Облыстық білім басқармасының хабарлауынша Арал және Жалағаш аудандарындағы бұрын жемқорлыққа қатысы болған мектеп директорлары қызметінен босатылып, олардың тағайындалуына жол берген аудандық білім беру бөлімдерінің басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өткен жылы осы аудандық білім бөлімдерінің бұйрықтарымен конкурстық негізде Арал қаласындағы кешкі мектеп директор болып Т. Сәрсенбаев, Жалағаш ауданындағы № 202 орта мектеп басшылығына Ж. Тұрған тағайындалады.
Конкурсқа құжаттарды қабылдау рәсімі мемлекеттік қызмет болып табылады және құжаттар тізімі ережеге сәйкес талап етіледі.
Ал үміткерлердің құқық бұзушылықтары бойынша ақпарат конкурсқа талап етілетін құжаттар тізбесіне кірмегендіктен оны аудандық білім бөлімдерінің басшылары жұмысқа түсу барысында талап етуі тиіс болған.
Еске сала кетейік, жуырда қалалық, аудандық білім бөлімдері, облыстағы жоғары оқу орындары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, мектептер мен балабақшалар басшыларының қатысуымен «Білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралдар: ұлттық заңнаманы іске асыру мен оның ерекшеліктері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, онда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдері аймақта бұрын жемқорлық қылмыстарға қатысы болған тұлғалардың мектеп директоры болып тағайындалғанын хабарлаған еді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<