Күріштік көлемі қысқарады

948

0

Қызылорда облысы Сырдария өзенінің ең төменгі ағысында орналасқан. Жоғарыдан келетін суға жалтақтайтынымыз содан.

Ендігі жерде дария суын тиімді пайдаланудың бір амалы – қысқы тасқын суды жинау. Ол үшін 2,3 млрд текше метр су сыятын 6 қойма салынады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов айтты.

– Өзен арқылы судың 70 проценті қысқы уақытта келіп түседі. Суармалы жерді қалпына келтіру жұмысының маңызы зор. Салынатын су қоймалары тасқын суды жинауға, қажеттілікті қамтуға мүмкіндік береді. Ал суармалы жерді айналымға қосу, егістіктегі ирригация және дренаж жүйесін жетілдіру арқылы суармалы алқаптың 80 процентін қалпына келтіреміз, – деді ол.

Мамандар Сырдарияға күріштік алқаптың көлемін қысқарту арқылы да «көмектесуге» болатынын алға тартады. Жергілікті диқандар осылайша биыл басты дақылды 5,1 мың гектарға аз егуге бекініп отыр. Есесіне суды аз қажет ететін дақылдар 4 мың гектарға артық егіледі.

– Бір гектар күрішті күтіп-баптауға кем дегенде 30-35 мың текше метр су керек. Оның орнын қызанақпен алмастырған жағдайда он есе көп көлемде егіп, жинауға мүмкіндік бар. Сыр салысынан түсетін табыс мөлшері шамамен 500 мың теңгеден аспайды. Ал қызанақ егу арқылы 3 млн теңгеге жуық пайда табуға болады. Бүгінде біз шаруашылықтарға егістікті әртараптандырудың маңызын түсіндіріп келеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Әйтсе де, Сыр өңірі экспортта күрішпен ғана шектеліп отырған жоқ. Былтыр Германия мен Нидерландқа қамыстың, Өзбекстанға бидай ұнының алғашқы легін жөнелтті. Қытай мен Ауғанстан мақсары майын, Ресей қауын-қарбызымызды тонналап қабылдап алды.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<