Мархабайдың нокауты

1788

0

Ақтөбеде әскери қызмет етіп жатқан жиеншарымды үйге алып келіп біраз әңгіме айттық. Кәдімгідей ширап қалыпты. Жас жігіттің жігерін жанимын деп отырып, өзімнің де есіме біраз нәрсе түсті…


… Марқабай дейтін жерлес жігіт болды. Мен алты айлық учебкадан полкке келгенде ол «дед» екен. Яғни, әскер қатарында бір жарым жыл қызмет еткен сарбаз.

Авиация полкінде әр адам бір-бір мамандықтың иесі ғой, ал Марқабай кочегар екен. Учебкадан фотомеханик куәлігін алып келсе де, қазіргі мамандығын өзі таңдапты. «Кочегарлыққа кім барады?» дегенде суырылып шыққан.


Жұмысы да қызық, бір тәулік кезекке барып келеді де, бір тәулік демалады. Онымен ешкімнің жұмысы жоқ. Қалаған кезінде ұйықтайды, қалаған кезінде тұрады. Тіпті тамаққа да бөлек барады. Ешқашан сапқа тұрмайды.

Кезекші болмайды. Әскерде болмайтын еркіндік. Бәрімізді қырып жібере жаздайтын мұртты прапорщик те оны көрсе төменшіктеп, қипақтап қалатын.

«Марха». Бүкіл полк оны солай атайтын. Ең бір атышулы тентектердің өзі бұрылып келіп амандасатын. Аптаритеті сұмдық еді.


Оның атын шығарған жекпе-жек екен. Ұрғанын құлатады дейді. Мәселені бір-ақ соққымен шешеді екен.

Жастайынан қара жұмыс істеп өскен оның қайратты екені көрініп тұратын. Бұлшық еттері шиыршық атып тұр.

Турникке жиырма-отыз рет тартылғанда бір алқынбайды. Отжиманиеңізді жүзден асырады. Бірақ мен оның төбелесетініне сенімсіз едім. Өйткені, ондай әңгімеге тіпті жоламайтын. Тіпті көп сөзге жоқ еді. Көбіне тыңдайды. Әңгімең ұнаса, ақтарыла күледі.


Әдетте, әскердегілер өзінен кішілерді жұмсауға, ұруға, «тәрбиелеуге» әуес келеді ғой. Бұнда ондай да көкірек жоқ. Бәрін өзі істейді. Мені «фазандыққа» өткізгенде де былғары белдігін былай бере салды: «Менің көзімдей көріп жүрерсің». Басқаларды өткізуден бас тартты. Жай белдік тақты. Дембель. Енді азғантай күн шыдауы керек. Сондықтан, мен оның төбелесін көруден үміт үзіп едім. Енді ешкімге тиіспесең, саған ешкім батпаса, қайдан төбелес болуы мүмкін?


Болады екен. Көрші ротаға егіз латыш ауысып келген. Біреуі тым ұрдажық екен. Анаған да тиісіп, мынаған да тиісіп, қырып барады. Бір-екі мықтыны «сындырып» тастады. Әскерде де небір қулар бар ғой, әлгінің желін үрлеп Мархаға қарай бағыттап жіберіпті. Біз екеуміз әңгіме айтып отыр ек, анау келіп жөнсіз тиісті. «Пошел вон» – деді бұл түтігіп. Латыш бұны әрі қарай «посылать» етті. «Один на один. На улице жду»- деді қап-қара болып кеткен Марқабай көзі шатынап. Дауыс көтерген жоқ. Бар айтқаны сол ғана. Сөйтті де, казармадан шығып жүре берді. Мен ілестім.


Казарманың арт жағында үлкен дәретхана бар. Ар жағы ну орман. Орманға кіреберісте шағын алаңқай бар.

Әдетте жекпе-жектер сол жерде өтеді. Күдік тудырмас үшін екі-үштен дәретханаға қарай жылжимыз. Бас-аяғы жарты сағатта мүдделі адамдар жиналып болады. Дәретхананың маңында бірнеше адам қалады. Казарма жақтан погонды біреу көрінсе, белгі беруге тиіс.


Міне, жиналып болдық. Келгендердің қарасы тым қалың. Енді ше, латыштың атағы аспандап тұр. Үміт – Мархада…


Екі батыр белден жоғары шешінді. Біздің жігіттің бойы ананың иегінің астынан келеді екен. Өзім төбелесетіндей қобалжып тұрмын.


Ол кезде жекпе-жектің де өз заңы бар. Құлаған адамды тебуге болмайды. Жабыла кеткен жақ ұятқа қалады. Ұяттың қадірі бар кез.

Басталды. Латыш өкіре ұмтылды. Екі-үш соққыны қатар жұмсады. Жалтарып үлгеріп, оң жаққа қарай бұлтарып шыққан Марқабайдың кенет оң қолы жарқ ете қалды. Тура шықшыттан тиді. Латыш алға қарай құлады. Бокстың тілімен айтқанда, нокаут. Орнынан тұра бере, қайта құлады. Бұл кезде Марқабайың менің қолымдағы кителін алып, киіп жатқан. Бұрылып та қараған жоқ. Ременін тақты да, казармаға қарай беттеді.

– Мен ұйықтаймын. Ертең жұмыс, – деді жуынып жатып. Сабазың төбелес туралы ләм-мим деген жоқ. Біз бір топ «фазан» каптеркада отырып әлгі төбелесті талқыладық. «Соққысы ғаламат, – деді бірнеше жыл бокс қолғабын киген Юра басын шайқап, – кәсіпқой боксшылар секілді ұрады. Қазақ, айтшы, ол шынымен бокспен айналыспаған ба?». «Шынымен…» дедім мен. «Егер, ол жақсы бапкердің қолына түссе, үш-төрт жылда СССР-дың чемпионы болатынына бәс тігер едім. Сен айтсайшы. Көндір…»


Айттым. «Бокс деген төбелес қой. Мен төбелесті жек көремін…» – деді ол, – қолыңнан келсе, ешкімге тиіспегенге не жетсін?» Сосын арманын айтты: «Барғасын үйленемін. Әке-шешемді бағуым керек. Іні-қарындастарымды оқытамын. Әскерге дейін ескі трактор айдадым. Бас инженердің көзқарасы жаман емес. Шіркін, жаңа МТЗ-80 берсе ғой. Шыр айналдырар едім. Тракторшылық – жақсы кәсіп. Біреудің шөбін, біреудің отынын әкеп берсең де, тәп-тәуір табыс табасың».

Шешіліп сөйлегенін бірінші көруім. Тағы біраз әңгіме айтты. «Жүр, – деді сосын, – асханаға барайық. Өзбек достарым картоп қуырып қоямыз деген».


Көп ұзамай Марқабайды шығарып салдық…


…Адамда үлкен арман болуы керек қой, иә? Марқабайда сол болған жоқ. Әлде, соныкі дұрыс болды ма екен…?

Бауыржан Бабажанұлы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<