Бейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Жалағаш, Сырдария аудандарында болды. Алдымен Жалағаштың Мәдениет ауылында жаңа екі нысан ел игілігіне берілді. Салтанатты шарада аймақ басшысы ауыл тұрғындарын құттықтап, құрылыс жүргізген мекемелер ұжымына алғысын білдірді.
– Бүгін – Мәдениет ауылында ерекше қуанышты сәт. Бір күнде спорт кешені мен мәдениет үйі пайдалануға беріліп отыр. Сонымен бірге шілде айында 90 орынды балабақша іске қосылады. Мәдениет ауылының болашағы зор. Спортта жеткен жетістіктері де аз емес. Ауылдағы жол мәселесі де шешімін табар күн алда. Жаңаталап пен Мәдениеттің үстінен өтетін 5 елді мекен мен Жалағашты қосатын жолдың жобасын жасауға қаржы бөлінді. Келер жылдың аяғына дейін Жалағаш пен Мәдениеттің арасында жол іске қосылады. Бұл болашаққа деген сенімді еселей түсетін еңбек, – деді облыс әкімі.
Спорт кешенін «Айдана» ЖШС құрылысшылары салды. Жалпы құны 187 млн теңге. Әдемі ғимараттың ауласы да келісті абаттандырылған. Енді мұнда спортшылар емін-еркін жаттығатын болады. Ал мәдениет үйінің құрылысын «СК и Монтаж-Строй» ЖШС жүргізген. Қос қабатты ғимарат 150 орынға шақталған. Жалпы құны 187,9 млн теңгені құрайды. Бұрын ауылда асар әдісімен салынған клуб үйі енді жаңа нысанға орналасады. Мұнда мамандар мен жастар үшін барлық жағдай жасалған. Өрендердің өнерін шыңдау үшін түрлі үйірмелер де жұмыс жасайды.
Одан әрі аудан орталығында облыс әкімінің төрағалығымен мәжіліс өткізіліп, «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Мәжілісте кәсіпкерлікті дамыту бойынша мүдделі мемлекеттік органдар, аудан, ауыл әкімдері мен осы жұмысқа тікелей жауапты мамандардың есебі тыңдалды.
– Биыл «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияладық. Кәсіпкерлікті қолдаудан тұрақты жұмыс орындары ашылады, бюджет кірісі артады. Сондықтан барлық мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек. Қаржы бар. Мемлекеттік бағдарламалар жеткілікті. Бастысы, жауапкершілік болу қажет. Жыл басынан бері облыста өңірлік инвестициялық орталық арқылы микронесие беру үшін жалпы сомасы 1 млрд теңге болатын 258 жоба мақұлданып, қаржыландырылды. Өңірде «Жол картасы» кешенді бағдарламасы әзірленіп, оны жүзеге асыру үшін барлық қаржы көздері есебінен 32 млрд теңге қарастырылды, – деді облыс әкімі.
Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсіп ашып, шаруасын дөңгелентемін деген азаматтарға мүмкіндік мол. Мәселен, қайтарымсыз грант алуға болады. Бірақ алынған қаржы мақсатты жұмсалу керек. Мұның бәрі қатаң бақылауға алынады.
Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың айтуынша, ауданда биылғы жылдың 1 маусымына тіркелген шағын және ортакәсіпкерлік субъектілерінің саны 2357 бірлікке жетіп, өткен жылмен салыстырғанда, 6,5 процентке артқан. Дегенмен, оның 582-сі әзірге тоқтап тұр. Жылдың қорытындысымен жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 90 процентке жеткізіледі деп күтілуде. Өткен жылы ауданда жылдық айналымы 2 млн теңгеден асатын 85 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша өткізілген қысқамерзімді оқу курсына ауданнан 132 азамат қатысып, сертификат алған. Ал биылғы жылы басталған «Бастау – Бизнес» жобасымен 59 тұрғын оқу курсын аяқтап, жобаларын қорғады. Енді несие алып, жұмыстарын жүргізуге кірісті. Шағын және орта кәсіпкерлікті бастау, дамыту мақсатында мемлекет ұсынған бағдарламалар аясында жыл басынан аудан бойынша құны 790 млн теңгені құрайтын 126 жоба қаржыландырылған. Атап айтар болсақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ облыстық филиалы арқылы 4 жоба мақұлданды. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктер арқылы несие алуға 3 кәсіпкердің жобаларының құжаттары дайындалуда. Мемлекеттік гранттар беру бағытында 26 жоба жеңімпаз атанды. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы ЖШС 31 жобаны қаржыландырды.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы 44 жоба, «Ауыл» несие серіктестігі» ЖШС арқылы 20 жоба, «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалы арқылы 1 жоба іске асырылды. Биыл ауданға кәсіпкерлік мақсатқа 2 млрд теңгеге жуық несие қаражаттарын алу жоспарланған. Сондай-ақ, 2012 жылы құрылған «Серпін» индустриалды аймағында бүгінгі күні жалпы құны 79,5 млн теңгені құрайтын 4 өндіріс орны іске қосылып, жұмыс жасауда. Қазіргі таңда индустриалды аймақ қайта қолға алынып, 6 жобаны орналастыру жұмыстары жасалуда. Соның бірі – күріш қалдығынан шикізат шығаратын зауыт құрылысы. Жоба жетекшісі Германия елінде инвесторлармен кездесіп, қолдау тапты. Бұдан бөлек, тағы құны 216 млн