Қызылордадағы ғимараттар мен үй-жайлар қоларбаға таңылғандар үшін қолайсыз болып тұр. Есту қабілетінен айырылғандардың бас қосатын орны ескірген. Өзекті мәселелерді мүмкіндігі шектеулі жандар облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен кездесуде көтерді.
Аталған санаттағы адамдарға ерекше назар аударып, барлық мүмкіндікті жасау керектігі Президент Жолдауында айтылған болатын. Олардың өмір сүру сапасын арттыру және құқықтарын қамтамасыз ету бағытында 2025 жылға дейінгі аралықты қамтитын ұлттық жоспар бекітілді.
– Жоспар аясында өңірде мүгедектікпен есепке алынған жандарға көрсетілетін қамқорлық аясы кеңейіп, ауқымды шаралар атқарылып келеді. Бүгінде осы санатта 30 мыңнан астам адам бар. Оларды қолдау мақсатында биыл былтырғыдан 1,5 есе көп қаржы бөлінді, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы қордаланған мәселелерге жеке-жеке тоқталды. Біріншіден, жүріп-тұруы қиын адамдар үшін әлеуметтік нысандардың қолжетімді болуы маңызды. Жергілікті инфрақұрылым бұған әлі толық бейімделмеген. «Nur Otan» партиясы қабылдаған «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында жұмысшы топ тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Бірақ кемшілік әлі бар.
– Мүгедектерді әлеуметтік-техникалық оңалту құралдарымен, қызмет түрлерімен қамтамасыз ету мемлекеттік сатып алу жолымен шешіледі. Заң талабына сәйкес өнім берушіні таңдау кезінде ең төмен баға ұсынысы ескеріледі. Бұл кейде сапаның әлсіздігіне әкеп тірейді, – деді аймақ басшысы.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға керек тауар және қызмет түрлерінің тендерге түсуі 2025 жылдан бастап тоқтамақ. Оның орнына бұлар портал арқылы қолжетімді болады. Үшіншісі – жұмыс берушілердің арнайы квота бөлуі. Заңда тайға таңба басқандай көрсетілгенмен, талаптың орындалуы тасада қалуда.
Жиында ерекше санаттағы жандардың басын біріктіретін қоғамдық ұйымдардың жетекшілері көптеген мәселені ортаға салды.
«Облыстық мүгедектер қоғамы» ҚБ төрағасы Мұрат Жұмаділаев алдымен атқарылған жұмыс туралы айтты. Өткен жылы қоларба сыятын автобустар мен вагондар сатып алынды. Барлық ауданда инватакси бар. Қызылорда қаласы бойынша тағы 4-ін алу жоспарланып отыр. Әлеуметтік пәтерлер құрылысы жалғасын табуда. 1 тамыз күнгі мәліметке сүйенсек, 528 қызылордалық еңбекпен қамтылды. Соның тек шамамен 10 проценті тұрақты жұмыста. Кәсіпке ден қойғандар үшін мемлекеттік грант, несие беру жолға қойылған.
– Шешімін таппаған жайттар аз емес. Олар – әлеуметтік нысандар мен жолдардың арбадағы адамдар мен зағип жандар үшін кедергі келтіруі, мүгедектерді тұрақты жұмыспен қамту, жергілікті мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерде біздің сөзімізді сөйлейтін тағдырлас жандардың болмауы сияқты мәселелер, – деді М.Жұмаділаев.
«Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Асқар Қолдабеков 80 жылдан астам тарихы бар ұйым ғимаратының сапасы сын көтермейтінін жеткізді. Ұйым мүшелерінің қолынан шыққан төсек-жабдық пен киім-кешекті өткізудің қиындығы өз алдына.
– Өңірде 1200 көз мүгедегі бар. Соның ішінде ІІ топтағылардың жағдайы мәз емес. Жұмысқа ала қоймайды. Жәрдемақылары да мардымсыз. Олар қоғамдық көлікте біз сияқты жеңілдікпен жүрмейді. Осындай мәселелердің шешілуіне ықпал жасалса, – деді филиал басшысы.
Сондай-ақ, ол ғимарат базасында арнайы компьютерлік курс ашуды ұсынды.
Құлағының мүкісі бар 800-ге тарта қызылордалыққа арналған ғимараттың есік-терезесі әбден ескірген. Бір-бірімен кездесіп, ортақ проблеманы ортаға салатын орын жоқ. Содан кеп көшіп-қонып жүруге мәжбүр. «Облыстық саңыраулар қоғамы» ҚБ төрайымы Алтынгүл Аяпова осы ретте жаңа ғимараттың қажеттілігін алға тартты.
Ал І топ мүгедегі Зәуре Өксімбаева қаржылай қиындыққа тап болған өзі секілді 50 шақты адамның ұсынысын арқалай келіпті. Айтуынша, пәтер кезегі жылжымаған соң ипотекалық үй алған. Алайда, қазір қолға тиетін азғантай жәрдемақысын аузынан жырып, айма-ай соған төлеуге мәжбүр.
– Бізге ипотекалық жүктемені барынша азайтып, қарыз сомасын қайта қаржыландыруға көмектессе, – дейді ол.
Облыс әкімі мәселелерді шешу жолдарын қарастыру туралы орынбасары мен тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<