Мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіп ашқандар қатары көбеюде

770

0

Бүгінде кәсіптің көзін тауып, өзге азаматтарды жұмыспен қамтып отырған жандардың қатары көп. Солардың бірі – Қызылжарма ауылдық округінің тұрғыны Перизат Алимбаева.

Ол 2021 жылы өз қаражаты есебінен азық-түлік дүкенін ашып, қаражат айналымын толықтыру мақсатында «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 3 млн. теңге көлемінде қаражат алып халыққа қызмет көрсетуде.

Алынған қаражатқа дүкеннің сөрелерін тұтынушыларға қажетті азық-түлік өнімдерімен қатар, күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен толықтырған.

– 15 жыл көлемінде дүкенде сатушы болатынмын. Өзімді және өзгені тұрақты жұмыспен қамту мақсатында жеке кәсіпке ден қойдым. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың арқасында дүкен ашып, 1 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, тұрақты жұмыспен қамтылған адам санын көбейтуді жоспарлаудамын, – деді кәсіпкер.

Келесі, Қызылжарма ауылдық округінің тұрғыны, көпбалалы ана Гүлназ Құдайбергенова 2021 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС арқылы 6%-бен 6 млн. теңге қаржы алған.

Алынған қаражатқа «Өзіне өзі қызмет көрсету автокөлік жуу орталығының» құрылысын жүргізуде.

– Ауылдық округте заманға сай автокөлік жуу орталығын ашу тың идея болды. Себебі, шеткері аумақтар қарапайым автокөлік жуу орталықтарымен де қамтылмаған. Орталық Қызылжармадағы үлкен көше бойында орналасқан. Құрылысын көктем мезгілінде аяқтауды жоспарлаудамыз, – деді кәсіпкер.

2021 жылы Қызылорда қаласында «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 23,4 млрд. теңгені құрайтын 1234 жоба қаржыландырылған. Қалаға қарасты елді-мекендер тарапынан жоба құны 1 млрд. 753 млн. теңгені құрайтын 45 жоба қолдау алса, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бағыты бойынша жалпы құны 144,3 млн. теңгені құрайтын 36 жоба грантқа ие болған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<