Мереке қарсаңында облыстық әкімдіктің мәжіліс залында Астананың 20 жылдығына арналған салтанатты жиын болып өтті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтады.
– Тәуелсіздіктің туы желбіреген 27 жылда үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Әрине, оның қатарында Тәуелсіздігіміздің тірегі, Отанымыздың жүрегі Астананың орны ерекше. Тәуелсіз ел болып, кеше ғана Еділден айырылған қазақ Есілден де айырылайын деп тұрғанда Еуразия төрінде, Сарыарқаның төсінде Елбасының бастамасымен заманауи астана бой көтерді, – деп құттықтау лебізін бастаған аймақ басшысы елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру бұл қазақтың өз билігі өз қолына тигеннен кейін болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін кемелдендіру мақсатында он ойланып, тоғыз толғанып барып қабылданған тарихи шешім болғанын атап өтті. Мың жылдықтар тоғысындағы мұндай батыл шешім қазір қай жағынан алып қарасаң да дұрыс болғанын уақыт дәлелдеді. Құба даладан құбылаға бет түзеп, сәні мен салтанаты жарасқан, сәулетімен талайларды тамсандыратын елордамыз Тәуелсіздігіміздің тірегіне, экономикамыздың жүрегіне айналды. Сондықтан Астананың мерейтойы – мемлекетіміздің мерейтойы, жалпы халықтық мереке.
– Абылайхан дүниеден өтер сәтінде халқымды бейбіт өмірге жеткізе алмадым, халқым жер игілігін көре алмады, қала, кент сала алмады, елдің басын біріктіре алмадым деп үш арманын айтып кеткен екен. Абылай ханның осы армандарын Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың толығымен жүзеге асырғанын көзіміз көріп, куәсі болып отырмыз. Жоғары Кеңесте Президент «Бұл мен үшін емес, ел үшін, елдің ертеңі үшін керек, мұның бәрін қазіргі адамдар толық ұғар-ұқпас, бірақ болашақ ұрпақтар ұғатын болады» деп өзінің көрегендік ойын жария еткен болатын. Енді, міне, Астана ең қысқа мерзімде салынып, әлемді сүйсінткен, жаһандық сәулет өнеріндегі қайталанбас ғасыр жобасына айналды. 20 ғасырда әлемдегі мемлекеттер арасында Германия мен Бразилия өз астаналарын ауыстыру туралы шешім қабылдаса, жаңа 21 ғасырда тек Тәуелсіз Қазақстан ғана осындай батыл қадамға бел буды. Сондықтан елорда Елбасының ерен ерлігі деп айтамыз, – деген Қырымбек Елеуұлы биылғы жыл сонымен қатар Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы екеніне тоқталып өтті. Қазақстанның алғашқы астанасы мен бүгінгі астанасы арасындағы осы бір байланыс көп нәрсені аңғартса керек. Алашқа – Ана, талайға пана болған қасиетті Сыр елі де Астанаға қарап бой түзеп, сол жағалауда жаңа қаланың құрылысын бастап кетті. Алдағы уақытта Қызылорда да Қазақстандағы сәулеті мен дәулеті астасқан көрікті қалалардың бірі болатынына сенім мол.
– 20 жылдық мерейтойына облыстан сый ретінде зымыран-ғарыштық техникасы музейінің ашық экспозициясы Елбасының қатысуымен салтанатты түрде пайдалануға берілді. Ғарыш айлағы тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың мақтанышына айналған тарихи кешен. Сондықтан біз Тәуелсіз еліміздің тірегі Астанаға ізгі ниетіміз, Тұңғыш Президентімізге деген алғаусыз алғысымыздың белгісі ретінде осындай шешім қабылдадық. Қазақстанның жас елордасы бүгінгі Астана Ұлы Дала төріндегі қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік елдің символы. Ару Астананың болашағы бұдан да жарқын. Біз оған кәміл сенеміз! Еліміз еңселі, Елбасымыз аман, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! – деді аймақ басшысы сөзінің соңында.
Жиында Қазақстан Республикасы мен Астана қаласының қалыптасуына және Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері «Астана – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Мерекелік медальдің алғашқы иегерлері қатарында соғыс және еңбек ардагері Тәнеш Оразов, Социалистік Еңбек ері Сәлима Жұмабекова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, еңбек ардагерлері Алма Ақдәулетова, Ернияз Омаров, Өтеген Жаппарханов және басқалар болды.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<