Аймақта “Тарлан тарих тағылымы” атты жаңа өлкетану жобасы жүзеге аспақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес хабарлады.
Оның айтуынша, жаңа жоба ұлттық тарихымызды көпшілікке таныта отырып, құндылықтарымыздың ұрпақтан ұрпаққа жетуіне ықпал ететін болады. Оған өлкетанушылар, тарихшылар, көнекөз қариялар мен этнографтар қатыстырылады. Жоба бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншіден, өлке тарихын қалыптастырған шежірені зерделеу мақсатында дәрістер ұйымдастыру. Бұл бағытта тарихи құндылықтарды насихаттауға, ұмытыла бастаған салт-дәстүрлерімізді дәріптеуге бағытталған ғалымдардың бірыңғай тақырыптық дәрістері өтеді. Екіншіден, тарихи ескерткіштер мен жәдігерлерді, қасиетті орындарды дәріптеу. Облыс шеңберінде қаншама мәдени ескерткіштер мен қасиетті орындардың бар екенін ескерсек, осы тұрғыда жоба үлкен маңыздылыққа ие болмақ. Үшіншіден, жоба аясында ішкі туризмді дамыту қолға алынады. Бұл – өңір экономикасының әлеуетін арттыруға өзіндік ықпалын тигізетін болады. Бағыт бойынша еліміздің әрбір өңірінде жергілікті тұрғындар үшін Қожа Ахмет Яссауи, Арыстанбаб, Бекет ата, Қорқыт ата, Қобыланды батыр кесенесі секілді киелі орындарға саяхат сапарлары ұйымдастырылады.
– Тарихи құнды дүниелерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз. Сондықтан жобаның өңір үшін маңызы зор. Нақты жұмыстар жаз айында басталады. “Рухани жаңғыру” бағдарламасына үлес қосуға бағытталған партиялық жоба болғандықтан, аймақтағы “Рухани жаңғыру” орталығымен бірлесе қолға алынды, – дейді Е.Байтілес.
Ал, “Рухани жаңғыру” орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас аталған жобаны қолдауға дайын екендігін жеткізді.
– Өлке тарихын жазуға, зерделеуге біздің орталықтың мүмкіншілігі жеткілікті. “Рухани жаңғыру” бағдарламасына негізделген бұл бастаманың кейінгіге берері мол. Сол себепті партия қолға алған жобаны қолдаймыз, – деді Н.Кәрібозұлы.
Айта кетсек, партия жұмысын сараптаудың және халық тарапынан келіп түскен ұсыныстардың нәтижесінде 20-дан астам партиялық жоба дайындалған. Оның қатарында жұмысы жаңа сипат алған “Ардагерлерді ардақтайық”, “Кедергісіз келешек” атты бұрынғы жобалар бар. Мұнан бөлек, “Балаларға арналған ІТ-сыныптар”, “ІТ-мамандарды даярлау”, “Геоақпараттандырылған онлайн сервис”, “Тілдердің үштұғырлығына өту”, “Қазақстанның кітапханалары” жобалары да ұйымдастырылады. Бұл бастамалар негізінде ІТ-технологияларды қолдану мен білім алудың қолжетімділігі, азаматтардың цифрлық сауаттылығы артады, бизнестің мемлекеттік қызметтерін электронды форматқа ауыстыра отырып, дамыған елдердің үздік стандарттары мен тәжірибесі енгізіледі. Сондай-ақ, ағылшын тілінде ауызша сөйлеу дағдыларын үйрету үшін ауыл балалары мен мұғалімдеріне тіл ортасын ашу және кітапханаларды қазіргі заманғы білім орталықтарына қайта ұйымдастыру іске асырылады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<