ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУДЫҢ ҰЛАҒАТТЫ ЖОЛЫ

408

0

ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУДЫҢ ҰЛАҒАТТЫ ЖОЛЫ Бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауап­кершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы-2018» ұлттық байқауының облыстық кезеңі мәресіне жетіп, үздіктер анықталды. Салтанатты  шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып,  жеңімпаз отбасыларды құттықтады.
– Әрбір отбасы босағасының бе­ріктігі – мемлекет іргетасының мы­ғым, әрі кемелділігінің кепілі. Отбасы құндылығы қай ел үшін де мемлекеттік саясаттың ең маңызды бөлігі саналған. Сондықтан Мемлекет басшысының тікелей қол­дауымен елімізде отбасы инс­титутына деген қамқорлық үз­діксіз көрсетіліп келеді.  Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі  жыл сайын көбейіп отыр. Бала туу көрсеткіші бойынша Сыр өңірі республикада алдыңғы қатарда. Аймағымызда 44 мыңнан астам көпбалалы ана болса, оның 27 мыңы – батыр ана. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» алтын құрсақты аналарымыздың 14 мыңға жуығы – «Алтын алқа», 13 мыңнан астамы – «Күміс алқа» иегері. Отбасы – ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда, адам бойындағы асыл қасиеттерді қалыптастыруда рухани-адамгершіліктің бастауы. Сіз­дер әрқайсыларыңыз өз отба­сыларыңызды берік сақтау, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу арқылы өз еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер, –деді аймақ басшысы.  
Елбасының бастамасымен 2014 жылы алғаш рет өткізілген сайыс дәстүрге айналды.     Ұлттық байқауға қатысуға ниет білдірушілер саны жылдан-жылға артып отыр. Биыл облыста  361 отбасы бақ сынады.
Байқауға   қатысқан   отба­сы­лар­дың барлығы да жеңіске лайықты. Бас жүлдені Сырдария ауданынан қатысқан Бәйменовтер отбасы жеңіп алды. Отағасы Рақымжан Бәйменов КСРО кезінде білім саласы мен партия органдарында басшылық қызметтер атқарған. Жары – Сапура Бәйменова «Батыр Ана», «Алтын алқа» иегері. Бүгінде 9 бала, 22 немере, 3 шөбере  сүйіп отыр. Ал, бірінші орынды Шиелі ауданынан қатысқан Ишанқұловтар отбасы иемденсе, екінші орын жалағаштық Тоқсановтар әулетіне бұйырды. Үшінші орынды қызылордалық Досмахановтар  еншіледі.
Байқауға қатысқан өзге де отба­сылар «Өнегелі отбасы», «Жара­сымды жанұя», «Ұлағатты отбасы», «Мәуелі бәйтерек», «Өнерлі отбасы», «Ізгілікті шаңырақ», «Тату отбасы», «Үлгілі отбасы» номинациясымен марапатталды. Жеңімпаздарға баға­лы сыйлықтар мен арнайы диплом табыс етілді.
Бас жүлдені иемденген Бәй­ме­нов­тер отбасы  қыркүйек айын­­да Астана қаласында өтетін рес­публикалық кезеңде бақ сынайтын болады.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<