теңгені құрайтын 5 жобаны орналастыру үшін 3,9 гектар жер телімі табысталған. Бүгінде күріш ақтау және жем өндіру зауытының құрылыс жұмыстары басталды. Оған қоса 1 гектар жер учаскесіне жылыжай кешені мен ет бағытындағы құс фермасы салынбақ. Осы жылы жеке қаражат есебінен Мақпалкөл ауылдық округінен «Құрманбай ата» шаруа қожалығы 5 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен алма талын екті. БҰҰ Даму бағдарламасы аясында Таң ауылында оазисті суару жобасы «Манақ баба» ШҚ іске қосылды. Онда тамшылатып суару әдісімен алма ағаштары мен көкөністер егілуде. Ауданда кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Енді 10 ауылға жылыжай кешенін салу жоспарда бар. Жаңадария ауылында «Магро» шаруа қожалығы биылғы жылы аудан тұрғындарымен бірлесіп 35 гектар жерге көкөніс-бақша дақылдарын егіп, Ресей мемлекетіне саудаламақ. Сонымен қатар, қазіргі кезде ауданда 4 жоба, құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар – қоғамдық монша, қара күрішті ақтау цехы мен «АгроЛидерТаң» ЖШС-ның мал сою пункті, «Баба» ШҚ-ның асылтұқымды ешкілерді көбейту, сүт өңдеу фермасы. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту шаралары аясында жалағаштық жеке кәсіпкер С.Сисенбаев пен Таң ауылында «ТаңЛТД» ЖШС спорт кешендерін салуда. Кентте «Nomad Solar» ЖШС қуаттылығы 30 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы басталады.
2017 жылы облыс әкімінің бастамасымен «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ қызметін бастады. Орталық өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлермен қатар, шаруасын дөңгелентіп отырған жандарға да көмек көрсетеді. Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған тапсырмаларға сай бизнестегі әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында орталық қызметін электронды форматқа көшіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл жайында «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының» директоры Қамар Бекетова баяндады. Ол жыл соңына дейін орталықта көрсетілетін барлық қызмет түрі электронды форматқа көшірілетінін жеткізді. Аталған орталық пен геосервис тек біздің өңірде ғана жұмыс жасайтынын тілге тиек етті.
Мұнан кейін мәжіліс Сырдария ауданында жалғасты. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайын аудан әкімі Ғанибек Қазантаев айтып берді.
Бүгінде Сырдария ауданында 2169 шағын және ортакәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Тұрғындарды жаппай кәсіпкерлікке тарту мақсатында Жол картасы бекітілді. Ауылдарда кәсіпкерлікке қызмет көрсету кабинеттері ашылған. Облыстық қызмет көрсету орталығының аудандағы өкілі тарапынан кеңестер беріліп, қызмет көрсетілді. Сонымен қатар кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бизнес-Кеңесші» курсын 108 адам бітірген. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 32 адам оқытылған. Енді олар кәсібін бастауға ниетті. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты аясында стартап жаңа бизнес идеяларды іске асыруда 60 адамға мемлекеттік грант беру жоспарланып, үміткер 87 азамат тіркелді. «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау тетігі бойынша 4 жоба екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландырылды. Бұдан өзге 4 жоба банкте қаралуда және 3 жоба бойынша құжаттар дайындалуда. Бағдарламаның грант тетігі бойынша 28 жоба оң қорытындыға қол жеткізді. «Өңірлік инвестициялық» орталығының бақылаушы кеңесіне 202 жоба ұсынылып, 88 жоба мақұлданса, олардың басым бөлігі мал басын көбейту, бордақылау ісін кеңейту, монша ашу жобалары. Ал «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 7 жоба қаржыландырылып отыр. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған үкіметтік және өңірлік бағдарламалар арқылы осы кезге дейін 211 млн теңгенің 46 жобасы іске қосылып, 54 жұмыс орны ашылды. 2017-2021 жылдарға арналған «Даму» бағдарламасына сәйкес, 35 жобаны іске қосу жоспарланып, оның 15 жобасы жүзеге асырылды. Ауданда биыл 725 жаңа жұмыс орны ашылуы керек болса, оның 283-і іске қосылды. Жыл аяғына дейін қалған 442 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Мәжілісте ауылдық округ бойынша кәсіпкерлік бастамаларына көмек беретін жауапты тұлғалар мен ауыл әкімдерінің есебі тыңдалды. Облыс әкімі қолға алынған жұмыстардың нәтижелі болуы керектігін және жауапкершілік қатаң сұралатынын тағы бір нақтылый түсті.
***
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың жұмыс сапары Қазалы, Қармақшы аудандарында жалғасып, жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған мәжіліске қатысты.
