдырған жұрт тұрмыс түзелген соң өркениетті өмірге бейім¬делуде. Оның бір дәлелі, қазір ауыл келбеті ажарланып, заман талабына сай жаңа үйлер көбейген. Сырты көз тартатын баспананың іші де бүтін екені белгілі. Және де осы үйлерде кәріз жүйесі орнатылған. Тұрмыста тұтынған су кәріз жүйесі арқылы сыртқа шығады. Ол кейде жерге сіңіп кетсе, көбіне арнайы қазылған шұңқыр кәріз суына толып қалады. Осы тұста, ауыл халқы кәріз суын тарттыруға қаладан арнайы көлік шақыратыны анық. Оның бағасы әжептәуір екені айтпаса да белгілі.
Сырдария ауданы Бесарық ауылында бұл мәселенің де шешімі табылған. «Тәу-Сейіт» ЖШС төрағасы Оразбек Сейітмұратов қайтарымсыз несие арқылы «Кәріз жүйесін тарту» жобасына қаржы ұтып алған. Жоба құны 2 млн. теңгені құрайды. Бұл қаражатқа кәсіпкер кәріз тартуға арнайы көлік сатып алыпты. Оған ауыл тұрғыны Нұрлыбек Жүсіповты жұмысты еткен.
– Алғашында, тапсырыс болмағанымен, кейін халық үйренісе бастады. Көпшілігі көлікті қаладан шақыратын. Қазір аптасына 2-3 рет тапсырыс келеді. Сонымен қатар, көрші ауылдардан да тұрғындар шақыртып жатады, – дейді О.Сейітмұратов.
Ердос БЕРКІНБАЕВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<