ҰЛТТЫҚ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБА

669

0

ҰЛТТЫҚ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБАҚазір Қазақстан жаһандық сауда-экономикалық кеңістіктегі өркениетті елдер санасатын қуатты елге айналып отыр. Мемлекет басшысының ұстанған байыпты саясатының нәтижесінде Қазақстан ұлтаралық татулық пен бірліктің мекеніне айналды. Еліміздің экономикалық әл-ауқаты артып келеді. Әлемде дағдарыс салқыны әлі басыла қоймаған бүгінгі күрделі кезеңнің өзінде Қазақстанның экономикасы өсу сипатымен ерекшеленеді.
Yстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша еліміздегі ішкі жалпы өнімінің өсім деңгейі 5 пайызды құрады. Жан басына шаққандағы өнім 12 мың доллардан асты.
Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасын әлемдік деңгейге көтеру мақсатында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында өткізілетін шараларға айрықша мән беріп отыр. Президенттің болашақтың үлкен проблемасы – энергияны үнемді пайдалануға қатысты тұжырымдары осы халықаралық көрме аясында өткізілетін шараларда кеңінен қамтылатын болады. Елбасы жуырда Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші шақырылған үшінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде отандық кәсіпорындардың энергия тиімділігін арттыру шараларына қатысты мәселелерді айрықша атап өтті. Н.Назарбаев осы орайда аталған мәселелерге қатысты Заң жобаларын Yкіметте қарап, Парламентке тезірек ұсыну қажеттігін айрықша атап өтті. Сонымен бірге, Елбасы бұл заңдардың «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің Астанада өтуіне байланысты ерекше мәнге ие болатынын атап көрсетті.
ЭКСПO-2017 халықаралық көрмесін Астанада өткізу – Қазақстанның негізгі жобаларының бірі. Мұндай ауқымды шараны еліміздің астанасында ұйымдастыру туралы Мемлекет басшысы бастама көтергені мәлім.  
2011 жылғы 10 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Винсенте Гонсалес Лоссерталеске Қазақстан Республикасының ресми өтінімі тапсырылды. Сол сәттен бастап біздің республикамыз Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу жөніндегі сайлау науқанына ресми тұрғыда кірісті.
2012 жылғы 14 наурызда Мемлекет басшысы Қазақстанның елордасында ХКБ-ның сарапшылар комиссиясымен кездесу өткізіп, оның аясында ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу біздің еліміз үшін ұлттық жоба болып табылатынын ерекше атап өтті. 2012 жылғы 12 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының Бас ассамблеясының 151-ші отырысында Астананың ресми таныстырылымы болды. Жиынның басында делегаттарға Қазақстан Президентінің арнайы бейнеүндеуі жолданды. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Астана жеңіп шыққан жағдайда, жобаның табысты жүзеге асырылуы үшін барынша күш-жігерін жұмсайтынына жеке кепілдік берді. Астана ұсынған көрменің тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталады, ол баламалы энергия көздеріне және «жасыл» технологияға арналған.  
2012 жылғы 22 қарашада ХКБ-ге мүше 161 елдің өкілдерінің жасырын дауыс беру барысында Астана ЭКСПO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін орын болып таңдалды. Астананың өтінімін 103 ел қолдады. ЭКСПО-2017 ТМД елдерінде өтетін алғашқы көрме болмақ. Астанадағы бүкіләлемдік көрме 3 айға дейін жалғасатын болады. Оған әлемнің 100-ге жуық елі және 10 халықаралық ұйым қатыса алады. Көрмеге 5 миллионнан астам адам қатысады деп күтіліп отыр.
ЭКСПО-2017 көрмесінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбы ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын, күн, жел, теңіз, мұхит және термалды су тәрізді бүгінде бар баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелер мен технологияны пайдалануға мүмкіндік береді. Астана осы саладағы ең үздік әлемдік әзірлемелер мен трендтер көрсету үшін тиімді алаңға айналуы мүмкін. Көрме сондай-ақ елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғырту және экономиканы жүйелі әртараптандыру үшін қуатты серпін береді. Мұндай ауқымды іс-шараны өткізу шағын және орта бизнестің дамуына елеулі серпін береді. Көрме елорданың көрмелер объектілері құрылысы мен инфрақұрылымына едәуір жеке меншік инвестицияны тартуға мүмкіндік туғызады.
