Әлеуметтік капиталды күшейту арқылы Қазақстан болашағын бекемдеп жатыр

338

0

Әлеуметтік капиталды күшейту арқылы Қазақстан болашағын бекемдеп жатыр Әлеуметтік капиталды күшейту арқылы Қазақстан болашағын бекемдеуде. Бұл туралы елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
«Осы жылдардың ішінде 1300 заманауи медициналық құрылғылармен қамтылған аурухана, емхана мен амбулатория ашылды. Осының арқасында қазақстандықтардың өмір ұзақтығы жақсарып, өлім-жітім азайды, аналарға қолдау көрсетілді. 1545 жаңа мектеп, 500-ден астам балабақша – біздің балалардың болашағына салынған салым. 70 стадион, 36 спорт сарайы, 70 мыңнан астам спорттық алаң ашылды. Бұл – қазақстандықтардың денсаулығы мен балалардың болашағы үшін жасалып жатыр. Музейлердің саны 2,7 есеге, театрлар 1,5 есеге, кітапханалар 4 есеге көбейді. Ешқашан тарихта Қазақстан аумағында осындай қысқа ғана уақыттың ішінде осыншама көп әлеуметтік нысан салынбаған», – деді Мемлекет басшысы.
 Президент өз сөзінде осынау әлеуметтік-мәдени және спорттық нысандар елдің барлық азаматтары үшін жұмыс істеп тұрғанын, әрбір қазақстандық өзінің күнделікті еңбегі арқылы ел дамуына өз үлесін қосып жатқанын атап өтті. «Осылайша, біз күнделікті өмірде бәлкім ұмытып, байқамай да жүрген шығармыз. Біздің барлығымыз бүкіл ел болып Қазақстанның өсіп келе жатқан әлеуетіне үлес қосып келеміз. Еліміз қаншалықты бай болса, мемлекетіміздің әрбір азаматы соншалықты дәулетті болады», – деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік капиталды күшейту арқылы Қазақстан болашағын бекемдеп жатқанын тілге тиек етті. «Бұл – прагматикалық шындық. Себебі, әлеуметтік капитал – адам мен қоғамның өсуін мұрындық болатын әлеует. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім бағытында біз ұзақ жолды басып өттік: 600 доллардан 10 мың долларға дейін жеттік. Девальвация болмаған жағдайда біз көрсеткіш одан да жоғары болар еді. Әлеуметтік капиталға инвестицияны арттыруға мүмкіндік беретін база да – осы. Бір ғана мысал: қаңтар айында Бүкіләлемдік экономикалық форумда мемлекеттердің экономика ауқымын бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол – эксклюзивті даму индексі деп аталады. Ол ЖІӨ-нің өсімімен және өзге де 11 параметрмен есептеледі. Осы 11 параметрдің ішінде ең бастысы – әл-ауқатқа маңыз берілді. Міне, дамушы 74 мемлекет енген рейтингте Қазақстан 15-ші орын алды. Менің ойымша, бұл біздің жұмыстың лайықты нәтижесі деген ойдамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетсек, елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясы өтіп жатыр. «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деген күн тәртібімен басталған сессия жұмысына 1 500-ден астам адам қатысуда. Олардың қатарында елдің барлық өңірлерінен келген Ассамблеяның ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, ЖОО ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауымның және БАҚ-тың өкілдері бар. Сессия соңында салтанатты концерт өтеді.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<