Әлеуметтік жаңғыру негізі

574

0

Әлеуметтік жаңғыру негізі Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі барлық қоғам мүшелеріне арналған бағдарламалық құжат екендігі анық. Әлемде әлі басыла қоймаған экономикалық дағдарыс барысында Елбасының мұндай бастамалар көтеруі  еліміздің бойына күш, қазынасына қаржы жинап, қуатты елге айналуының кепілі болатындығына халық сенімді.

Ғылымда жаңғыруды дәстүрлі аграрлық қоғамнан заманауи индустриалды қоғамға өтудің тарихи процесі деп көрсетіледі. Жаңғыру қоғамдық жүйені жетілдіруге бағытталған технологиялық, әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени, рухани өзгерістердің жиынтығы. Сондықтан Елбасының жаңа бағдарламасы еліміздің әлеуметтік жаңғыруы жолындағы ауқымды қадамдар жасауының іргетасы болмақ.

Мемлекет басшысы үшінші бастамасында «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» туралы айтады. Мемлекеттің өскелең ұрпаққа деген қамқорлығының айқын көрінісін білдіретін бұл бастама жастарымызды серпілтіп тастады. Бұрын жылына бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 20 мың орын бөлінуі жастардың білім алуға ынтасын арттыратындығы белгілі.  Бұл бастама мектеп оқушыларын инженер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының маманы болуына қызығушылық туындатады деп ойлаймыз.

Елбасы өз сөзінде бүгінгі жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігіне тоқталды. Аталмыш міндетті шешу үшін мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек екендігі айтылды. Бұл қағида 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу тапсырмасының негізі болады.

Елбасы бастамаларды көтеру барысында әлеуметтік бірлік қағидасына ерекше назар аударады. Өз сөзінде: «Заманауи жаһандық ахуалда ұлттық бірлік – әлеуметтік бірлік, ал қалыптасқан мемлекет – әлеуметтік мемлекет» деп атап көрсетті. Әлеуметтік бірлік қоғамдық өмірдің басқа да құбылыстары сияқты ұдайы дамуы және жетілдірілуі керек. Бұл заманауи қазақстандық қоғамның тұрақты дамуының кепілі деп түсінеміз. Сондықтан Елбасының бес әлеуметтік бастамасы бүкіл қоғамның әлеуметтік жаңғыруының негізі болатындығына толықтай сенімдіміз.

Ботагөз ПАРИДИНОВА

философия магистрі, 

«Болашақ» университетінің колледжінің директоры (Қызылорда қаласы)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<