Ұлан-ғайыр даланы көзінің қарашығындай сақтау міндеті жүктелген жастарды патриотизмге тәрбиелеу – аса жауапты міндет. Қызылорда облыс әкімдігі мен «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысы арасында меморандумға сәйкес өңірде осы бағытта жұмыстар жалғаса түсетін болады. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және ҚР Қарулы Күштері бас штабы бастығының орынбасары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысының төрағасы, генерал-майор Мұхамеджан Таласов қатысты.
– Қай кезде де халқымыз жастар тәрбиесіне баса көңіл бөлген. Ұлт аманатын арқалаған жас өскіндерді тәрбиелеудегі жұмыстар сан тарау. Солардың ішінде жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу – өте маңызды іс. Елдік мақсатта бірігіп, бір жеңнен қол шығара білген, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Сыр бойынан шыққан Жалаңтөс баһадүр, Жанқожа, Есет сынды батырлардың көзсіз ерліктері тәуелсіз елдің ұрпақтарына үлгі болып қала береді. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті» деп, олардың ұрпақ алдындағы еңбегіне өзінің лайықты бағасын берді. Біз бабалар аманаты, Елбасының парасатымен тәуелсіздікке қол жеткіздік. Жастарымызға патриоттық тәрбие беру, оларды Отан қорғауға дайындау – бәріміздің ортақ міндетіміз, − деді облыс әкімі.
Әскери қызметшілерді, әскерге дейінгі жастарды әскери патриоттық тәрбиелеуді жетілдіру мақсатында 2015 жылы Қарулы Күштердің әскери-патриоттық орталығы ашылды. Жастардың ұлттық рухын көтеріп, патриотизмге тәрбиелейтін орталықта «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысы құрылды. Қозғалыс жұмысының арқасында еліміздің әскери-патриоттық клубтар саны 2828-ге артқан. Оның ішінде біздің облыста 214 әскери-патриоттық клуб ашылып, 4617 адамды қамтыған. Олардың қатарында республикалық жиындардың жеңімпаздары, қаладағы №23 мектеп-лицейінің «Айбын» әскери-патриоттық клубы, Арал қаласындағы №13 мектеп-лицейінің «Барыс» әскери-патриоттық клубы бар. «Жас сарбаз» қозғалысының аясында елімізде кадет сыныптары ашылды. Бүгінде олардың саны 101-ге жетті.
Меморандум аясында облыс әкімі сала басшыларына аймақта әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіру мақсатында әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесін құру, облыстағы жалпы білім беретін мектептер арасынан кадет сыныптарын ашуға нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, жиын барысында аймақ басшысы оңтүстік өңірлердің бірінен болашақ офицерлерді дайындайтын Кадет корпусын ашу бастамасын көтерді.
Былтырғы жылы Елбасының жарлығымен еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде белсенділік танытқан азаматтарды наградтау үшін «Ел қорғаны» медалі бекітілген болатын. Жиын барысында ҚР Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор М.Таласов өңірдегі әскери бөлімдер мен мекемелерге қамқорлық көрсетіп, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудегі жүйелі жұмыстары үшін облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа алғысын білдіріп, «Ел қорғаны» медалін табыс етті.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<