Тұңғыш кәсіпқой қазақ театрын ұйымдастыру мәселесі 1925 жылы каңтарда Орынбор қаласында өткен І Жалпықазақтық съезінде көтерілді. Сол жылдың сәуір айында Қазақстан Кеңестерінің V съезінде Қазақстанда тұңғыш кәсіпқой театр ашу туралы шешім шықты.
Тарихшы Б.Қойшыбаевтың Қазақ ұлттық театрының алғашқы ұйымдастырушысы және директоры Дінше Әділов туралы «Алғашқы директор» мақаласында тарихи деректер молынан қамтылған. Ақмешітте өткен құрылтайда «Қазақтың ұлттық театрын құру жеделдетілсін» деген шешім жеке тармақ ретінде жазылыпты. Бірақ шешім күзге дейін орындалмаған. Автор Мемлекеттік Ұлт театрын құрудың бірнеше кезеңнен өткенін баяндайды.
«Өнерпаздар әуелі Қазақстанның бес жылдығын тойлау күндерінде – 1925 жылдың күзінде астанада бас қосқан және Қызылорданың мерекелі орындарында ән шырқаған. Әйгілі палуан Қажымұқанның көшпелі цирк аренасында өнер көрсетуі ең атышулы, атақты оқиға болған екен. Мерекелік іс-шаралар аяқталған соң, 22 қазанда республиканың Ағарту халкоматында жазушылар мен мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен қазақ театры жайында кеңейтілген арнайы мәжіліс өткен. Сонда халком Смағұл Садуақасұлы ұлт театрын ашу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндама жасады» делінген мақалада.
Қазақ би өнерінің негізін салушы Шара Жиенқұлова «Өмірім менің – өнерім» атты өмірбаяндық кітабының Қ.Жандарбеков туралы тарауында: «Күндердің күнінде Құрманбек Қызылордадан шығатын «Еңбекші қазақ» газетін оқып отырып құлап қалатындай және бір жағдайға кезігеді. Газетте мынадай хабарландыру басылыпты: «Қызылорда қаласында тұңғыш ұлт театры ашылады. Соған мүше болуға жер-жерден өнерпаздарды шақырады…» дей келіп, Семей жағынан Әміре Қашаубаевты және төкпе ақын Иса Байзақовты, Қарқаралыдан күлдіргіш Қалибек Қуанышбаевты, Қостанайдан сауыққой Елубай Өмірзақовты әмбе Серке Қожамқұловты, Алматы қаласынан Құрманбек Жандарбековты тағы басқаларын шақыратынын жариялаған» деп жазады.
Кейіннен қазақ театр өнерінің негізін салушыларына айналған майталмандар осылайша Қазақ театрының алғашқы труппасына біріккен еді. Алғашқы қойылымдарда ойнаған артистердің есімі ұлттық мәдениет тарихына алтын әріппен таңбаланды.
Ресми деректерде театрдың ашылған күні 1926 жылғы 13 қаңтар, алғашқы қойылымы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» деп жазылғанмен, 13 қаңтар күні Қошке Кемеңгеровтің «Алтын сақина» атты пьесасы қойылған деген дерек бар. Сол кездегі «Еңбекші қазақтың» 1926 жылдың басындағы бірнеше нөмірінде «Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да Мемлекеттік Ұлт театрының ашылу мерекесі болады. Театр артистері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды. Оның соңынан концерт. Демалыс уақыттарында оркестр ойнап тұрады. Театр директоры Дінше.» деген хабарландыру басылыпты.
Б.Қойшыбаев алғашқы қойылымға қатысты деректің бұрмалануын Діншенің де, Қошкенің де саяси репрессияға ұшырауымен байланыстырады. «Бірақ «Еңлік-Кебек» – Әуезов театрының алғашқы қойылымы» деген дерек ойдан шығарылмаған, ол шынында да құрылу үстіндегі жас театр артистерінің сахнаға шығарған алғашқы спектаклі болды. Тек ол кеңестік мәдениет тарихы айтатын 1926 жылғы 13 қаңтардағы қазақтың ұлттық театрының салтанатты түрде ашылуында емес, саяси тұтқын, саяси репрессиялардың алғашқы толқынында 1930 жылы атылып кеткен Дінше Әділұлы атап айтқан оқиғаға орай – Қазақ өлкелік партия ұйымының Бесінші конференциясы құрметіне ойналған» дейді.
Автордың жазуынша, «Еңбекші қазақтың» кейінгі нөмірлерінде де Ұлт театрының қызметі, арнайы ұйымдастырылған бәйге, жекелеген спектакльдерді қоюшы режиссерлер, ойнайтын артистер, бәйгеге түскен туындыларды сараптайтын комиссия құрамы жайында деректер үзбей жарияланып отырған. Сондай жарнамалардың бірінде бәйгеге түскен пьесаны талқылауға көрермендердің де қатысуына мүмкіндік берілгені жазылған. «Жеті кісіден сыншы комиссия ойында болып, пьесаның артық, кем жерлерін бақылап отырады», деген хабардан комиссия құрамында ағарту халкомы Смағұл Садуақасов, өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Ораз Жандосов, орыс театрының режиссері Михаил Насонов, ақын-жазушылар Бейімбет Майлин, Молдағали Жолдыбаев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытовтың болғанын байқаймыз.
Ш.Жиенқұлованың кітабында «Құрылғанына екі жыл болған Қазақ драма театры Қызылордадан Алматыға гастрольге келді. Атақ-даңқына сырттай қанық ұлттық драма өнерінің тұңғыш қарлығаштары – Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серәлі Қожамқұлов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков, Жұмат Шанин, тағы басқалары спектакльдер қойып, озық өнерлеріне жұртшылықты тәнті етті» деп жазылған. Бұл Қазақ ұлттық театры құрылғаннан бастап репертуар мәселесіне, ол үшін драматургтерді ынталандыруға жете мән бергенін, режиссерлердің де, артистердің де екі жыл ішінде кәсіби жағынан толысқанын аңғартады. Ешқандай кәсіби білімі болмаса да, халық арасынан шыққан таланттар сахнаның сәнін келтіріп, түрлі образдарды сомдады. Қадамын енді тіктеген қазақ театрының өркендеуіне ұлттық театр өнерінің бастауында тұрған артистер де, театрдың қанатын кең жаюына жанашырлық танытқан басшылар да барын салды. Осылайша Қызылордада іргетасы қаланып, керегесін тіктеген қазақ театры бүгінгі биік белесіне көтерілген.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<