КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ҚАТАҢ

371

0

КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ҚАТАҢ «Статистика үшін жұмыс істеудің керегі жоқ». Сейсенбі, сәрсенбі күні өткен мәжілісте шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын тежеп отырған кейбір аудан және ауылдық округ басшыларына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатаң ескерту жасады.

2018-2020 жылдар өңірде «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» болып жарияланды. Үшжылдық аясындағы ауқымды шаралар тұрақты жұмыс орындарын ашу, салықты көбейту әрі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау сынды келелі міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Жыл басында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызылордалықтардың саны 97 мыңнан асып жығылса, бүгінде оның 64 мыңының мәртебесі заңға сәйкестендірілді. Өткен 9 айда 33 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды. Оның ішінде 42 процентіне жаппай кәсіпкерлікті қолдау шаралары ықпалын тигізген.

– 2017 жыл қорытындысымен жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 14,2 процент болды. Бұл көрсеткіш биыл – кемінде 15, ал 2020 жылы 25 процентке жетуі тиіс, – деді аймақ басшысы.

Алғашқы күнгі мәжілісте Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарының әкімдері қаңтар-қыркүйек айлары аралығында атқарылған жұмыс туралы айтып берді.

Арал ауданында тіркелген кәсіпкерлік нысандарының 83 проценті жұмыс істейді. Экономикалық белсенді халықтың 23 проценті осындай орындарда нан тауып жүр. Жыл басында 17 мыңнан астам адамның өзін-өзі еңбекпен қамтығаны анықталса, қазіргі күні ол 7 процентке кеміді.

– Жыл соңына дейін шағын және орта кәсіпкерлік саласында 9 нысан ашылатынын ескерсек, тағы қосымша жұмыс орындары пайда болмақ, – деді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.

Қазалы ауданы бойынша жыл басында кәсіпкерлік нысандары құны 3 млрд 85 млн теңге тұратын өнім өндіріп, қызмет көрсетті. Кәсіпкерлер белсенділігінің көрсеткіші қаңтар айында 76,4 процент болса, бүгінде ол 84,5-ке жетті. Аудан басшысы Мұрат Ергешбаев жұмыс істеп тұрған нысандар саны 3 700-ден асатынын, соның 30 процентінің жылдық айналымы 2 млн теңгеден жоғары екенін жеткізді.

Еңбекке жарамды қармақшылықтардың 30 проценті шағын және орта бизнес салаларына тартылған. Аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың айтуынша, тізімге алынған нысандардың тек 74 проценті қызмет көрсетеді. Жылдық айналымы 2 млн теңгеден асатын құрылымдар саны соның 17,4 процентін ғана құрап отыр.

Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев та жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы шараларға тоқталды.

– Тіркелген нысандардың 500-ге жуығы жұмыс істеп тұрған жоқ. Олардың санын азайту мақсатында жұмыс атқарылуда, – деді ол.

***

Келесі күнгі мәжілісте жаппай кәсіпкерлікті дамыту жағдайы туралы Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласының әкімдері баяндап берді.

Қазан айындағы статистикаға сәйкес, Сырдария ауданында 2 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелсе, оның 1800-ге жуығы халыққа пайдасын тигізуде. Дегенмен, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 17 процентке артқан.

– Кәсіпорындарда 812 млн теңгенің өнімі өндірілді. Ауылдық округтерде 28 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде құны 172 млн теңге болатын 36 жоба қаржыландырылып, 90-ға жуық жұмыс орны ашылды. Ал «Агробизнес» бағдарламасы бойынша қаржылай қолдау тапқан жобалар саны 14-ті құрады, – деді аудан әкімі Ғанибек Қазантаев.

Кәсіпкерлік нысандары санының арту көрінісі Шиеліде де байқалады. Атап айтқанда, есепті мерзімде 4600-ден астам нысан есепке алынған. Бұл өткен кезеңге қарағанда 8,6 процентке көп. Жыл басынан бері сала құрылымдарынан бюджетке 1 млрд 576 млн теңге көлемінде салық түсті. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлының айтуынша, жылдық портфелі 2 млн теңгеден асатын нысандар саны осы жылдың мамыр айында 390 шамасында болса, қазан айында олардың қатарына тағы 100-ге жуығы қосылды. Қазіргі таңда 12 жоба жүзеге асырылуда.

Жаңақорған ауданында шағын және орта бизнес нысандарының белсенділігі жоғары боп шықты. Тіркеудегі 3800-ден астам құрылымның 3700-дейі немесе 96 проценті нақты жұмыс істейді.

– Экономикалық белсенді халық саны 36 мыңнан жоғары. Оның 34 мыңнан астамы еңбекке тартылған болса, 19 мыңдайы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарында. Жұмыссыздық деңгейі – 4,9 процент, – деді аудан басшысы Ғалым Әміреев.

Облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының басым бөлігі, атап айтқанда, 48 проценті Қызылорда қаласының үлесіне тиесілі. Бұл туралы мәжілісте қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 7,4 процентке артып отыр. Өткен 9 айда облыс орталығында 2600-ден астам кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, 2700-ге жуық жұмыс орны ашылды.

– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жұмыс жалғасын табуда. Бағдарлама аясында есепті мерзім ішінде құны 3 млрд 171 млн теңге тұратын 52 жоба мақұлданды. Қала және қалаға қарасты кент, елді мекен тұрғындары ұсынған 52 жобаға 63 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілді, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиында тапсырманы өз дәрежесінде орындамаған, тиісті нәтижеге қол жеткізе алмаған бірқатар елді мекеннің әкімдері сөз сөйледі. Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша өңір басшысы олардың кейбіріне «сөгіс» жарияласа, енді біріне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасады.

Облыс әкімі екінші деңгейлі банктердің жұмысын сынға алып, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы тағы 5 жылға ұзартылғанын айта келе, несие портфелін ұлғайтуды жүктеді. Жыл соңында облыстың кеңейтілген актив отырысы болатынын қаперге салып, кәсіпкерлікті жаппай дамыту бағытындағы жұмысты одан әрі күшейтуді тапсырды. Ал аты бар, заты жоқ кәсіпкерлік нысандарына мұқият тексеру жүргізіледі.

Назерке САНИЯЗОВА, 

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<