Әлеуметтің әлеуетін арттыратын бес әлеуметтік бастама

387

0

Әлеуметтің әлеуетін арттыратын  бес әлеуметтік бастама Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті қос палатасының бірлескен отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі жарияланды.
Бұл Президенттің бес әлеуметтік бастамасы халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуды, оның ішінде бірінші кезекте әрбір отбасының баспаналы болуына жаңа мүмкіндіктер беру, көнкөрісі төмен, жалақысы мардымсыз жұмысшылардың еңбекақысын салық мөлшерін төмендету арқылы көбейту, жастардың оның ішінде орта мектепті бітіруші түлектерді жоғары біліммен барынша қамту, ол үшін жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері үшін жатақханалар салу, жұмыссыз және өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтардың жаппай кәсіпкерлікпен айналысуы үшін шағын несие беруді жандандыру, орталық және солтүстік өңірлердегі елді-мекендерді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру сияқты әлеуметтік маңызы бар ең өзекті мәселелерді қамтып отыр.
Ол үшін Үкімет пен Ұлттық Банкке әлеуметтік бастамаларды іске асырудың егжей-тегжейлі тетіктерін қарастыру тапсырылды.
Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуды мақсат еткен үшінші бастама білім саласы үшін аса маңызды болып отыр.
Алдағы 2018-2019 оқу жылынан бастап мектеп бітіруші түлектердің жоғары білім алуына мүмкіндік беретін қосымша 20 мың грант бөлінетін болды. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге бағытталып отыр.
Сонымен бірге, жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алып жатқан студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуді мемлекеттік жекеменшік серіктестік арқылы шешуді, 2022 жыл соңына дейін 75 мың орынды жаңа жатақхана салуды, соның негізінде жастардың жатақханаға деген тапшылығын біржола шешуді Елбасы Н.Назарбаев нақты тапсырды.
Біздің өңірімізде облыс әкімі Қ.Көшербаевтың  қолдауымен соңғы  бірнеше жылда колледждерде білім алып жатқан студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен тиісті қаражаттар бөлініп, апаттық жағдайдағы жатақханаларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, 2016-2017 жылдары Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің 50 орынды, Шиелі индустриалды-аграрлы колледжінің 240 орынды, Жалағаш индустриалды-аграрлы колледжінің 50 орынды жатақханалары пайдалануға берілді.
Сонымен бірге, С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінің 200 орынды жатақханасы бар 600 орынды жаңа кешенінің құрылысын салу ағымдағы жылы мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында жүргізілетін болады.
2018 жылы Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінің 100 орынды, Арал индустриалды-техникалық колледжінің 50 орынды жатақханалары күрделі жөндеуден өткізіліп, студенттердің игілігі үшін пайдалануға беріледі.
Президенттің бес бастамасын жүзеге асыру үшін халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, маңызы бар шаралардың тиянақты орындалуын бақылау «Нұр Отан» партиясына тапсырылды.
Бұл ретте, аймағымыздағы білім саласының қызметкерлері мен үстіміздегі жылы мектеп бітіруші түлектер және жастар үшін маңызды бастама, әлеуметтік қолдау болған Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа үндеуі қызу талқыланып, үлкен қолдауға ие болып жатыр.
Жалпы әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған бес бастаманы «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген халқымыздың қанатты сөзін негізге ала отырып елдің бірлігі мен ынтымағының арқасында жүзеге асырып, биік белестерді бағындырып, табыстарға қол жеткізетінімізге сенім мол.
Бекжан ЕСЕНБАЕВ
Облыстық білім басқармасының
бөлім басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<