Кәсіптен нәсіп тапқандар

681

0

Кәсіптен нәсіп тапқандар Елімізде кәсіпкерлік саласы өркендеп келеді. Әуелі экономика, сонан соң саясат ұстанымы көптеген өнеркәсіп кешендері мен өндіріс орындарының бой көтеруінің алғышартына айналды. Оның үстіне аймақ басшысының ағымдағы жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялауы саланың екінші тынысын ашып бергендей. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Жаңақорған ауданындағы нысандарға жасалған баспасөз турында БАҚ өкілдері сала табысымен танысып, биыл атқарылар шаралар легінен хабардар болды.

 Баспасөз туры Төменарық ауылындағы нан комбинатынан бастау алды. 4500 тұрғыны бар елді мекенді жеке кәсіпкер Жолдасбек Нұрманұлы ас атасымен қамтамасыз етіп отыр. Ақпан айының 26-сы күні ашылған цех әзірге тәулігіне 120 нан өткізіп, ауылдың екі тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер Жолдасбек Менгбетов бірнеше бөліктен тұратын ғимаратты өз қаражатына тұрғызып, қажетті құрал-жабдықтар мен нан тарату көлігін сатып алу үшін «Кәсіпкерлікті қолдау» бағдарламасы аясында 2 миллион теңге несие алған. Ол алдағы уақытта жобаны кеңейтіп, ауыл тұрғындарына кондитерлік өнімдерін ұсынғысы келетінін айтты. Айта кетейік, Төменарық ауылында 60 жеке кәсіпкер тіркелген.

Кәсіппен айналысу үшін жас болуыңыз маңызды емес. Бұған сексеннен асқан Сабытхан Сайфулмаликовтың өнеркәсіп орындарымен танысқанда көзіміз жетті. «Мөлдір» деп аталатын бұл қожалықта азық-түлік дүкенімен қатар кондитер, тігін, есік-терезе және үш нан цехы орналасқан. Кент аумағында тағы сегіз сауда нүктесі жалға берілген.

– Біз кәсіпкерлікті бастаған жылдары еліміздің жағдайы мәз емес еді. Оның үстіне ол заманда кәсіпкерлерге тексерушілер қырғидай тиетін. Қиындықтарды өткеріп, осы күнге жеттік. Қожалықта отызға жуық адам жұмыс жасайды. Қазір Елбасы қолдауының аясында арқамызды кеңге жайып, кәсібімізді кедергісіз дамытып отырған жайымыз бар, – дейді кәсіпкер.

Одан әрі ат басын «Атамекен» ойын-сауық кешеніне бұрдық. Нысанның төменгі бөлігінде асхана орналасқан. Ал екінші қабатында балаларға арналған ойын алаңы мен 3D форматында кино көруге мүмкіндік бар. Кәсібін көкөніс өнімдерін сатудан бастаған кәсіпкер Мұрат Пернебаев «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы алған 20 миллион теңгеге өз қаражатын қосып, аталған кешенді кент тұрғындарына пайдалануға беріп отыр. Айта кету керек, несие «Даму» КҚҚ арқылы 5 пайыздық төменгі мөлшерлемемен берілген.

Мал өнімдері бүгінде айтарлықтай сұранысқа ие. Тіпті, алыс-жақын шетелдерге ет өнімдерін экспорттау да жолға қойылған. Бүгінде осы кәсіптің нәсібін көріп жүрген еңбек адамдары жоқ емес. Мәселен, «Миялы» ауылшаруашылық кооперативіне қарасты «Рауан» қожалығының иесі Ерлан Әбсаттаров 2016 жылы мал семіртіп, бордақылау үшін «50 ауыл» бағдарламасы негізінде 6 пайыздық жеңілдікпен 3 миллион теңге несие алған. «Нұрлан А» шаруа қожалығына да басшылық жасайтын Ерлан малдың жем-шөбін аталған қожалықта өзі егіп, дайындап алады. Кәсіпкер тірліктің бұл түрінен жеткілікті пайда көріп отырғанын айтады.

Мал бордақылап, сату арқылы табыс тауып отырған жанның бірі – жас кәсіпкер Рысбек Айдархан. Ол да кооперативке мүше болу арқылы ауыл шаруашылығын қолдау қорынан төменгі пайызбен 3,5 миллион теңге несиеге қол жеткізгенін айтады. Алты ай бойы несиелік «демалысы» тағы бар. Өткен жылы 20 бас ірі қараны бордақылап, сатып, қазіргі таңда 14 бастың күтімін жасап, семіртуде. Алдағы уақытта қожалықты кеңейткісі келетін ойы барын да жасырмады.

2016 жылдың наурыз айында 12 шаруа қожалығы бірігіп, «Миялы» ауылшаруашылық кооперативі құрылды. Алғашында егін шаруа­шылығымен ғана айналысқан бұл ұйым «50 ауыл» бағдарламасы арқылы мал өсіруге ден қойған. Дегенмен, аталған  шаруа қожалықтарының төрағалары әр ірі қараға мемлекет тарапынан берілетін субсидиядан қағылып отырғандарына қынжылады. Себебі, тапсырыспен келген модульді мал сою бекетінен 12 түрлі кемшілік табылып, стандартқа сай келмегендіктен,  қол­данысқа  берілмеген.  Мұның да құнының тең жартысын мемлекет субсидиялаған болатын. Ал, мал сою бекетін жеткізуші компания алдағы уақытта нысанды қайта құрып, іске қосып береміз деп отыр.

Баспасөз туры Жаңақорған аудандық әкім­дігінде тәмамдалды. Аудан әкімі Ғалым Əміреев жиынға қатысушылардың ұсыныс-талаптарын тыңдап, кәсіпкерлікті одан әрі дамытудың жолдарын талқылады.

Кәсіптен нәсіп тапқандарКәсіптен нәсіп тапқандар

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<