Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен актив жиыны өтіп, онда аймақ басшысы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлыбек Жолдасбаевты зейнет жасына жетуімен құттықтады.
–Үлкенді сыйлау, құрметтеу, азаматтың еңбегін бағалау – халқымыздың қанына біткен ұлы қасиет. Үлкенге құрмет, кішіге ізет деген ізгілікті ілтипатпен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жолдасбаевты құрметті зейнет демалысына шығарып салғалы отырмыз, – деген аймақ басшысы бірқатар салаларда жетекшілік жасаған Нұрлыбек Қалжатайұлының аймақтың дамуына қосқан үлесі жайында айтып өтті және оған облыстың Құрмет грамотасын табыстап, иығына шапан жапты.
Нұрлыбек Қалжатайұлы 1955 жылы 5 наурызда Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қызылорда совхоз-техникумын – зоотехник, Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын зоотехник-зооинженер мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1972 жылы Жалағаш ауданы «Мәдениет» кеңшарында жұмысшы ретінде бастаған ол 1984-1998 жылдар аралығында аталған кеңшарда зоотехник, директор қызметтерін атқарды. 1998 жылдан бүгінге дейін Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары, Жалағаш, Жаңақорған аудандарының әкімі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы, облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры, еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы және облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы лауазымын атқарды.
Өз кезегінде Нұрлыбек Жолдасбаев еңбегін елеп, құрмет көрсетіп жатқан облыс басшылығына, әріптестеріне алғысын айтып, жылы лебізін білдірді.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<