КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ БАСТАЛДЫ

366

0

КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ БАСТАЛДЫ Облыс әкімінің бастамасымен 2018 жыл облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланды. Соған байланысты Кәсіпкерлікті дамытудың жол картасы қабылданды. Жол картасы аясында аймақтағы шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған шаралар жүзеге асатын болады. Айта кету керек, жол картасы 12 бөлімнен тұрады. Оған жаппай кәсіпкерлікті дамытуға дайындық жұмыстары, кәсіпкерлерді оқыту және кәсіпкерлерді қаржылай қолдау, экономиканың түрлі салаларында жобаларды жүзеге асыру, шығарылған өнімді сатуды қамтамасыз ету, аймақаралық әріптестікті дамыту, ақпараттық қолдау, сауданы дамыту, шағын және орта бизнес субъектілері үшін әкімшілік кедергілерді қысқарту, ҚР Үкіметінің жобалық басқару аясында нысаналы индикаторларға қол жеткізу, кәсіпкерлік саласында көрсетілетін қызметтерді цифрландыру, нысаналы индикаторлар нәтижелердің көрсеткіштері секілді шаралар кіреді.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Азамат Қаюповтың айтуынша, қазір қаржылық қолдау барысында  ауылдық жерде микронесиелер берудің географиясын кеңейтуге басымдық беріліп отыр. Бұл бағытқа тек биылғы жылы облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаражат бөлініп, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығына орналастырылған. Бүгінгі күннің өзінде осы орталықпен жалпы құ­ны 500 млн теңгеге микробизнес субъектілерінің 171 жобасы ма­құл­данған. Жалпы бұл мақсатқа түрлі қаржы көздерінен қосымша тағы 2 млрд теңге бағытталатын болады.
Басқарма өкілінің және атап өткеніндей, бұдан бөлек, 2018 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында микро­несие­лер беру үшін 1 млрд 900 млн теңге бөлініп отыр. Оның ішінде ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлікті дамытуға 1 млрд 810 млн теңге,  қалалық кәсіпкерлерге бөлінетіні 89,4 млн теңге.
Ауылдық жерлерде микронесиелер беру үшін бөлінген қаражаттың бүгінгі күні 1 млрд теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына», ал 810,9 млн теңгесі «Аграрлық несие корпорациясына» орналастырылғанын білдік. Сонымен бірге, Қызылорда қаласында микрокредиттер беруге бөлінген қаражат та «Даму» қорына аударылған. Қазіргі таңда «Даму» қоры аударылған қаражатты өңірлік екінші деңгейлі банктерге орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, микронесиелерді кепілдендіруге және микроқаржы ұйымдарының операциялық шы­ғын­­дарын субсидиялауға 263,2 млн теңге бөлінген. Жалпы бағдарлама шеңберінде бө­лінген қаражаттар бойынша несиелендіру осы сәуір айынан бастап жүргізілмек. Бұл ретте жыл соңына дейін 500 микрокредит беру жоспарлануда.
Ал тұрақты бизнес иелері үшін іске асырылып жатқан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде биылға 1 млрд 319 млн теңге бөлінген. Оның ішінде несиенің проценттік мөлшерлемесін субсидиялауға – 1 млрд теңге, несиелерді кепілдендіруге 119 млн теңге бағытталды. Жалпы жыл басынан бері бағдарлама шеңберінде құны 784 млн теңгені құрайтын 25 жоба субсидиялау үшін мақұлданды.
Жұртшылықты қызықтыратын жайттың бірі бизнесін жаңадан бастағандар үшін берілетін қайтарымсыз грант қаржысы. Оның несие қаражатынан бөлек болатыны белгілі. Сонымен  жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жаңа бизнес-идеяларын іске асыру үшін гранттық қаржыландыруға 200 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы конкурстық іріктеуден кейін беріледі. Конкурс өткізу туралы 2018 жылдың 17 сәуірінде бұқаралық ақпарат құралдарына хабарландыру берілді. Конкурстық іріктеуге құжаттар 19 сәуірден бастап 15 мамырға дейін қабылданады.  Қабылданған жобалар бойынша іріктеу үшін конкурстық комиссия отырысы 2018 жылдың 21-24 мамыры аралығында өткізілмек.
Сонымен «Бизнестің жол қартасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге, жас кәсіпкерлерге, әйелдерге, мү­гедектерге және 50 жастан асқан адамдарға (өз бизнесін құруға) мемлекеттік гранттар беру үшін конкурстық іріктеу басталуда. Бір жобаға берілетін гранттың ең жоғарғы көлемі 3 млн теңге. Жобада көрсетілген жұмыс көлеміне сәйкес 100-150 мың теңге де берілуі мүмкін. Қысқасы, жобаға қанша көлемде қаржы берілетінін комиссия шешеді.  
«Сәуір болмай, тәуір болмас» дегендей, кәсіпкерлерге қаржылық қолдау, яғни жеңілдетілген несиелер, микрокредиттер, қайтарымсыз гранттар беру бағытындағы жұмыстар басталып кетті. Жыл басында өткен облыстық мәс­лихаттың сессиясында аймақ басшысы кәсіпкерлерге берілетін қолдау қаржысын күздің аяғына дейін игеріп бітіру керек деген болатын.
Кәсіпкерлікті қолдау жылы көптеген облыс тұрғындары өз бизнесін өрге бастыра алады деп сенеміз. Олардың ісі өрге басса, тұрмыс-тіршіліктері жақсарады, жаңа жұмыс орындары пайда болып, салық базасы кеңейе түсетіні белгілі. Ол өз кезегінде өңірдің әлеуметтік-эконмикалық дамуына қозғаушы күш. Олай болса, өңірдегі өте маңызды бастаманың болашағы да жемісті деп бағалауға негіз бар.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<