ЭКСПО көрмесін өткізу кезінде Қазақстанның астанасы әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі мәдениеттер үніне толады. Көрменің аумағында күн сайын концерттер, шоу, ұлттық күндер және өзге де ойын-сауық іс-шаралары өтетін болады. ЭКСПО бүкіләлемдік бірегей көрмесі – маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы бойынша ең танымал әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстармен салыстыруға тұрарлық жаhандық ауқымдағы оқиға.
1851 жылы Лондонда өткен бірінші Бүкіләлемдік өнеркәсіп көрмесінен бастау алған ЭКСПO халықаралық көрмесі әр жыл сайын зор танымалдыққа ие болып, барлық қатысушыларға әлемнің экономикалық, технологиялық және мәдени жетістіктерімен танысуға тамаша мүмкіндіктер беріп келеді. Көрме сондай-ақ инновациялық идеялар алмасу және болашаққа қатысты ұжымдық көзқарас мүмкіндіктерін сенімді көрсету үшін ерекше алаң болып табылады.  
ЭКСПО көрмесін миллиондаған туристер тамашалайды, сондықтан әрбір ел өз мәдениетіндегі ұлттық өзіндік ерекшеліктерін танытатын және өздерінің экономикалық және технологиялық дамуының деңгейін бүкіл әлемге көрсететін бірегей павильон құруға ұмтылады. Қазақстан 1997 жылдан бастап Халықаралық көрмелер бюросына мүше ел болып табылады және ЭКСПО көрмелеріне 2005 жылдан бастап қатысып келеді. Испанияның Сарагоса ЕХРО-2008 көрмесінің қорытындысы бойынша «C» категориялы 104 қатысушы ел ішінде, біздің еліміздің павильоны сыртқы және ішкі рәсімдеу өлшемдері бойынша қола медальмен марапатталды.
2012 жылғы 26 қарашада Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындау мен оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлыққа қол қойды.
Санаулы күндер бұрын Германияның Бундестагы және Германиядағы Қазақстан Республикасының елшілігі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің аясында елімізді экономикалық және туристік орталық ретінде таныстыруға арналған форум өткізді.
Қазақстанның осы форумға қатысқан өкілдері неміс аудиториясын еліміздің халықаралық бастамаларымен таныстырды. Сонымен бірге, форумда республиканың экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері сарапқа салынды. Германия мен Қазақстанның арасындағы сауда экономикалық қатынастардың өзекті аспектілері талдау өзегіне айналды.
Германия өкілдері екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап көрсетті. Соңғы жылдары екі елдің көшбасшылары жиі кездесуде. Осы кездесулерде маңызды мәселелер талқылануда. Осының негізінде Қазақстан мен Германияның арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа көкжиегіне жол ашылды. Германия Федеративтік Республикасы Қазақстанды Орталық Азиядағы өзінің маңызды әріптесі ретінде санайды. Неміс мамандарының атап көрсеткеніндей, Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштері жақсы, сонымен бірге елімізде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Бұл экономика саласында екі елдің жаңа бағытта өрісті дамуына негіз қалайды деп санайды мамандар.
Бундестагта бірінші рет өткізіліп отырған мұндай ауқымды шаралардың маңызы айрықша. Германияның біздің елмен қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екені айқындалды. Біздің еліміз Германияның осы аймақтағы елдермен қарым-қатынаста басты әріптесі саналады. Германияның Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерімен сауда-саттықтағы Қазақстанның үлесі 65 пайызды құрайды. Сондай-ақ, Германияға мұнай жеткізетін елдердің қатарында Қазақстанның үлесі алтыншы орынды алады. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 1200 экономикалық және қаржылық құрылымдар тіркелген.
Берлинде Қазақстан делегациясы немістің жетекші компанияларымен келіссөздер жүргізді. Олардың негізгі бағыты энергияны үнемдеу және оның балама көздеріне қатысты технологияларды игерумен байланысты болып отыр. Елбасының көздеген мақсаты да осы. «Болашақтың энергиясы» атты Астанада өткізілетін халықаралық көрмеге неміс өкілдері де айрықша мән беріп отыр. Келіссөздер негізінде бірқатар келісімдерге қол жеткізілді.
Сонымен, Қазақстанда халықаралық көрмеге байланысты дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл еліміздің өркениет үлгісімен даму бағытындағы іс-қимылының жаңа қадамдары болып табылады.
Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<