ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАН ЖОБА

433

0

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАН ЖОБА Еліміздің түкпір-түкпіріндегі дәстүрлі әнші-термеші, күйшілердің басын бір арнаға тоғыстырып, әр аймақта қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеуді мақсат ететін «MEN – QAZAQPYN» телевизиялық жобасы биылғы маусымын бастады. Біздің облыста да іріктеу кезеңі өткізілуде, үздік шыққан өнерпаздар республикалық сында бақ сынайтын болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «QYZYLORDA» телеарнасының директоры Жағыппар Қарабала хабарлады.
– «MEN – QAZAQPYN» телевизиялық жобасы үздік күйшілер мен термешілерді іріктеп, халқымыздың төл өнерін заман талабына сай жаңғыртуды көздейді. Байқау екінші рет өткізілгелі отыр. Қатысушылардың жас ерекшелігі – 18 бен 40 жас аралығы. Саxнаға шығатын өнерпаздардың киімі ұлттық үлгіде, әрі бүгінгі заман талабына сай болуы тиіс. Қазір облыста жобаға іріктеудің аудандық кезеңі басталды. Іріктеу 27 мамырға дейін жалғасады. Аудандық, қалалық кезеңнен өткен қатысушылар облыстық турда өнерін паш етеді. Оған білікті мамандардан құралған қазылар алқасы бағалау жасайды. Дәстүрлі ән, күй, терме жанры бойынша үш жеңімпаз республикалық халықаралық кезеңде облыс намысын қорғайды. Ол тамыз-қараша айы аралығында Астана қаласында өткізіледі, – деді Ж.Қарабала.
Айта кету керек, байқау барысында жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталып, жүлде иеленгендерге «Жылдың ең үздік дәстүрлі әншісі», «Жылдың ең үздік термешісі», «Жылдың ең үздік күйшісі» атағы беріледі. Қазақ өнерінің өрісін кеңейтетін додада SМS дауыс беру арқылы «Көрермен көзайымы – 2018» аталымының да иегері анықталмақ.
М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<