ҮЛКЕН ҮШЕУДІҢ ҮЛГІСІ (немесе бір ауылдан шыққан қаламгерлердің көшбасшыларының бірі Бегімбай Ұзақбаев туралы сыр-толғам)

658

0

ҮЛКЕН  ҮШЕУДІҢ ҮЛГІСІ (немесе бір ауылдан шыққан қаламгерлердің көшбасшыларының бірі Бегімбай Ұзақбаев туралы сыр-толғам) Арал қойнауындағы біздің ауыл барша жұртқа көкте самғаған ұшқыштарымен танымал. Шетінен ұшқыштың оқуын бітірген Қаратереңнің қайсар жігіттері қалт-құлт еткен АН-2-ден бастап, құлашы кең, әукесі әйдік әуе кемелерін ерттеп мініп, жер түбіне айдап кете береді. Бұлар тек ұзын тұмсық ұшақты ғана емес, жайынбас тікұшақты да шырқ үйіреді. Бетін аулақ қылсын, теңіз беткейінде әлдеқандай бір жағдай бола қалса, тәуекелге бел байлап, алдымен жететін де солар. Ал енді бүгінде осы теңіз қолтығындағы Қаратереңнің «Миминолары» жөнінде көпшілік жақсы біледі. Себебі, оларды қалың елге кеңінен танытқан журналистер қауымы еді.

Журналистер демекші, Қаратереңнің ұшқыштардан кейінгі бар байлығы – осылар. Бүгінде ауылдан шыққан ұзын-саны жиырмаға жуықтайтын қаламгерлер көшін тоқсанға келсе де тұғырдан түспеген ақпарат абызы Шәкірат Дәрмағанбетов бастап тұр. Ол – біздің ең бірінші есімін естіген журналисіміз. Қаратерең келіндерінің оған қойған лақап аты – Жазушы қайнаға. Құм арасында өсіп-өнген, жазуға құмар ұландар үшін ол – публицистиканың патриархы. Сонау Аралда тұрып-ақ бүкіл елге танылды. Кітаптары кеңестік дәуірде шықты. Жазғандары республикалық басылымдарда әлі күнге дейін тоқтаусыз басылады. Одан соң Шәкірат ағаның інісі, жүйрік журналист, парасатты публицист Шәкізат Дәрмағанбетовтің есімі құрметпен аталады. Ол кісі «Социалистік Қазақстанның» аппаратында он бес жылға жуық жұмыс істеді. Осы басылымның Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі, «Сыр бойының» жауапты хатшысы қызметін атқарды. Яғни, ол аядай ауылдан басталған журналистік соқпақты барынша кеңейтті.

Үшіншісі – журналист-жазушы Бегімбай Ұзақбаев. Осы үшеуі қалам ұстауға талпынған кейінгі буын үшін аса қадірлі болды. Бұл кісілер Қаратерең секілді ара-тұра құм суырып тұратын шағын ауылдан шығып, бүкіл елге сөз айтатын қаламгер атануға болатынын дәлелдеді. Сол арқылы соңынан ерген жастарға үздік үлгі болды. Қаратереңнің қаламға құмар қара сирақ балаларының біразы оларды қазақтың үш биінен кем көрмеген сияқты.

Бір кезде Тахауи Ахтановтың шығар­машылық портретін жасаған академик-жазушы Зейнолла Қабдолов оның үш туындысын («Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін») айрықша бөліп алып, «Үлкен үшеу» деп атап еді. Сол сияқты қияндағы Қаратереңнің қаламгерлік мектебінде осы үлкен үшеудің орны бөлек.Бұлар кейін бір ауылдың шеңберінен шығып, бүкіл өңір мақтан ететіндей абырой-бедел жинады.

Бүгінгі әңгімеміз осы үшеудің кішісі жайында болмақ. Алдыңғы екі ағамызға қарағанда Бегімбай Ұзақбаевтың заманы бізге жақындау. Сондықтан, ой-пікіріміз де, таным-тағылымымыз да үндестік пен үйлестіктің болуы заңды. Мен жасымнан ол кісінің атына қанық едім. Себебі, ауыл адамдары Бегімбай ағаны еті тірі, өмірге епті, жазу-сызуға икемді жігіт ретінде кейіптейтін. Бір кезде ауыл жастарының көшбасшысы болған оның ұйымдастыру қабілеті жоғары екені жөнінде жиі айтылатын. Жалпы, үлкендердің әңгімесінен көп нәрсені ұғасың, кімге ілесу, кіммен күресу, нені үйрену, неден жирену қажеттігін түсінесің. Сондықтан ол туралы «Елдің атын шығарып жүрген жақсы ағамыз екен ғой» деген орнықты  пікіріміз ерте қалыптасты. 

