МӘДЕНИЕТ – ӨМІР АЙНАСЫ

867

0

МӘДЕНИЕТ – ӨМІР АЙНАСЫ Сыр мәдениетіне серпін берген биылғы жыл соны жетістіктермен басталдыКүні кеше Еуропа төрі – Лондонда облыстық филармонияның «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі өнер көрсетіпқазақ өнерінің бәсін тағы бір биіктетті.  Жаңа жыл Тұран топырағында аламан айтыспен басталды. Тұңғыш рет облыс әкімінің кубогы үшін «QYZYLORDA OPEN – 2018» атты халықаралық балдық би турнирі өткізілді. Бұл туралы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанат Құрамысова өңірлік коммуникациялар қызметінде баяндап берді.

Облыста 172 мәдениет үйі мен клуб, 209 кітапхана, 13 музей, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры, облыстық филармония, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме және 1 парк халыққа қызмет көрсетеді. Бұған қоса облыстық мемлекеттік архив ғимараты пайдалануға берілді. Ал Жалағашта – Мәдениет, Шиеліде, Еңбекші, Тартоғай ауылдық клубтарының құрылысы салынуда. 

Жыл басынан бері 1 халықаралық, 2 республикалық, 5 облыстық конкурс-фестиваль ұйымдастырылды. Респу­блика бойынша алғаш рет аймақта «Тарихшылар мен өлкетанушылардың» облыстық форумы өткізіліп, облыстық музейде жас өлкетанушылар бірлестігі құрылды. Бүгінде мұражайда «Қасиетті Қазақстан және Археология» залы бар. Жаңалығы мол музейлерде енді әр айдың үшінші жексенбісінде тұрғындарға және төртінші жексенбісінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Ашық есік» күндері өтеді. Сонымен қатар, Сыр бойы өнері мен мәдениетін алыс-жақын шетелдерге таныстыру, насихаттау бағытында наурыз айында филармония ұжымы Ресейдің Орынбор, Ясный қаласы мен бірнеше аудандарда концерт беруді жоспарлап отыр.

– Сәуір айының 26 жұлдызында композитор К.Дүйсекеев атындағы – «Туған жер», 17 мамырда Б.Шөкенов атындағы – «Отан ана», қарашада КСРО халық артисі, Халық қаһарманы Р.Бағланова атындағы «Ақмаңдайлым» атты республикалық әншілер байқауы өтеді, – деді Жанат Ашанқызы.

Елбасы Жолдауындағы басым бағыттар облыс кітапханалары арқылы оқырмандарға насихатталып, кітап көрмесі мен тақырыптық кештер ұйымдастырылды.

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық филармония Сыр бойының дәулескер күйшілері Әлшекей Бектібайұлының, Құрақтың Досжаны және Шалмырза бабаларымыздың күй өнеріндегі қолтаңбасын ұрпақ санасына сіңіру мақсатында «Бабалар аманаты» атты күйшілер концертін және «Рухани әуен әлемі» атты «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің, «Ұлтымның шайыр дастаны» атты Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрінің концертін  өткізді. Сондай-ақ, «Ұлы дала бояулары» жобасымен республикалық деңгейде көрмелер көрермендер назарына ұсынылды.

Биыл тұңғыш театр суретшісі Ләтифа Қожықованың 125 жылдығына арналған шаралар өтеді. Жыл көлемінде белгілі суретші, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Салихиддин Айтбаевтың  шығармашылығына арналған – «Қылқалам-өмір», Қазақстан суретшілер одағының мүшелері Рақым Шегебаевтың – «Тәуелсіздікке тарту», Амангелді Кененбаевтың «Сурет әлемінің сырын жеткізген»  атты көрмелері ұйымдастырылады.

Н.Бекежанов атындағы облыстық  қазақ музыкалық драма театры Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш Баян сұлу» спектаклімен Эдинбург қаласына (Шотландия) және Әзербайжанның Шеки қаласында өтетін халықаралық театрлар фестиваліне қатысады.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<