Әлеммен рухани үндестік қайнары

402

0

Әлеммен рухани үндестік қайнары Елбасының әлемнің көрінісін оқулықтар арқылы тереңдетуінің түпкі негізі – өскелең ұрпақты жаһандық білім кеңістігіне бағыттау. Рухани құндылықтардың негізгі тіректерінің бірі – оқулық екенін ескерсек, жобаның астарында жас ұрпақты кітап оқуға бағыттау саясаты жатқаны анық.
Шетелдік философия, психология, әлеу­меттану, мәдениеттану бағыттарындағы оқулықтарды қазақ тіліне аударудағы басты мүдде – озық шетелдік тәжірибені меңгеру, оны жеке және кәсіби өмір жолында пайдалану. Гуманитарлық білім бағытындағы оқулықтарды қазақ тіліне тәржімалау әлемдік тәжірибені еркін пай­далану мен олардың қолжетімділік мүмкіндігін арттырады.
Қоғамдағы ғылым мен техниканың жетістігі, әрине, өркениетке қосатын бірден-бір жол екенін мойындаймыз. Дегенмен, күнделікті өмірде тұлғааралық, іскерлік және отбасылық қарым-қатынас негіздерін, танымдық үдерісіміз бен әрекетімізді, рухани әлеміміз бен ішкі жан дүниемізді өзіміздің тануымызға бағыттайтын психо­логиялық білімдерге бағыттау қоғам сұранысынан туындайды.
Гарвард университетінің профессоры Эллиот Аронсонның қазақша «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе» оқулығы тұлғаға бағытталған тәрбие идеясын іске асырудың бірден-бір жолы екенін айтуға тиіспіз. Оқырман автордың еңбегінен адамның ішкі әлемінің терең және нәзік тұстарына байланысты өмірлік жағдайларда кездесетін сұрақтардың жауабын табады.
Гуманитарлық білім бағытындағы кітап­тарды қазақ тіліне аудару бастамасы еліміздің әрбір азаматының өресін кеңей­туге, рухани жаңғыруына мүмкіндік бере отырып, мемлекетіміздің тұғырын биіктететіні айдан анық.

Алмагүл АЯҒАНОВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ педагогика және психология кафедрасының
қауымдастырылған профессоры м.а.,
психология ғылымдарының кандидаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<