ЛАЙЫҚТЫЛАРҒА МАРАПАТ

356

0

ЛАЙЫҚТЫЛАРҒА МАРАПАТ Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Астана – 20 жыл» медалімен бірқатар азаматты марапаттап, алдағы жұмыс­тарына табыс тіледі.

– Биыл Астана қаласының – 20, Қызылорда қа­ласының 200 жылдығын атап өтудеміз. Қазақстанның алғашқы астанасы мен бүгінгі Астананың арасында үндестік, тарихи байланыс бар. Бүгінде Қызылорда қаласы Астанаға қарап бой түзеп, Сырдың сол жағасына қарай кеңейіп келеді.  Биыл қыркүйек айында сол жағалаудағы бірінші шағын ауданның алғашқы нысандарын іске қосамыз. Келер жылы үш шағын ауданның құрылысына кірісеміз деп жоспарлап отырмыз. Болашақта Қызылорда қаласын сәулеті мен дәулеті астасқан еліміздің ең көрікті шаһарына айналдыру үшін қызылордалықтардың жасап жатқан еңбегі зор деп  айтар едім. Өздеріңізге белгілі, 3 шілде күні Астананың 20 жылдық мерейтойына Сырдың сыйы – зымыран ғарыш техникасы музейінің ашылуы Елбасының қатысуымен өтті. Музей Мемлекет басшысынан оң бағасын алды,–деді аймақ басшысы. 

Мемлекет басшысы Елорданың қалыптасуына ерекше үлес қосқан азаматтарды марапаттау үшін арнайы «Астана – 20 жыл» мерекелік медалін тағайындаған болатын. Жиында облыс әкімі осы мерекелік медальді еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері Абдолла Дәулетов пен Қожахмет Баймахановтың, Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың, Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреевтің кеудесіне тақты. Сонымен қатар Зымыран ғарыш  техникасы музейінің ашық экспозициясының құрылысына ерекше үлес қосқаны үшін бірқатар  азамат Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<