Бегімбай Ұзақбаев өзі туып-өскен Қаратереңдегі орта мектепте мұғалім болды. Ол мен оқитын класқа сабақ берген емес, бірақ оның алдын көрген оқушылар ылғи да жағымды пікір айтатын. Балаға ұрсып-зекімейтін, керісінше, мейірімге бөлеп, бауырына көбірек тартатын жаңашыл ұстаз болған тәрізді. Кейін ұзақ жыл облыстық радиода қызмет істеді. Беделді әрі белсенді журналист ретінде аймақтағы бірталай мәселелерді шешуге атсалысты. Ара-тұра ауылға келгенде өзі оқыған және ұстаздық қызмет атқарған мектепке соғады. Жүріс-тұрысы, іс-қимылы, сөз саптауы өнегелі көрінетін. Ал мұндай кісілер санаңа тек қана тәуір ойларды ұялататыны анық.

Үйдегі үлкендеріміз жетімдік көрсе де жасымаған, анасы Сәнім мен қарындасы Бақытты алақанына салып аялаған жас Бегімбайды бізге үнемі үлгі ететін. «Шешесі оларды қажымай-талмай еңбек етіп жүріп өсіріп еді, енді бұл соның қарымтасын қайтарып жатыр», – десетін. Мұны біз өрісті өнеге ретінде көңілге түйетінбіз. Жалғыз ұл болып жетілген соң, көпбалалы болуды армандаған шығар, ағамыздың шаңырағына шаттық әкелген перзенттері баршылық. Бекең өмірге келген ұл-қыздарына Киев, Жапырақ деп ат қоя бастағанда оның шығармашылық танымы бөлектеу екенін бірден аңғарғанбыз. Ол тұста қиялы жүйрік, ойы ұшқыр қаламгерлер ғана балаларына осындай қалыпқа сыймайтын аттар қоятын. Бір кезде тіршіліктің көшінен қалып қоймау үшін жанталасқан ұғымтал ұл бүгінде үрім-бұтағын өрбітіп, тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерекке айналды. Ұлы ұяға, қызы қияға қонды. Немерелері алыс-жақын елдерден несібе теріп жүр. Қаламгер болу үшін бақ пен бап қатар тұруы керек десек, Бегімбай ағамыз бұл жағынан да кенде қалмаған сияқты.

Біздің кейіпкеріміз біраз уақыт КСРО Дін істері жөніндегі кеңесінің Қызылорда облысындағы өкілі деп аталатын қызметте болды. Сол кезде осындай іргелі мекемеде біздің ауылдың жігітінің жүргенін іштей ептеп мақтан ететінбіз. Жыр алыбы Жамбыл атамыздың ізімен ой толғаған Қабдоловша қайырып, «Дінсіздерге дін болған» деп, оны кәдімгідей арқа тұтатынбыз.

Журналист Бегімбай Ұзақбаев қоғамды ілгерілету ісіне мол үлес қосты. Аңқасы кепкен Аралдың жайын жазды, Сыр өңірінің тұғырлы тұлғалары туралы қалам тербеді, имандылық мәселелерін жиі көтерді. Мақалалары республикалық басылымдарда тұрақты жарияланып тұрды. Жасынан қиындық көріп өскен ол жұрттың мұң-мұқтажына мейлінше құлақ асуға тырысты. Кейін журналистік біліміне қоса Алматы партия мектебінің идеологтар даярлайтын бөлімін бітіріп, бұл саланың қоғамдық-саяси тынысына ден қойды.