Бүгінде Қазалыдағы кәсіпкерлік субъектісінің саны 4355-ке жетті. Оның 437-сі биылғы 5 айда тіркелді, бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе көп. Тізімде бар субъектілердің ішінде жұмыс істеп тұрғаны – 3634.
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларының орындалуына кеңірек тоқталды.
– «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 220 адамды оқыту жоспарланса, оқуға өтініш білдіргендер саны 240-қа жетті. «Бизнес-Кеңесші» жобасына қатысты 90 адамға меже берілсе, 219 адам курсты сәтті аяқтады. Жаңа бастамаларды жүзеге асыру үшін 25 қатысушыға мемлекеттік грант беру көзделіп отыр. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 8 кәсіпкер жалпы құны 37,1 млн теңге несие алды. Тағы 29 жобаның құжаты комиссия қарауында, – деді ол.
Ауданда кәсіпкерлікті бірнеше бағытта дамыту шаралары белгіленді. Бүгінде мұндағы өндірістік аймақта 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 4-і іске қосылып, 36 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар «Қазалы Керуен» БК ЖШС ұсынған көлік және сауда-логистика орталығы жобасын іске асыру қолға алынды. Жобаның І кезеңіне сәйкес қалааралық автовокзал салынады. «РЗА» АҚ сиыр өсіру кешені мен сүт зауытының II кезеңін жүзеге асырмақ. Бұдан бөлек, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында жоспарлы 5 учаскенің 2-і пайдалануға берілсе, қалғаны осы күзде аяқталады.
– Биыл атқарылған жұмыстың арқасында өзге өңірлерде кәсіппен айналысып жүрген 9 жерлесіміз салық төлеуші ретінде ауданға тіркелді. Кәсіпкерлердің белсенділігі жыл басында 76,4% болса, қазір бұл көрсеткіш 83,4%-ке артты. Жыл соңына дейін 900 жұмыс орны ашылады деген меже бар, – деді Мұрат Ергешбаев.
Жиында ауылдық округтердің әкімдері салада атқарылып жатқан жұмыс туралы баяндады. Аймақ басшысы аудан тарапынан ұсынылатын жобаларды көбейту керектігін ерекше атап өтті.
Осы күні Арықбалық ауылдық округіне қарасты Жанқожа батыр ауылында спорт кешені пайдалануға берілді. Аудандық №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Қуанған Бәкеннің айтуынша, мұнда жақын маңдағы 5 ауылдан балалар келіп, спорт түрлері бойынша қабілеттерін арттыра алады. Типтік жобадағы 120 орынды кешен құрылысын «Намыс-Құрылыс» ЖШС жүргізді.
Осындай жарық та әсем әлеуметтік нысан Қармақшы ауданының Төретам кентінде де ашылды. Жергілікті тұрғындардың қуанышына облыс әкімі ортақтасып, ізгі тілегін жеткізді. Денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын «Интегрострой» ЖШС өткен жылдың сәуір айында бастаған болатын.
Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Қармақшы ауданындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту шаралары жөніндегі мәжіліске қатысты. Жиында аудан әкімі Сұлтан Мақашов аталған тақырыпта баяндама жасады. Айтуынша, бүгінде 3341 кәсіпкерлік субъектісі есепке алынса, соның 2436-сы жұмыс істеп тұр.
– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде биыл кемінде 15 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қазір соның 5-уі қаржыландырылып, 20 жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 45 жоба несиелендіріліп, 45 адамға жұмыс табылды, – деді ол.
Жыл басынан бері түрлі бағдарламалар негізінде жалпы құны 435,65 млн теңгені құрайтын 110 жоба қаржыландырылды. Соған сәйкес, 130 адам жұмыспен қамтылды. Ауданда қолға алынған ауқымды жобалардың бірі – «Ақтөбе и К» ЖШС ұсынған құс фабрикасының құрылысы. Қазіргі уақытта құрылыс шаралары жүргізіліп жатыр.
Мәжілісте өңірлік кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Қамар Бекетова орталық ұсына алатын мүмкіндіктерге тоқталды. Мұнда жер, мемлекеттік кіріс, сәулет және қала құрылысы, жобаларды сүйемелдеуге байланысты 40 шақты қызмет түрі көрсетіледі. Ерекшелігі, ойға алған шаруаңды «бір терезе» қағидатымен азғантай уақыт ішінде тегін бітіре аласыз. Сонымен қатар, жиында елді мекендердегі жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыс жөнінде ауылдық округ әкімдері айтып берді.
Басқосуды қорытындылаған аймақ басшысы мемлекет қолдауын барынша тиімді пайдаланып, бизнесті өрістету қажеттігін жеткізді.
– Өздеріңізге белгілі, біз 2018 жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жарияладық. Жаппай кәсіпкерліктің дамуы тұрақты жұмыс орындарының құрылуына, салық базасының көбеюіне және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге тікелей әсер ететінін бұған дейін бірнеше рет айттым. Ал шағын бизнесті қолдау және дамыту осы міндеттерді бірдей шешуге мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.
Сара АДАЙБАЕВА,
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<