Бегімбай ағамыз тек публицистикамен шектеліп қалған жоқ. Ол көркем әдебиетке молынан олжа салды. Көркем әдебиет болғанда, анау-мынау қаламгердің батылы жетпейтін тарихи романға қол созды. Жалаңтөс баһадүр туралы романы жарыққа шыққанда Алаштың абызы, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі Әбіш Кекілбаев алғы сөз жазды. Бекең, «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, Қарабура әулие, Марал баба, Сопы Әзіз, Сартай батыр, Байқазақ батыр туралы романдарын жазып бітірді. Мұндай ауқымды шығармалар ерен еңбекті, қажыр-қайратты қажет ететіні сөзсіз. Алдымен, тарихи деректер жинап, оны көркем әдебиеттің нысанасына айналдыру, жарыққа шыққан соң тарихшылар тап бермейтіндей, әдебиетшілер шап бермейтіндей етіп жазу айтуға ғана оңай. Осы талапты өнегелі өлшем ретінде ұстанған Бегімбай Ұзақбаев Қаратереңнен шығып, қазақтың сөз өнеріне таласы бар қаламгерлерінің қатарына қосылды.

Енді әңгіме басындағы үлкен үшеуге қайтып оралайық. Солар салған соқпақ кейін даңғыл жолға ұласты. «Болмасаң да, ұқсап бақ» деп, осы үш ағамыздың дәстүрін жалғастырушылар көбейді. Бас-аяғы жиырма-отыз жылдың ішінде қазақ журналистикасына қаратереңдік ұландар көптеп ат қосты. Олар бұқаралық ақпарат құралдарының түр-түрінде қызмет істеді. Бірқатары жылдар бойы шетелдерде тұрып, еңбек етті. Еуропада журналистік білім алып жатқандары да бар. Олар келешекте әлемдік ақпарат жүйесіне мол үлес қосуы мүмкін. Тіпті журналист мамандығын иеленбесе де, жазу өнеріне таласы бар жандардан кем түспей, көркем дүниелерді бірінен соң  бірін туындатып жатқан ауылдастарымыз да жеткілікті. Қаратерең қаламгерлерінің басылып шыққан шығармаларын жинасақ, бір шағын кітапхананың ауқымдырақ мүйісін құрап қалар. Соның бәріне ізашар болған Шәкірат, Шәкізат, Бегімбай ағаларымыздың үштігі емей немене?!

Хош, ұшқыштар мен журналистерді түгелдеп болдық. Қаратереңдегі осы екеуінен кейінгі қадірлі мамандық – суретшілік. Бұл ауылдан алды Мәскеуде, соңы Шымкентте оқыған керемет суретшілер шыққан. Бұлар сурет салғанда, теңіз жағалауындағы ысылдаған құмның суылы естілетіндей, бет қаратпайтын аңызақ аптаптың қызуы сезілетіндей етіп салады. Оны айтып отырғанымыз, біздің кейіпкеріміз де шындап ден қойғанда бейнелеу өнерінің майталманы болып кетуі мүмкін еді. Жасынан қолына қылқалам ұстаған Бегімбайдың суреттері жоғары бағаланып, сырт елдерге оқуға шақырылыпты. Бірақ анасын қиындықтың қыспағында қалдырып, алысқа кеткенді жөн көрмейді. Егер сол жолы Нева жағалауындағы қалаға оқуға аттанғанда бүгінде Бегімбай Ұзақбаев деген белгілі суретшінің майлы бояумен салынған көркем картиналарынан көз алмай қарап отырар ма едік, кім білсін?!

Сөйтсек, ол суретші емес, суреткер болуға ұмтылған екен ғой… Бұдан көп ұтыла қойған жоқ. Есесіне, өмірдің өз бояуын тиімді пайдаланды. Көркем пейзажды ватманнан ақ қағазға ауыстырды. Портрет пен образды кенептен дәптерге көшірді. Сұлулықтың суретін көзбен емес, сөзбен салды. Әсіресе, тарихи тұлғаларды кейіптейтін көркем шығармаларын жазу үшін суретшінің таным-түйсігі қажет-ақ. Ол әуелі кейіпкердің бет-бейнесін көз алдына елестетіп, ойша тұлғалап алып, содан соң ғана қағазға түсіреді. Бұл ұстанымы жеміссіз емес сияқты. Бұған бүгінгі жетістіктері куә. Қалам қарымы, ерен еңбегі оны биіктерге бастап келеді.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР ҰҒА  корреспондент-мүшесі,

филология ғылымдарының

докторы, профессор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<